Ардагер судья сексенді еңсерсе де сот саласынан қол үзген жоқ. Алматы қалалық сотының ардагерлер алқасын басқарып, жас судьяларға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.
Мәкеңнің азаматтық тұлғасы, адами болмысы ерекше. Сырт көзге бірден шалынатын сандал ағаштай сымбатты тұлғасы, ұстамды әлпеті, сабырлы жүріс-тұрысы, келісті келбеті әрдайым жылулық шашып тұрады. Жайшылықта сондай жайдары көрінетін аққұба өңі, қым-қуыт қызмет бабында, пікірсайыс, таласта бірден өзгеріп, қабағы қатуланып, дауысынан ызғар есетіні бар. Ондай кезде әділін айтып ақ сөйлейтін, турасын айтып туғанына бұрмайтын принципшілдігі кімге болса да айбарлы көрінеді. Соған қарап сыралғы болмаған кейбір адам Марат Нұрбекұлын қатаң мінезді қатал кісі деп қалуы мүмкін. Әсілі, Мәкең жүрегі жұмсақ, үлкенді құрметтейтін, кішіге ілтипат көрсете білетін, ағайын-туысқа бауырмал, қандай жағдайда да ақты ақ, қараны қара деп нақты айтатын әділетшіл кісі.
Марат Нұрбекұлы дүние жүзін отқа оратқан, қанқұйлы соғыс үдеп тұрған 1942 жылдың 25 маусымында өмірге келді. Бір жылдай бұрын ғана он тоғыз жасында соғысқа аттанған әкесі Нұрбек тұңғыш перзентінің дүниеге келгенін естімеген күйі қан майданда ерлікпен қаза табады. Тағдыры осындай ауыртпалықпен басталған бозбала өмірдің небір қиындығын көріп өсті. Ең бастысы, азамат болуды жадына мықтап тоқыды. Он үш жасынан бастап колхоздағы ауыр жұмыстарға үлкендермен қатар жүріп араласты. Отан алдындағы әскери міндетін өтеп келген соң қоғамдық тәртіпті қорғау басқармасына қатардағы милиция қызметкері болып орналасты. Осы жұмыс болашағына бағдар беріп, заңгерлік мамандықты таңдауына жол ашты.
ҚазМУ-дың заң факультетінде оқыған Марат Нұрбекұлы үнемі үздіктер қатарынан көрінді. Университетті бітіргенде үздік маманды жұмысқа шақырған құқық қорғау орындары көп болды. Бәріне сабырмен қараған жас маман Шығыс Қазақстан облыстық сотына бағдарлама алды. Еңбек пен оқудың тізгінін тең ұстап, әбден ысылған Марат Нұрбекұлын облыстық соттың басшылығы, сақа судьялар қамқорлығына алып, жас маманның болашағына сенім білдірді. Соның арқасында бірден облыстық сотқа мүше болып сайланған еді.
Өзінің естелік сөзінде Мәкең: «Мен сол кезде облыстық соттың ең жас судьясы едім. Менімен қатар жұмыс істеген судьялардың көбі Ұлы Отан соғысына қатысып келген егде жастағы кісілер болатын. Соттың төрағасы М.Орлов соғыстан бір аяғынан айырылып келген ардагер еді. Ол жас мамандарға ерекше мейіріммен қарайтын. Ақыл-кеңесін аямайтын. Тек басшымыз ғана емес соттың басқа судьялары да білгенін жайып салатын кеңпейіл, көпшіл жандар еді. Білмегеніңді түсіндіріп, үйретуден әсте жалықпайтын. Әдепті судья қандай болу керектігін сол ардагер судьялардың істеген ісіне, жүріс-тұрыстарына қарап, түсініп білдім. Сол мектеп менің болашақ өміріме азық болды. Ұжымымыз жұмылған жұдырықтай ынтымақшыл еді. Олардың мейірім-шапағаты әлі күнге дейін көкейімде сайрап тұр», дейді.
Өткенге ойша оралған ардагер: «Ал сот ісін қарауда аса қатты қинала қойған жоқпын. Іс қағаздарын жүргізуде азды-көпті тәжірибем бар дегендей, оның үстіне облыстық сотта қазақша іс қарайтын маман тіпті тапшы екен. Менің ана тілімде сөйлеп қана қоймай, сауатты жазатынымды көрген облыстық соттың басшысы қуанып кетті, қазақша істердің бәрін маған тапсырды. Намысқа тырысып, ана тіліміздің мәртебесін өсіруге бар күшімді салдым», деген еді.
Осылайша, ол қызметтің басталған сәтінен өзінің біліктілігімен ерекшеленді. Заң талаптарын қатаң сақтай отырып, сот процестерінің әділ өтуіне ақыл-ойын, алған білімін сарқа жұмсады. Жас судья Марат Нұрбекұлының қос тілді еркін меңгерген біліктілігі, әділдігі, турашылдығы облыс көлемінде кең тарап, орталықта отырған басшыларға да тез жетті. 1987 жылы Мәкеңді Әділет министрлігі мен Жоғарғы сот басшылары Маңғыстау облыстық комитеттің әділет бөліміне басшы етіп жіберді.
Марат Нұрбекұлымен менің таныстығым сол уақыттан басталды. Мен ол кезде көрші Гурьев (Атырау) облыстық сотында қызмет жасайтынмын. Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстық соттарын басқарған жылдар ішінде Мәкең өзінің атына ешқандай мін келтірмеді. Халық алдында абыройы артып, Әділет министрінің бірінші орынбасары лауазымына көтерілді.
Марат Нұрбекұлының осындай білікті заңгер, турашыл судья екеніне сырттай қанық болсам да, оның отаншыл, өз саласының нағыз патриоттығын қызмет бабында қоян-қолтық араласып, сот саласындағы реформаны бірлесіп өткізген тоқсаныншы жылдары терең біле бастадым. Қандай қиын іс болса да «нар жолында жүк қалдырмай» атқаратын аса мұқияттылығы, тиісті заңнамаларды жетік білетіні, сот ісіне қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жедел әрі тиімді жүргізетіні маған ерекше ұнады.
Қандай іс болса да бекемдікпен кірісетін Мәкең өзіне жүктелген міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Жаңаша қырынан жұмыс жүргізіп, сот жүйесіне қатысты барлық реформаға белсене атсалысты. Сот шешімдерінің әділ болуына, кадрлардың біліктілігін арттыру ісіне баса назар аударды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді жұмыс жүргізе білді.
Марат Нұрбекұлы Әділет министрінің орынбасары болған еліміздегі сот реформасын өркендету бағытындағы ең сындарлы кезең еді. Әділет министрі, ғалым, реформатор Н.Шәйкеновпен бірге құқық саласын реформалауға көп күш салды. Сол кездегі реформалық қадамдарға сай соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезекке қойылды. Әділет министрінің бірінші орынбасары ретінде сот ғимараттарының заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен толықтырылуына және судьяларға жайлы жұмыс орындарын жасауға көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар Мәкең реформа аясында азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға бағытталған жаңашылдықтарды іске асырудың бел ортасында жүрді.
Әсіресе, Конституцияда көзделген сот әділдігін алқа билердің қатысуымен атқарудың принципін жүзеге асыру, мамандандырылған соттар жүйесін құру, тергеу әрекеттеріне сот бақылауы институтын енгізу мәселелеріне көп көңіл бөлді. Ол сұрақтарды Парламент, Үкімет алдында қоя да білді қорғай білді және соттардың осы жұмыстарға дайын болуына үлкен мән берді. Мұның бәрі жергілікті сот басшыларынан үлкен жауапкершілікті талап етті. Марат Нұрбекұлы сол талапты қатаң бақылап, орындата білді.
Мәкең қайда, қандай істе жүрмесін «Соттың абыройы – мемлекет абыройы» деп, өзі басшылық жасаған салада қол астындағы мамандардың мінсіз қызмет істеуіне бар күшін, тәжірибесін жұмсай білді. Соның арқасында абырой-беделге жетті. Алпыс жылдық мерейтойында «Құрмет» орденінің иегері атанды. Одан тыс «Қазақстанның құрметті заңгері», «Құрметті судья», Қазақстан Республикасы Судьялар одағы Орталық кеңесінің шешімімен «Үш Би» төсбелгісімен және көптеген мерекелік медальмен марапатталды.
Зейнетке шыққаннан кейін де жұмыстан қол үзбеді. Алматы қалалық соты Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып, жас мамандарға, судьяларға әдепті болу, қазақ тілін шебер меңгеру және шешендік өнерді үйрену жайлы дәріс оқыды, әділдік принциптерін қатаң сақтауға баулыды.
Билердің өнегелі жолдарын ұстанып, сот төрелігінде «Адал би – әділ би» қағидатына сүйенуді үйретті. Бұл ретте әділ билікке тірек болған дәстүрлі құқығымызды, оның тарихи-танымдық маңызы зор үлгісі, академик Салық Зиманов құрастырған «Қазақтың ата заңдары» кітабын әрбір судья міндетті түрде оқып білуін насихаттады. Осындай ұлтжандылығы, ұлы билердің ұлағатты ісін, әділ билік үлгісін тәрбие тәлімі еткен еңбегі жас судьялардың жүрегінен орын алды.
Мен білетін реформатор, білікті басшы Марат Нұрбекұлы осындай жан. Ал судья Марат Нұрбекұлы қандай адам деп сұрасаңыз, Томан бидің мына бір шешендік сөзі Марат биге арналғандай:
«Шешілмей жатқан дауды шешіп айт,
Қиянат жолын кесіп айт,
Қызыл желдей есіп айт,
Ақиқаттың салмақ жолына түсіп айт,
Ақиық қырандай,
Нұрлы аспанды құшып айт,
Сөзің болсын сап алтындай ұстаған,
Әділ билік арың болсын нұсқаған».
Иә, білікті заңгер, ардагер судья Марат Нұрбекұлы – өзінің отыз бес жылдан астам судьялық қызметінде «жаным – арымның садағасы» деп, әділ билікке қылау түсірмей өткен турашыл судья. Ағамыздың мерейлі сексен жасы құтты болсын!
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңестің Төрағасы