23 Сәуір, 2014

Елімізде спиртті ішімдіктердің сатылу орындары мен сату уақыты шектеледі

661 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

23-04-14-butylka-1

АСТАНА. 23 сәуір. Қазақстанда спиртті ішімдіктердің сатылу орындарын және сату уақытын шектеу қарастырылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде айтылған Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министр Бақыт Сұлтановтың сөзіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Әңгіме «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында қозғалды. Осы мәселеге байланысты баяндама жасаған Б.Сұлтановтың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулер спиртті ішімдіктерді тұтыну жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-орында тұр. Әрбір қазақстандыққа шаққанда, тұтыну көрсеткіші жылына орташа есеппен 5,5 литр таза этил спирті немесе 11 литр арақтан келеді. Осылайша Қазақстан Орталық Азия өңірінде ең көп ішетін ел ретінде әйгіленіп отыр. Тіпті, Елбасының өзі  арнайы тапсырма да бергені мәлім. Осыған орай күшті алкоголь өнімдерін сату  мейрамханалар, дәмханалар мен барларды қоспағанда, жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбестен кешкі сағат 21-ден бастап, келесі күнгі 12-ге дейін сатуға тыйым салынатын болып шешілді. Негізінен мұндай шектеу 30 градустан жоғары спирттік ішімдіктерге қатысты. Ал күштілігі төмен алкоголь өнімдеріне бұрынғыша түнгі 23-тен таңғы 8-ге дейін тыйым салына береді. Вице-премьер сондай-ақ базарларда, көтерме сауда орындарында, дүңгіршектерде және белгіленбеген орындарда алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат етілмегендігін де қаперге сала кетті. Бұдан басқа, денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелері, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарында алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Әсіресе, жанармай құю бекеттерінде сприттік ішімдіктер сатуға рұқсат етілмейді. Бизнес субъектілерін контрафактілік және заңсыз алкоголь өнімдерін сатып алудан сақтандыру мақсатында есептік-бақылау таңбаларының  дұрыстығын анықтайтын құралдарды енгізу заңдық құжатта көрініс тапқан. Асқар Тұрапбайұлы. Дереккөз: egemen.kz. Фото: www.inform.kz.