Аймақтар • 15 Маусым, 2022

Түркістан облысындағы елді мекенде мектеп апатты жағдайда тұр

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы Келес ауданының тұрғындары жаңа оқу жылында балаларын мектепке жіберуге қарсы. Оған себеп үш жүз орындық мектепте сегіз жүзге жуық бала қысылып-қымтырылып оқиды. Ал жергілікті биліктің мәселені уақытша шешу үшін жабдықтаған қосымша ғимараты құлаудың алдында тұр, деп жазады Egemen.kz Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысындағы елді мекенде мектеп апатты жағдайда тұр

Халқы тығыз орналасқан ауылдың демографиялық өсімі де жақсы. Сондықтан оқушылар үшін мектеп мәселесі қашан да өзекті. Білім нысанының қосымша ғимараты әбден тозып, қабырғасынан жылу кетсе де әлі пайдаланып отыр.

Бұл ғимарат өткен ғасырдың 70-жылдары жұмысшыларға арнап салынған жатақхана еді. Бала саны артқасын екі мыңыншы жылдары мектеп кабинеттеріне лайықталып, жабдықтау ісі жүргізілген. Апатты жағдайда деп тұрғындар алаңдағанмен бұл нысанда 100-ден астам бала оқып жүр.

«Ажары қашқан ескі нысанның екінші қабаты адам өміріне қауіп төндіргесін есігіне құлып қойылды. Бірақ бірінші қабатында бастауыш сынып оқушылары әлі де оқып жатыр», дейді тұрғындар.

Шатырынан су кетіп, қабырғасы қақырап тұрғандықтан ата-ананың көңіліне алаң кірді.

Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің өкілдері ескі нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қаралғанын күтіп отырмыз дейді. Тұрғындардың талабы ескеріліп, ескі ғимаратта бала оқыту тоқтатылыпты.

«Алдында сыймаған кезде оқып жатқан. Қазір енді күрделі жөндеуден өткіземіз деп жобалау-сметалық құжаттарын дайындадық. Сметалық құжатқа облыстан қаржы сұраттық. Қаржы берілген жағдайда келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді. Содан кейін пайдаланатын боламыз», дейді Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев.

Бөлім басшысының сөзінше жаңа мектептің құрылысы тек көрші ауылға жоспарланған.

Іргесі құйылып, құрылысы аяқталса қос ауылдың оқушы сыйымдылығы шешімін табады деп отыр. Ал оқушылар оған дейін үш жүз орындық мектепте үш ауысыммен оқуына тура келеді.