Аймақтар • 13 Маусым, 2022

«Атырау - Астрахань» тасжолының кейбір бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

1346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Атырау - Астрахань» тасжолы қайта жөндеуден өтіп жатыр. Бүгінде жолдың 60 шақырымына асфальт төселген. Көрші Ресеймен арамызды жалғайтын тасжол құрылысы туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Болатбек Айтбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Атырау - Астрахань» тасжолының кейбір бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

«Біз қазір «Атырау - Астрахань» тасжолында тұрмыз. Жолдың жалпы ұзындығы - 277 шақырым. Оның ішінде 60 шақырымына бүгінде асфальт төселді. Қазір қалған 217 шақырым жолды қайта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары 4 учаскеге бөлінген. 500-ден астам жұмысшы 400 шақты техниканың көмегімен еңбектеніп жатыр. Құрылыс материалдары көрші Маңғыстау және Ақтөбе облысынан жеткізіледі. Материал жеткізуде вагон санының аздығы байқалады. Жол ұзақ, кейбір аймақтарға теміржол қатынасы бармайды. Бұған дейін «Атырау - Астрахань» үшінші санатты болса, енді екінші санаттағы тасжол салынып жатыр. Жолдың ені бұрын 7 метр болса, енді 9 метрге жетеді», деді Болатбек Айтбеков БАҚ өкілдеріне арналған тур барысында.

Филиал басшысының дерегінше, биыл Атырау облысында жол салу және жөндеу жұмыстарына 30 млрд теңге қаржы бөлінген.

«Бұл жолды салу 2020 жылы басталған. Дегенмен жобада жергілікті жердің ерекшелігі ескерілмеген соң мердігер компаниялар жобаны қайта қарады. Биыл жыл соңына дейін асфальт төсеп пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде басты мәселе - құрылыс материалдары уақытылы жетсе және ауа райы қарасып тұрса болғаны», дейді ол.

Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Ақтөбе – Орал – Атырау» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдардағы істелініп жатқан жұмыстар бойынша БАҚ өкілдеріне арналған тур ұйымдастырды.