Ұлттар лигасының жеребесі тартылған бетте футбол сарапшылары Словакияны «С» дивизионындағы үшінші топтың көшбасшысы екенін айтып, оларға мерзімінен бұрын «В» дивизионының жолдамасын беріп қойған еді. Себебі Словакия, жоғарыда айтып өткендей, әлемдік рейтингте топтағы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда биік тұрған жоғары деңгейдегі құрама саналады.
Мәселен, наурыз айындағы ФИФА рейтингінде Беларусь құрамасы 93-орынға жайғасса, Әзербайжан футболшылары 129-орынға тұрақтаған. Сонымен қатар Словакия құрамасында доп тебетін футболшылардың дені Еуропаның ТОП-5 чемпионатында өнер көрсетеді.
Атап айтар болсақ, қақпашы Доминик Грейф пен қорғаушы Мартин Вальент Испанияның «Мальоркасында» ойнаса, Марек Родак Англияның «Фулхэм» клубының қақпасын күзетеді. Ал Юрай Куцка «Уотфордтың» шабуылшысы. Милан Шкриньяр («Интер»), Станислав Лоботка («Наполи»), Давид Стрелец («Специя») Италия А сериясының ойыншылары. Одан бөлек, Германия, Нидерланд, АҚШ, Түркия чемпионаттарында да бақ сынайтын футболшылары жетерлік. Ал Қазақстан құрамасында шетел біріншілігінде доп тебетін екі-ақ ойыншы бар. Бірі – Нұрәлі Әліп («Зенит», Ресей), екіншісі – Ян Вороговский (RWDM, Бельгия).
Дей тұрғанмен, біздің жігіттер үздік футболшылармен жасақталған, Еуропаның сарапшылары мақтаған азулы Словакияны екі ойында да қалпақпен ұрып алды. Алдыңғы дүйсенбіде Трнавадағы «Сити Аренада» өткен бірінші матчта Қазақстан Милан Шкриньяр бастаған алаң қожайындарын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды кездесудің 26-минутында «Астананың» жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев соқты. Бұл жеңілісті словакиялық футбол жанкүйерлері де, сол елдің футболға жауапты мамандары да ауыр қабылдады. Сөйтіп, матчтың ертесі күні Словакия футбол федерациясының басшылығы бас жаттықтырушы Штефан Тарковичті қызметінен алып тастады. Бұрындары, әдетте, жеңілістен көз ашпайтын Қазақстан құрамасының бапкерлері бірінен соң бірі қызметінен кетіп жататын. Енді, міне, кезек қарсыластарға да жеткен сияқты.
Араға апта салып елордадағы «Астана Арена» стадионында ұйымдастырылған қарымта кездесуде жерлестеріміздің жігерлі жеңісімен аяқталды. Өз жерінде, жанкүйерлерінің алдында рейтингте екінші жүздіктің қатарында орналасқан Қазақстаннан жеңіліп, қолда тұрған маңызды ұпайынан айырылған Словакия футболшылары елордаға есе қайтару үшін және өздеріне тиесілі болған алты ұпайдың ең құрығында үшеуін олжалау мақсатында келгені анық еді. Алайда Қазақстан құрамасының намысты жігіттері қарсыластарына үш ұпай былай тұрсын, соқыр ұпай да ұстатқан жоқ.
Жалпы айтқанда, Магомед Адиевтің ұлттық құрамаға келуімен біздің жігіттердің ойыны да, нәтижелері де жақсара бастады. Бас бапкер құрамаға тәжірибелі ойыншылармен қатар жас футболшыларды шақырып, жастарға сенім білдірді. Өз кезегінде олар Адиевтің сеніміне селкеу түсірмеді. Кешегі матчтағы Елхан Астанов пен Рамазан Оразовтың ойындарына жанкүйерлер де, бапкерлер құрамы да дән риза. Сондай-ақ ресейлік маман өзінің өзгерістерден қорықпайтын тәуекелшіл және бәрін алдын ала болжай алатын мықты стратег бапкер екенін байқатты.
Мәселен, маусым айындағы төрт ойында да қарсыластарды қателестіру үшін барлық матчта бес қорғаушымен ойнады. Бірақ сырт алаңдағы кездесулерде қарсы шабуылға, үйдегі ойындарда шабуылға көбірек көңіл бөлді. Айталық, кешегі Словакиямен болған кездесуде әдеттегідей бес қорғаушымен ойнаса да, сол қапталдың қорғанысына Тимур Досмамбетовті жауапты етіп қойды да, жартылай қорғанысқа, яғни оның жоғары жағына осы қанат арқылы шабуылдайтын тағы бір қорғаушы Ян Вороговскийді шығарды. Ал оң қапталға Михаил Габышевты, одан жоғарыға Елхан Астановты қойды. Орталық жартылай қорғаныста Асхат Тағыберген мен Аслан Дарабаев, шабуылда Абат Айымбетов ойнады.
Қарсыластың қорғаушылары көп сәтте Айымбетов пен орталық жартылай қорғаушыларды тұсап ұстауға тырысты да, қапталдағы футболшыларымызды ұмыт қалдырды. Алғашқы гол соғылар сәтте Словакияның екі қорғаушысы Айымбетовті «жабуға» тырысып, Вороговскийді қараусыз қалдырды. Сөйтіп, Ян еш қиындықсыз допты қақпаға енгізді. Байқасаңыздар, кешегі ойындағы біздің құраманың екі голы да, шабуылдары да қаптал арқылы ұйымдастырылды. 10 күн бұрын ғана ұлттық құрамада дебют жасаған Елхан Астанов төртінші матчтағы тұңғыш голын тағы да сол қапталдан ұйымдастырылған шабуылдан кейін соқты.
Екінші таймда физикалық тұрғыда шаршай бастаған Қазақстан құрамасы басымдықты словакиялықтарға беріп қойды. Нәтижесінде, қонақтар екінші таймның басында Матуш Беронның голынан кейін есеп айырмасын қысқартты. Ойынның қалған уақытында да қарсыластар Игорь Шацкий қорғаған қақпаға толассыз шабуыл ұйымдастырғанымен, оның бірде-біреуін голға айналдыра алмады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Словакияны екі ойында да жеңіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Төрт ойыннан кейін 10 ұпай жинаған жерлестеріміз «С» лигасының үшінші тобында жеке-дара көш бастады. Екі жеңісі бар Словакия алты ұпаймен екінші орнын сақтап қалса, топтағы екінші ойында өз алаңында Беларусь құрамасынан басым түскен Әзербайжан төрт ұпаймен үшінші сатыға көтеріліп алды. Бір ғана ұпайы бар Беларусь соңғы орында қалып қойды.
Енді Ұлттар лигасының қалған екі ойыны қыркүйекте өтеді. Егер, Магомед Адиев шәкірттері осы екі матчтың біреуінде жеңіске жетсе немесе екі бәсекеде тең нәтижеге қол жеткізсе, аталған турнирдің келесі маусымында «В» лигасында өнер көрсетеді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама жеңіп алуына қосымша мүмкіндік береді. Қазақстан құрамасы келесі ойынын 22 қыркүйекте елордадағы «Астана Аренада» Беларусь, 25 қыркүйекте сырт алаңда Әзербайжан футболшыларымен өткізеді.
Турнир кестесі
№ |
Құрама |
Ойын |
Жеңіс |
Тең |
Жеңіліс |
Доп айырмасы |
Ұпай |
1 |
Қазақстан |
4 |
3 |
1 |
0 |
6-2 |
10 |
2 |
Словакия |
4 |
2 |
0 |
2 |
3-3 |
6 |
3 |
Әзербайжан |
4 |
1 |
1 |
2 |
2-3 |
4 |
4 |
Беларусь |
4 |
0 |
2 |
2 |
1-4 |
2 |