Экономика • 14 Маусым, 2022

Бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау тыйылмай тұр

985 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қаржы, экономика тақырыптарында еркін көсілетін депутат Аманжан Жамалов жуырда қызық мәлімдеме жасады. Депутаттың айтуынша, Қазақстанның қарызы Ұлттық қорда жинаған қаржысынан да көп болып кеткен.

Бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау тыйылмай тұр

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазір Ұлттық қор активтерінің көлемі 53 млрд долларға жуық­тайды. Ал мемлекеттік қарыз 47 млрд доллар. Бұған квази­мем­­лекеттік сектордың 40 млрд доллар көлеміндегі міндеттемесін қоссақ, 87 млрд долларға жетпек.

«Баланс теріс болып тұр. Үкіметтің қарызы көп. Қарызға алын­ған ақшаның 25 млрд тең­гесі игерілмеген. 2021 жылы үкі­меттік қарыз лимиті 470 млрд теңгеден асып кетті. Қа­рызды өтеу мен оған қызмет көр­се­туге бюджеттің 16,5 пайызы жұм­салып жатыр. Былтыр заң­намада сыртқы қарыздарды тиім­сіз жоспарлағаны және пайда­лан­ғаны үшін мемлекеттік органның бірінші басшыларын жауапқа тарту көзделген еді. Осы норманы тәжірибеге енгізетін кез келді. Бюджет кірісін арттыру бойынша да жүргізіліп жатқан жұмыстар тым солғын. Үкімет қосымша кіріс көзін іздеуге құлықсыз, қит етсе, Ұлттық қордан ала салуға немесе жаңа займ ресімдей салуға үйренген. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы салық және кедендік әкімшілендіру есебінен бюджетке 684 млрд теңге түскен. Алайда аудит бұл деректі небәрі 55 пайызға растады. «3,9 млрд теңге жұмсалған «салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау» жобасының нәтижесі қайда?» деген сұрақ туады», деп ашына сөйлейді А.Жамалов.

Депутаттың айтуынша, былтыр ІЖӨ-дегі салық үлесі 16,2 пайызды құраған, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен де төмен.

«Квазимемлекеттік сектордан қайтарым болып жатқан жоқ. Үкімет – «Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері. Соған қарамастан оны бюджетке дивиденд төлеуге мәжбүрлей алмай отыр. 2020 жылы мемлекеттік қордың таза табысы 558 млрд теңге болған. Бірақ бюджетке небәрі 88 млрд теңге, яғни 16 пайыз ғана ақша берген», деп сынға алды.

Сондай-ақ ол бюджет ақшасын пайдалану тұрғысынан да Үкіметтің елеулі қателіктерге жол беріп отырғанын, мұның соңы жақсылыққа соқпасын айтып ескертеді. Сарапшының сөзіне қарағанда, базалық мөлшерлеменің тым жоғары болуы себепті де Үкі­мет бизнеске субсидия беруге, жеңіл­детіл­ген несиелеу бағдарламасын шығаруға мәжбүр.

«Бюджет ел экономикасының бас­ты кредиторына айналды. Мемлекет­тік бағдарламаларға жыл сайын мил­лиардтаған теңге бөлінеді. Алайда сол бағдарламалардың тиімділігін бағалап, дәлелдеп жатқан бірде-бір бірыңғай есептеу жүйесі жоқ. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені әзір төмендеткісі келмейтінін ескерсек, жеңілдетілген қаржыландыру әлі ұзақ жыл жалғасады. Сондықтан барлық қолдау шарасын жоспарлаудың, есепке алудың және бақылаудың бірлігін қамтамасыз ету үшін бизнесті қаржылық қолдаудың барлық шарасын бір бағдарлама­ға немесе ұлттық жобаға біріктірген жөн. Оның үстіне осы қолдау шара­ларының барлығымен жұмыс істей­тін «Бәйтерек» мемлекеттік холдингі бар», деп өз ұсынысын да білдіреді сарапшы.

Жалпы, бюджетті тиімді жоспарлау және бюджет кірісін арттыру – біздің ең жанды жеріміз. Бір жыл бұрын бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударған.

«Қай жоба елге пайда әкеледі, ал қайсысын кейінге қалдырамыз деген­ді түсіну өте маңызды. Әлеуметтік-эконо­микалық эффект талдауының нәти­­жесін пайдалана білу керек. Қазір­гі уақытта оны кешенді бағалау, бақы­лау және қолданудың тиісті тетігі әзір­ленуде. Бюджетті қалыптастыру кезін­дегі қате басқару процесі экономи­калық жағдайдың нашарлауына әкеліп соғады. Сондықтан Үкіметке бюджет қаражатын ұлттық басымдықтарға сәйкес пайдалануға мүмкіндік беретін мемлекеттік шығыстарды басқарудың кешенді жүйесін құруға тура келеді», деген еді Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің кезекті отырысында.

Осындай талдаушы тиімді жүйе құрылмай, Ұлттық қорға сүйенгені­міз сүйенген сияқты. А.Жамаловтың сөзінің жаны бар. Кез келген тығы­рыққа тірелу жағдайында Ұлттық қор есігін қаққанға әбден үйреніп алдық. Бюджетті пайдалану процесі барынша ашық әрі цифрлы болмайынша, тиімсіз жұмсау тыйылмайтынын Есеп комитетінің басшысы Наталья Го­дунова да ұдайы айтып келеді.

«2019 жылы 428 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда үш есе көп. Бұған жол беруге болмайды», деп еді Н.Годунова. 

А.Жамаловтың айтуынша, Үкімет 2009 жылдан бері бюджетті үш жылдық жоспарлау жүйесіне көшті. Алайда әлі күнге тым құрыса бір жылға жоспарлауды меңгере алатын емес. 2021 жылы республикалық бюджет 9 рет түзетіліп, 19 пайыз шығыс қай­та қаралған. Соның өзінде 68,8 млрд теңге игерілмей қалды.

«Былтыр Үкімет мемлекеттік бағ­дар­ламалардың орнына 10 ұлттық жоба жасап, соны жүзеге асыруды бастады. Бірақ жоспарлауға қатысты жағдайы әлі жақсармаған. Мемлекет­тік бағдарламалар да, ұлттық жобалар да стратегиялық жоспарлау құжаты бола алған жоқ. Бұл әртүрлі бюджет бағдарламалары ғана. Сондықтан оны мемлекеттік бағдарлама деп атасаң да, ұлттық жоба деп атасаң да бәрібір. Үкімет біраз жылдан бері жобалық басқару енгізу туралы айтып келе жатыр. Ал әрбір бюджет бағдарламасын­да өзіндік мақсаты, міндеті, тікелей нәтижелердің көрсеткіші, жетекшілері болмаушы ма еді. Сонда бұл жобалық басқару емес пе?! Стратегиялық құжат – Мемлекет басшысының Жолдауы, ұлттық даму жоспары, Парламенттегі көпшілік партияның бағдарлама­сы. Ал шығыстар түзілген кесе – ол стратегиялық құжат емес, ол жай ғана бюджеттің аналитикалық бөлінісі», дейді депутат.

Сенат депутаты Динара Нүкетаева бюджет қаржысы бұлай оңды-солды шашыла берсе, онда тексеру жүргізу қажет деп санайды.

«Ауылдағы жұмыспен қамту дең­гейін көтеру үшін 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасы арқылы 5 жылға 190 млрд теңге бөлу қарастырылған. Әңгіме ауыл­дың әлеу­меттік-экономикалық бей­не­сін, ма­ман­дануын, іскерлік әлеуе­тін және коо­перация бағыттарын анық­тау, тех­нологиялық карталарын қа­лып­тастыру туралы болып отыр. Бұрын жүргізілген мемлекеттік бағ­дар­ламаларда сонда мұндай анализ бол­мады ма? Қандай құжатқа сүйеніп мемлекеттің аса ірі көлемдегі қаржысы жұмсалайын деп отыр? Егер бюджет ақшасын жос­парлау және жұмсау сапасы сын көтермейтін болса, онда тексеру жүргізу қажет. 2025 жылға дейін 2 млн жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Соның 600 мыңы ғана тұрақты болмақ. Бұл іс-шаралар ауылдағы халықтың өмір сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру үшін жасалмақ. Біз азаматтарымызды сапалы жұмыспен қамту мәселесін түбегейлі шешкенде ғана ол межеге жете аламыз», дейді сенатор.

Соңғы 10 жылда тек «Еңбек» бағдарламасының өзіне 695 млрд теңге бағытталған. Бағдарлама жұ­мыс­­сыздық проблемасын шешіп, әл-ауқатты арттыруға тиіс болған. Д.Нү­кетаеваның айтуынша, уәденің бәрі қағаз жүзінде ғана орындалған. Өйткені бағдарлама аясында жұмыс тапты деген азаматтардың дені 3-4 ай ғана жұмыс істеген. Мұны олардың зейнетақы түсімдері мен басқа да деректері растайды.

Таяуда ғана Н.Годунова тағы бір даудың бетін ашты. Айтуынша, 2021 жылы әртүрлі институттар арқылы 390 млрд теңге экономиканы несие­леуге жұмсалды. Тиісінше, басым бөлігі бюджетке қайтпаған. Комитет басшысы жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын шығара бергенше, несие ставкасын субсидиялауды қолға алу қажеттігін жеткізді.

Қалай болғанда да бюджет қаржы­сын жұмсау жағынан ұятты болып тұрмыз. Үкімет мүшелері әр алуан бағдарлама ашып, сан түрлі инсти­тут құрып, қазынадан қаржы алып шығу­дың түрлі нұсқасын меңгерген. Осы критерий бойынша халықаралық рейтинг түзілсе, Қазақстанның бас бәйге аларынан зәредей күмәнданбаймыз. Президент наурыздағы Жолдауында есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға айналдыруды ұсынды. Оның басшысы жылына екі рет төменгі палата депутаттарына есеп бермек. Сөзсіз, бұл Мәжілістің де позициясын күшейтеді.

Жақында өткен референдум барысында да Президенттің біраз өкілеттілігі Парламентке, оның ішінде Мәжіліске ауысқаны белгілі. Жоғары аудиторлық палата құру және оны Мәжіліске «бағы­нышты» ету де ашықтыққа жол бас­тайтын бастама. Енді бюджет қар­жысы қатаң қадағаланып, бір тиын шашау шықпайтындай бақылау болады деген үміт бар.

«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды...» деуші едік қой. Бюджет зарын айта-айта А.Жамалов та шар­шай­тын болды. Мәжіліс құзыреті арт­қан соң бәлкім басқа да депутаттар бұл мә­селеге үн қосар, күріш арқы­лы жыл­­дар бойы су ішіп келген күр­мек­тей, шөлі басылмайтын, кеңірдегі кең тойым­сыз­дарға тосқауыл қойылар, бәлкім...