Сөйте тұра қаланы да жаман демейді: «Алматы деген ғажап қой» деп сұмдық таңғалып отыра береді. Астананың таксишілері секілді саясатты соқпайды. Оларды сайлау да, референдум да қызықтырмайды. Ешкімді даттамайды, ештеңе сұрамайды. Көппен қосылып Елбасын да жамандамайды. Бәріне пейілі оң.
Өзін кішкентай адамға балайтын, жылтыраған жақсы өмірге тұра жүгірмейтін, ауылдағы митың тіршілігіне дән риза осындай жандарда қарапайымдылықтан да күшті бір мінез бар.
Үлкен қалалардағы өмірдің ғажап екенін естіген біз әлгі адамның ақ адал, аңғал пейіліне риза болып тұрып жылағымыз келеді. Қаладағыларға, керісінше, кейде қым-қуыт тіршіліктен түу алыстағы өмір тыныш, жылы көрінеді. Ауылда уақыт баяу өтетіндей, өмір ұзағырақ болатындай. Жақсы өмір, тек қалада деген жақсы адамның ертегісі ғой. Мұнда бәрі жұмыс істеу үшін өмір сүреді. Кейде бәрінің мінезі бір-біріне ұқсайтындай көрінеді: салқын қабақ, томаға-тұйық, самарқау. Ешкімнің қолы бос емес, бәрінің жүйкесі жұқарған. Бәрі түрлі тренингке барады. Бұл қалада байлар да, олигархтар да, шенеуніктер де, қарапайым халық та тұрады. Сан түрлі тағдыр үлкен даңғылдар мен көшелерде бір-біріне жұғыспай, қиылыспай зулап өтіп жатады.
Ал ауыл ешқайда асықтырмайды, жаныңды жұмсартады, бәлки мінезіңді де. Қаланың қатқыл, жарқыл тіршілігіне үйренген адам да бірауық ауылды сағынады. Балалығы үшін, естеліктері мен сезімдері үшін, сәулелі сәттері үшін. Таңнан кешке дейінгі кеңсе жұмысынан жалыққанда көңілің шалғайдағы қоңыр тамға ауады. Малдың даусы, қидың иісі, ауа жайылған түтін, әр үйдің іргесіндегі мая шөп, жамау қораның жанында жотадай үйілген кептірілген қи, дәу қара қазан, даладағы қотыр пеш, сарыала самаурын – бәрі-бәрі қатып-семген жүрегіңді жылытатындай.
Алайда қазір көп ауылдарда мұндай картина болмауы да мүмкін. Шалғайдағы ауылдар да қалаланып жатыр. Бәрінің үйінде ыстық су ағады, газ кірген. Ешкім митыңдап күл шығармайды. Әкімдері цивилизацияға «әдейі» жеткізбей жүрген ауылдар болмаса (елімізде мұндай мекендер көп), қалған өңірде жол да жасалған, интернет те бар. Ауыл мен қаланы теңестіру саясаты, бәлки дұрыс та шығар. Дегенмен, біршама жылдардан кейін қалалықтар ауылға барып ауылды таппай қалмай ма деген ойға қаласың. Енді бір жағынан, қаладағы жағдай ауылда да болатын болса, неге ауылға барып тұрмасқа дейтіндер де табылады. Таза ауа һәм табиғат.
Қанттың бағасы 750 теңге болғалы жалпы Қазақстанда өмір өзгерді: қалада да, ауылда да тұрмыс мәз емес. Қымбатшылық жалақысы төмен халықты қысып барады. Ең қызығы, ауылдағылар қаладағыларды бай деп ойлайды. Ал қалалықтар ауылда өмір сүру арзан дейді. Кей жұрт бізді – журналистерді де шалқып өмір сүреді деп жүр екен. Адамның аңғалдығынан асқан жақсы мінез жоқ шығар, сірә. Біздің де бір «кедей» екенімізді олар қайдан білсін...