Теннис • 15 Маусым, 2022

Қарт құрлықтан олжалы оралды

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық жас теннисшілер өткен аптада Еуропа­ның бірқатар елінде және Қазақстанда ұйымдас­ты­рылған халықаралық турнирлерде өрелі өнерлерімен көзге түсті.

Қарт құрлықтан олжалы оралды

Қазақстан теннис федера­циясының мәліметі бойынша Арсений Требухин Грузияның астанасы Тбилисиде ұйым­дастырылған 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өткен үшінші санаттағы жарыстың абсолютті жеңімпазы атанды. Алматы теннис мектебінің түлегі саналатын А.Требухин жекелей сынның финалында осы турнирдің бірінші ракеткасы ресейлік Артем Се­ме­новті екі сетте – 6:3, 6:1 есе­­­бімен тізе бүктірді. Бұл – отандасымыздың Еуро­па­дағы ең алғашқы ірі жеңісі. Сондай-ақ Требухин атал­ған турнирдің жұптық бәсе­кесінде де топ жарды. Ол ал­матылық Родион Лука­шов­пен бірге жұп құрап, бас жүл­де үшін өткен матчта ресей­лік­тер Иван Макаров пен Ми­рослав Морозовтан айласын асырды – 7:5, 6:2.

Сонымен қатар Тбили­сидегі 16 жасқа дейінгі спорт­шылар арасындағы додада ақтөбелік Демид Горбачев финалға дейін жетіп, шешуші ойында Еуропаның 15-ракеткасы ресейлік Сава Рыбакинге жол берді – 4:6, 6:7 (3:7). Дегенмен Д.Горбачев жұптық сында топ жарды. Мансұр Шәкенмен бірге ол финалда ре­сейліктер Владимир Кадо­бине мен Антон Катарцевтен айласын асырды – 6:2, 6:0.

Латвияның бас шаһары – Ригадағы екінші санаттағы Еуропа додасында 12 жасқа дейінгілер арасында Жантөре Санжарұлы жекелей және жұптық сынның финалисі атанды. Жекелей сынның финалында ол финляндиялық Алекс Тоумоллинге есе жі­берсе (0:6, 3:6), жұптық сын­да ұлыбританиялық Хаким Камалмен бірге латвия­лық Густавс Бритц пен А.Тоу­моллиннен ұтылып қалды – 1:6, 2:6.

Ал Черногориядағы 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF тур­нирінде қазақстандық Сати Әубәкірова да жұптық сында финалға дейін жетіп, жүлдеге сынық сүйем қал­ғанда сүрінді. Қытайлық Ифей Хуангпен бірге жұп құ­раған Сати Әуба­кірова ита­лиялықтар Анас­тасия Бертаччи мен Франческа Ган­долфиден жеңіліп қалды – 0:6, 4:6.

Сондай-ақ Шымкенттегі ATF (Азия теннис федерациясы) сериясы бойынша 16 жасқа дейінгілер арасын­да халықаралық жа­рыс өз мәресіне жетті. Мұн­да боз­ба­лалар арасында ел­ор­да­лық Вячеслав Куфельд же­ңіс тұғы­рына көтерілсе, жұп­тық сында ақтөбелік Свя­то­слав Буреев пен шым­кент­тік Иман­ғали Рахым­баев­тың бағы жанды. Қыздар ара­сын­да алматылық Полина Слеп­цованың мерейі үстем болды. Жұптық сында шым­кенттік Әдемі Аманкелді мен өзбекстандық Шахзода Ар­тықбаева чемпион атанды.