Бұл жобаның жаһандық маңызы ерекше. Өйткені 2023 жылы іске қосу көзделіп отырған келешек кеңею жобасына салынған инвестиция көлемі 45 млрд долларды құрайды. Сол себептен «Теңізшевройл» ЖШС-ның акционерлері аталған жобаның мерзімінде іске қосылуына баса назар аударып, коронавирус инфекциясы ушыққан кезде де тоқтатқан жоқ. Себебі 2023 жылы жоба іске қосылғанда кен орнынан мұнай өндіру 12 млн тоннаға дейін артып, жыл сайын 37 млн тоннаға жетпек. Осындай экономикалық сипатқа ие жобаға 300-ге жуық қазақстандық компания мердігерлікке тартылды.
Мұндай жобаны іске асыру әсте күрделі. Жоба құрылысына қажетті 408 модульдің бәрін елімізде құрастыру мүмкін емес. Сондықтан «Теңіз» кен орнына модульдердің үш жылдық бағдарламасы іске асырылды. Мәселен, әрқайсысы 500-ден 1 800 тонна салмақты құрайтын модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалды. Ресейдің ішкі су жолы арқылы Каспий теңізінің Прорва түбегіндегі жүк түсіру терминалына жалпы салмағы 280 мың метрикалық тоннаны құраған модульдік жүк жеткізілді. Қазақстандық Еrsai, KCOI компаниялары Маңғыстау облысында халықаралық стандарттарға сәйкес 75 құрастырмалы модульдік эстакада мен 10 қашықтан бақылау блогының құрылысын жүргізуге қатысты.
Әлем елдері мен Қазақстанның компаниялары атсалысып жатқан жоба іске асырыла бастағаннан бері қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған қаржы 10 млрд доллардан асып отыр. Жобаға жұмыс істеуге тартылғандардың 91 пайызы қазақстандық мамандардың үлесіне тиеді. Ал инженерлік, материалдық-техникалық, өндірістік қызметтер көрсетуге алдын ала іріктелгендердің қатарында 2 350-ден астам қазақстандық компания бар. Алдын ала біліктіліктен өткен 1 281 қазақстандық компаниямен 630-дан астам келісімшарт жасалған.
Жоба құрылысының үдемелі кезеңі болатыны даусыз. Сондай кезде 120-дан астам кемені пайдалануға тура келді. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылса, кейбірі жоба құрылысы үшін тасымалданатын жүктің ерекшелігіне байланысты арнайы өзгертілді. Кемелердің Қазақстан мен басқа нүктелер арасында жүзіп өткен қашықтығы 140 мың шақырымнан асып отыр. Аталған жоба үшін «Теңіз» кен орны маңындағы Прорва түбегінде модульдік жүкті қабылдау, одан әрі тасымалдау үшін жаңа порт салынды. Онда ұзындығы 71 шақырымды құрайтын теңізге кіру арнасы, жүк түсіру, сақтау қондырғылары мен кірме жол бар.
Қазір аталған екі жобаның құрылысы 91 пайызға орындалды. Енді бірге іске асырылып жатқан жобаларды қалай басқарған жөн? Мұның да жолы табылып отыр. «Теңіз» кен орнында біріктірілген өндірісті басқару орталығы іске қосылды. «Теңізшевройл» ЖШС-ның бас директоры Кевин Лайонның айтуынша, орталықта соңғы үлгідегі цифрлы технологиялар орнатылған. Бұл – Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі бірегей нысан.
– Біріктірілген басқару орталығы «Теңізшевройлдың» барлық өндірістік нысаны мен зауыттарын бір орталықтан басқаруға, бірыңғай оперативтік модельге біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл нысанды пайдалану кәсіпорынға өндірісті қауіпсіз әрі үздіксіз жүргізуге, қызметкерлеріміз бен өзіміз еңбек ететін өңірдегі қоғамдастықтың игілігі үшін қосымша пайда әкелуге көмектеседі, – дейді Кевин Лайон.
Жаңа орталық кен орнындағы өндірістік нысандардан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Орталықта «Теңіз» кен орнының операторларына ең ұтқыр шешімдер қабылдауға, сенімділікті арттырып, өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыруға икемді тәсілдерді қолдануға көмектесетін диспетчерлік пульт бар. Оның жалпы ауданы 2 200 шаршы метрді құрайды.
– Біздің кәсіпорын құрылған кезден бері жаңа нысандардың құрылысына инвестиция салып, соңғы үлгідегі технологияларды қолданып келеді. Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосуды жалғастырып отыр. Мәселен, 1993 жылдан бері ел бюджетіне 164 млрд доллардан астам тікелей қаржылық төлемдер жасады. Оның 42 млрд-тан астам доллары жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға бағытталды, – дейді бас директор Кевин Лайон.
Бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің мәліметіне сүйенсек, біріктірілген өндірісті басқару орталығының нысан құрылысын жүргізіп, іске қосуға 30-дан астам қазақстандық компания мен 600-ден астам жергілікті қызметкер қатысқан. Нысанды пайдалануға беру жергілікті қызметкерлердің кәсіби білігі мен дағдысын жетілдіруге ықпал еткен.
Атырау облысы