Қоғам • 13 Маусым, 2022

Теңізге шомылудың өз талаптары бар

729 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күн жылынып, жаз басталысымен Маңғыстауда шомылушылар арасында теңізге батып кету үрейі бірге келеді. Каспий теңізінің беті кейде қатты, кейде жай толқын ойнап, кейде жым-жылас жатқан тыныш, бұйығы су айдыны сияқты көрінгенімен, бұл – алдамшы көрініс. Ғылыми негіздерге сүйенсек, теңіз асты – үлкен бір әлем.

Теңізге шомылудың өз талаптары бар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Теңіздің астында жан-жаққа қарай жөңкілген бірнеше ағыс, ұршықша үйіріліп, жоғарыдан төменге қарай құдықша сүңгітетін ұйық өте көп,  оларды әлі ешкім нақты зерттеп, ұйықтар мен ағыс­та­рдың санын, нақты бағыт­та­рын және орналасқан орнын дәл айтып бере алған жоқ. Оның үстіне теңіздің жақын жаға­лауын­дағы тастар қаупі аса зор. Теңізге секіргенде тасқа басын соғып немесе тастар арасына қыстырылып қалып шыға алмай қайтыс болғандар да болған. Осы мәселелерді зерделей келе, арнайы орындар теңізге түсу кезінде қауіпті аймақтарды белгілеп, сыртын қор­шап, арнайы ескерту жазылған тақ­таларды ілсе де, ажал айдай ма – қауіпті жерлерге демалуға барып, жүземін деп суға батып кету қай­ғы­лы жағдайы жылда кездеседі.

Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офи­цері аға лейтенант Бектас Мұрат­ұлы­ның айтуынша, жыл сайын жаз мезгілінің бас­талуымен Кас­пий теңізінің жа­ға­­лауында де­ма­латын халық ағы­­ны өсуде. Су объектілерінде шо­мы­­лу маусымын­да адамдардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету – әкімдік пен Төтен­ше жағдайлар депар­та­мен­ті­нің басым міндеттерінің бірі.

Алайда қызметкерлердің судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы көптеген ескертуіне қарамастан, кейбір азаматтар әрдайым белгі­лен­ген талаптарды сақтай бермейді екен. 2021 жылы судағы қауіпсіздік ере­желерін сақтамау салдарынан 11 адам қайтыс болған, оның біреуі бала. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда адам өлімінің жал­пы санынан 18%-ға көп. Ал биыл жыл басынан бері Маңғыстау облысында судағы қауіпсіздік ере­же­лерін сақтамау салдарынан 6 адам суға батып кеткен, олардың біреуі кә­ме­ле­ттік жасқа толмаған жас­өспірім.

Департамент жүргізген талдау көрсеткендей, теңізде опат болу негі­зінен тыйым салынған және жаб­дықталмаған орындарда шомылу, ішімдік ішіп суға шомы­лу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырушы ата-аналардың жауап­сыздығы секілді судағы қара­па­йым қауіпсіздік ережелерінің сақ­талмауынан орын алған.

Қазіргі уақытта теңіз жағалауында Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 «Су ай­дын­да­рын­дағы қауіпсіздік қағи­да­ларын бекіту туралы» бұйрығы аясында Маңғыстау облыстық мәс­ли­хаты мен әкімдігінің норма­тив­тік-құқық­тық актілерімен суға түсуге 10 аумақ­­та­ тыйым салынып, 45 аумақта рұқ­сат етілген. Тыйым салынған, яғни қа­уіпті аумақтарға Ақтау қаласы бо­йынша ұзындығы 300 метр және ені 20 метрді құрайтын, 4-шағын аудандағы «Каспиан Ривьера» қонақ­­үйінен бастап 5-шағын аудан­дағы М.Өскінбаев атындағы об­лыс­тық филармонияға дейін Т.Г. Шевченко ескерткішінен төмен түсу бағыты, ұзындығы 100 метр және ені 20 метрді құрайтын «Шора» су каналының жағалау аймағы жатады. Ал Түпқараған ауданында ұзын­дығы 2 мың метр және ені 30 метрді құрайтын, «Ақтау-Форт-Шевченко» тас жолының «43 шақырымы», ұзындығы 900 метр және ені 30 метрді құрайтын 64 шақырымдағы «Голубая бухта», ұзындығы 3 200 метр және ені 30 метрді құрайтын 86 шақырымдағы «Саура», ұзындағы 3 700 метр және ені 30 метрді құрайтын Форт-Шевченко қаласынан 30 шақы­рым­да орналасқан «Тамшалы» және ұзындығы 3 мың метр, ені 30 метрді құрайтын Таушық ауылынан 20 шақырым жердегі «Сартас» жағалау аймақтарына тыйым салынған.

Демалушылар көп баратын өңір­дің бірі – Қарақия ауданы. Алайда бұл ауданда да жағалаудың бәрі жайлы емес. Ұзындығы 3 мың метр және ені 30 метрді құрайтын Жыланды жерінен Кендірлі бағытына қарай жағалау аймақтары, ұзындығы 3 мың метр және ені 30 метрді құрайтын Тоқмақ жерінен Кендірлі бағытына қарай жағалау аймақтары, ұзындығы 3 500 метр және ені 30 метрді құрайтын «Абай» жүзбелі маневрлік базасы аумағынан Саржа бағытына қарай жағалау аймақтары қауіпті аймақтар қатарында. Ақ­тау­дың іргесіндегі Мұ­найлы ауданы­ бойынша тыйым са­лынған аумақтар қатарында ұзын­­­дығы 380 метр және ені 170 метрді құрайтын Батыр ауылдық окру­гінен солтүстік-шы­ғыс­та 7 ша­қы­рым қашықтықта орна­ласқан уран кеніш­те­рі мен қал­дық­та­ры бар қауіпті көл аймағы бар.

Теңіз және теңізге шомылу жауап­­сыздықты көтермейді, ол – тағдыр. Суы жоқ алыс ауылдардан келген, жүзе білмейтін жастардың селфи, тик-ток сынды құмарлықтар үшін тәуекелге барып теңіздің терең жерлеріне биіктен секіруі, ауа райы қолайсыз күндері толқынмен таласып теңізге қойып кетуі ерлік емес, ажалдың аранына асығу ғана. Алайда оны түсініп, сақтанып, айылын жиып жатқан жастар жоқ, ойламаған жерден ажал құшып ата-анасын зар еңі­ретіп кете барады. Тіпті жылда адам кетіп жатқанын естіп-біліп жүрсе де арнайы белгілермен сақ­тан­дырылған, ескертілген қа­уіп­ті ай­мақтарға барып теңізге сүң­ги­тін­дер­ді кейде түсінбейсің.

– Теңізге шомылу маусымының бас­талуы біздің қызметіміздің ж­а­уап­кершілігін арттырады. Өкініш­тісі, теңізге түсуде сақ болу қажет­ті­гін, ішімдік ішіп суға түсуге бол­май­­тындығын, түрлі талаптарды ес­кертіп, ақпараттық алдын алу ша­ра­л­арын жүргізсек те тыйым са­лын­ған жерлерге барып шомылатындар бар. Бірқатарының соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады. Сондықтан Каспий теңізіне демалуға келген барша қонақтарды, жергілікті тұрғындарды қауіпсіздік ере­же­лерін сақтауға тынбай ша­қы­рамыз, – дейді Маңғыстау облыс­тық Төтенше жағ­дайлар депар­та­менті Азаматтық қор­ғаныс бас­қар­ма­сының аға офи­цері, аға лейтенант Бектас Мұратұлы.

 

Маңғыстау облысы