24 Сәуір, 2014

Ақпараттар ағыны

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
● Қазақстан биылғы мар­кетингтік жылы 7 млн. тоннадан астам астықты экспортқа шығарды.  «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры-коммерциялық директоры Нұрбек Дайырбековтің айтуынша, үстіміздегі  жылдың экспорттық әлеуеті  шамамен 9,5 миллион тоннаны құрайды. «Біз Ауыл шаруашылығы минис­тр­­лі­гі көрсеткен әлеуетке қол жет­­кі­зіледі деп ойлаймыз», – деді ол. ● Елімізде «Жасыл ел» бағ­дарламасына 650 млн. теңге бөлiнiп отыр. Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов биыл аталмыш бағдарлама қатарына 20-30 мың студент тартылатынын жеткізді. Олар негiзiнен өздерi білім алып жатқан қаланы көгалдандыру мен көркейту жұмыстарына атсалысады. ● Астанада Жеңіс күніне орай 60-тан астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Осы мерекелік думан күндері барлық ардагерлерге 150 мың, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерiне, сондай-ақ, соларға теңестiрiлгендерге 20 мың, тыл еңбеккерлеріне 10 мың теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. ● Ақтөбеде бос орын жәр­меңкесінде 400-ден астам жұ­мыс орны ұсынылды. Қаладағы «Достық» үйінде өткен кезекті қалалық жәрмеңкеде облыс кәсіпорындары мен ұйымдары 401 бос жұмыс орнын алға тартты. Әлеуметтік жұмыс орындарында 19 бос орын болса, тұ­рақ­ты жұмыс орындарында 382 бос орын үлеске түсті. ● Қазақстандықтар тас­қын­ға ұшыраған Атбасар тұрғын­дарына 45 млн. теңге аударды. Қалада қазір  табиғат апатынан жапа шегіп, үйсіз-күйсіз қалған жандарға көмек қолын созуға ниет білдірушілердің саны күн санап артып келеді. ● Маңғыстау облысындағы ауылдық округтер әкімдері жаңа көліктерге қол жеткізді. Облыс әкімі Алик Айдарбаев аудандардағы елді мекендер мен Форт-Шевченко қаласының әкімдеріне 33 «Нива» және 1 «Kia Cerato» автомобильдерінің кілттерін тапсырды. ● Жамбыл облысында үкіметтік емес ұйымдарға 186,1 млн. теңге бөлінді. Өткен жылғыдан 51,7 млн. теңгеге артық бұл сома 35 лот бойынша таратылады. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков осы ұйымдар өкілдерімен кездесуі кезінде мәлімдеді.  ● Өскеменде корей мәдени ор­талығы құрылып, іске кіріс­ті. Қаладағы «Квансон» Қазақ­стан-Корея колледжінің базасында ашылған бұл мекен Өскемен және Каннына қала­ларының бауырлас атануына байланысты пайда болды. BNews.kz, Altaynews.kz, Egemen.kz ақпарлары мен «Знамя труда» газеті сайттары бойынша дайындалды.