Қоғам • 13 Маусым, 2022

Шымкентте 18 адамды алдаған екі алаяқ ұсталды

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте Қазақстанның түрлі өңірлерінде 18 адамды алдаған екі алаяқ ұсталды. Тәртіп сақшылары атап өткендей, жәбірленушілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте 18 адамды алдаған екі алаяқ ұсталды

Шымкент ПД тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдраманов брифингте жергілікті тұрғын полицияға арыз жазғанын айтты.

Ол өзінің ескі жиһазын сату туралы жарнаманы интернетте орналастырғанын хабарлады.

Жәбірленушінің мессенджері арқылы біреудің жиһаз сатып алғысы келетіні туралы хабарлама келіп түскен. Бұдан соң, ол сілтеме бойынша өтіп, курьерлік жеткізу тапсырысын растауды сұраған. Әйел жалған сатып алушының нұсқауларына сүйене отырып, сайт сұраған банк картасының деректемелерін енгізген. Содан кейін оның шотынан 950 мың теңге жоғалып кеткен. Ал онлайн сұхбаттасушы оны мессенджерде бұғаттап тастаған.

Арыз бойынша ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс тіркелді.

«Киберқылмыскерлерді анықтау үшін жедел уәкілдер бірқатар іздестіру шарасын жүргізді, нәтижесінде екі жігіт ұсталды. Тінту кезінде күдіктілерден алты ұялы телефон мен 21 SIM-карта тәркіленді», деді Дәулеткелді Әбдіраманов.

Тергеу нәтижелері көрсеткендей, ұсталғандардың осыған ұқсас тағы 17 қылмысқа қатысы бар.