«Бүгінгі күні, облыс халқының 97,2% таза ауызсумен қамтамасыз етілген, атап айтқанда, өткен жылы біз жалпы халқы 5 мың адамды құрайтын 10 ауылды сумен қамтамасыз еттік. Биыл 23 мыңға жуық халқы бар 11 ауылды орталықтандырылған ауызсумен және 39 ауылды кешенді блок-модульдермен қамту жоспарлануда», деді О. Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Өз сөзінде өңір әкімі Мемлекет басшысының 2025 жылы халықтың 100%-ін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін еске салды.
«Дегенмен, қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз бұл көрсеткішті 2023 жылы орындауды жоспарлап отырмыз. Көгілдір отынмен қамту мәселесіне келсек, 2021 жылы 10 мыңнан астам халқы бар 16 ауылды газбен қамтамасыз еттік. Биыл 9 ауылға көгілдір отын жеткізіп, облыстағы газбен қамтылған халық үлесін 93,4%-ке жеткіземіз. Бірақ бұл жерде түсіністікпен қарауымыз керек, бұрын қала маңындағы, аудан орталықтары газбен қамтылса, қазір шалғайдағы ауылдарға газ жеткізу міндеті тұр. Ең ірі облыс болғандықтан, сол ауылдарға газ жеткізу үшін кемінде 100-150 шақырым газ құбырын тарту керек. Бұл үлкен қаражатты қажет етеді. Дегенмен, бұл жұмыстарды жалғастырамыз», деді Оңдасын Оразалин.