Технология • 13 Маусым, 2022

ІТ-саласы – заман талабы

1039 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Заман талабына сай қазіргі таңда әлем бойынша ІТ-саласына сұраныс үлкен. Қазақстан да ақпараттық технология ағымынан қалыспай, технопарктер құру, мамандар даярлауға ерекше ден қойып жатыр. Президенттің елімізде 100 мың IT-маман даярлау жөнінде арнайы тапсырмасы да бар. Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі инновациялық экожүйе мен IT-саланы дамыту мәселелерін кеңінен талқылады.

ІТ-саласы – заман талабы

Министрдің айтуынша, бүгінде «Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры базасында IT-мектептерге ваучерлер (гранттар) бөлу тетігі әзірленген 2021 жылы Astana Hub өз қаражаты есебінен 13 IT-бағдарламалау мектебінің 100 студентін қаржыландырған. Бағдарламаны кеңейту аясында биыл тағы 3 мың грант бөлу жос­парланды.

Ведомство хабарлағандай, IT-кадр­ларды оқыту 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға және ақпараттық коммуникациялық технологиялар қызметтерінің экспортын 2025 жылға қарай 500 млн долларға дейін ұлғайтуға септігін тигізеді. Алайда бұл үшін IT-мамандардың білім сапасын арттыру қажет. Бүгінде республика бойынша 77 жоғары оқу орны IT-мамандарды дайындаса, жыл сайын 10 мыңнан астам IT-маман еңбек нарығына жіберіледі. Бірақ кадрлар көп жағдайда заманауи талаптарға сәйкес келе бермейді екен. Сондықтан осы салаға сапалы мамандар даярлау да күн тәртібінде тұр.

Саланы неғұрлым цифрландыру мақ­сатында құжаттарды электронды қа­был­дауға да мән берілуде. Осыған байланыс­ты ақпараттық жүйелердің дайын­дығын да министрлік ерекше атап өтті. Ми­нистр Б.Мусиннің хабарлауынша, 2022 жылы 160 мың түлек колледждерде және 140 мың түлек жоғары оқу орындарында білім алады деген болжам бар.

«Құжаттарды қабылдау және білім бе­ру гранттарын бөлу кезеңінде электронды жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Біз негізгі проблемаларды анықтадық. Барлық цифр­лы шешімді тексеріп, қолбайлау болып отырған мәселелерді ретке келтіруіміз қажет. Бұл шекті балдарды есепке алу, өтініштерді қабылдау процесі және бір талапкердің өтінішті қайталап жіберуін болдырмау және басқа да мәселелер. Барлық түлекке барынша қолайлы жағдай жасау үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Бұл әр адам тұрғылықты жеріне қарамастан электронды қызметтерді кедергісіз пайдалану мүмкіндігіне ие болу үшін маңызды», дейді министр.

Б.Мусин «Атамекен» ҰКП базасында IT-факультеттердің рейтингін енгізуді ұсынды. Ведомство ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы сарапшылармен бірге рейтинг тұжырымдамасының жобасын дайындаған.

Жалпы, цифрландыру білім беру саласына, белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бүгінде министрлік «виртуалды мұғалім» заманауи IT-платформаларын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған жүйеге қазіргі кезде Қазақстан бойынша 150-ден астам жалпы білім беретін мектеп қосылған. Дегенмен информатика мұғалімдерінің біліктілігіне қатысты проблемалар кездеседі. Осыған байланысты біліктілікті арттыруға ба­ғыт­талған бағдарламаны немесе курс­тар­ды әзірлеу бойынша ұсыныс айтылды.

Сондай-ақ жақында министрлікте өткен жиында қазақстандық жоғары оқу орын­дарының жанынан технопарк­тер құру мәселесі де талқыланған еді. Ал оның алдында Мемлекет басшысы Үкімет пен жауапты министрліктерге ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға мақсатты гранттар бөле отырып, ЖОО жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын.

Цифрлық даму министрлігі 2022 жылы өңірлік IT-технопарктерге қолдау көрсету жөніндегі бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр, ол өңірлерде жастарды No Code School, Startup School және т.б. сияқты Astana Hub бағдарламалары, жер­гілікті тақырыптық іс-шараларды өт­кі­зу, әдіснамалық қолдау, сондай-ақ Techpreneurs, preScalerator, Scalerator, инкубациялық және акселерациялық бағдар­ламалары арқылы IT-кәсіпкерлікте өзекті және сұранысқа ие мамандықтарға оқыту да күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналмақ.