(Жалғасы. Басы 77-78-нөмірлерде).
– Бұдан кейін не болды? Рейхстаг қабырғасына алғашқы болып ту тіккен сіз бен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың ғажайып ерлігі өздеріңіз қызмет еткен дивизия, корпус, армия басшылығы тарапынан қалай бағаланды? Сөз арасында Жеңіс күнінен кейінгі Берлин қаласына аз-кем тоқталып кетсеңіз.
– 1 майға қараған түні немістердің дауыс күшейткіш, репродукторлары сөйлеп қоя берді. Олар: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Оқ атуды тоқтатуды өтінеміз! Берлин уақыты бойынша 24 сағатта Потсдам көпіріне парламентерлер жібереміз. Белгі – ақ жалау», – деген сөздерді орысша және немісше оқтын-оқтын қайталап жатты. Бұдан біз гитлерлік командованиенің берілуге бой ұсынып, тізе бүгуге келіссөз жүргізе бастағанын білдік. Расында да солай болды. 2 мамыр күні таң ата оянып, орнымыздан тұрсақ, төңірек тып-тыныш. Күндегі тарсыл-гүрсіл сап тыйылған. Тек қираған үйінділер арасынан қолдарын көтеріп қыбырлай қозғалған жау әскерлері көрінеді. Оларды ерекше тапсырмалар жөніндегі біздің арнаулы бөлім жауынгерлері әр жерге топтастыра жиып, Король алаңынан жайымен айдап өтуде. Міне, Рейхстаг іргесінен сондай бір колонна қозғалып барады. Олар: үнжырғасы түскен унтер офицерлер, фельдфебельдер мен гауптмандар, оберстер және эсэс баскесерлері мен гитлерюгендтер. Араларында генералдар да бар. Бәрінің бастары салбырап, қолдары жансыз ағаш секілді сұлқ төмен түсіп кеткен. Бұлардың күні кешегі нацизм мақтанышы болып саналатын әскери киімдеріндегі оқалы погондар мен фуражка кокардалары және жеңдеріндегі айшықты свастикалар бүгін сұсты да сесті түрінен айырылып, бәрінің көк тиын құны қалмаған. Осындай бейшара халге «Гиммлер үйі» мен Ратуша ғимараты жанындағы баяғы ғасырлардан бері мызғымай тұрған неміс корольдері мен қолбасшыларының мәрмәр, қола мүсіндері үнсіз куәгер болып, іштей күрсінгендей. Тіпті алаңдағы фашизм символы саналатын анау алып ескерткіш, сұрғылт свастика үстінде одырая қонақтап отырған самұрық та қанаттарын төмен түсіріп, үшінші Рейхтің масқара жеңілісіне жабыға қарағандай.
Ал керісінше... иә, керісінше Бранденбург қақпасы мен Трептов паркі төңірегінде көптен күткен жеңіс күніне біздің әскерлеріміз шат-шадыман болып жатыр еді. Көріп, тамашалап келеміз, аккордеон клавиштері мен балалайка пернелерінде тыным болмай, музыкаға үн қосқан солдат етіктерінің дыбысы эстрада бишілерінің түсіне де кірмейтін көз ілеспес қозғалыспен асфальт үстін ғажап қимылға бөлеуде. Осы жерде біз тұңғыш рет ақын Евгений Долматовскийді көрдік. Ол өзін қоршап алған медсанбат бөлімшесінің адамдары алдында өлең оқып тұрды. Май айының самал желі оның: «Гвардияшылар Берлинді аралай жүріп, Сталинградты да есіне алуда», – деген сөздерін әуеге қалықтатып әкетіп жатты.
Бұл күнгі қызықтың ең үлкені түске таман Рейхстаг алаңында: «Гитлер армиясы тізе бүкті», – деген хабарды естіген көршілес армиялардың жауынгерлері Тиргартен мен Унтер ден Линденді, Александр плацты көруге жан-жақтан ағылып келе бастағандығы болды. Сол күнгі Берлиндегі шұғыл шақырылған әскери жиынға қатысу үшін Бухарестен, София мен Белградтан, Венадан көптеген генералдар да самолетпен ұшып жетті. Олардың бәрі де алдымен Рейхстагты келіп көрумен, ескерткішке суретке түсумен болды. Содан кейін жиылған жұрт кеше ғана кірпішпен бітелген анау сұсты терезелерден оқ атқыланып, готтар мен пруссактар табынатын әлдебір құдай мүсіндерінің шатырлардан ұшып түсіп құлап, әсем вестюбильдер мен балкондар өрнектерінің күлпаршасы шыққанын өз көздерімен көрген 150-ші Идрицк дивизиясы жауынгерлерінің әңгімелерінен естіп білді. Мұнымен бірге олар өртеніп, қаңқасы ғана қалған Рейхстагты айнала қарап жүріп, атылған оқтар мен снарядтардан аттары аяқсыз, бабалары бассыз қалған баральефтерге туған жерлері мен фамилияларын жаза бастады. Сөйтіп, офицерлер мен жауынгерлер осы жерге өздерінің жоғарыдағыдай мыңдаған «автографтары» мен «визит карточкаларын» қалдырды. Өз кезегінде біз – Григорий Булатов екеумізге де баспалдақтағы автомат оқтары шұрқ тесілген колоннаға «қолтаңбамызды» қоюға тура келді. Өйткені, сол күндері кім-кімнің де бұлай істемеуіне мүлде болмайтын еді. Ол жазылмаған заң, ішкі интуициялық бұйрық-тын.
Ал енді: «Сіз бен Григорий Булатов екеуіңіздің Рейхстаг қабырғасына ту тіккен ерлігіңіз басшылық тарапынан қалай бағаланды?» – деген сұрағыңа келер болсақ, мәселе былай. Сол күні де, одан кейінгі аптада да бұл оқиға бүкіл дивизия, армияға белгілі болып, мұны жазбаған газет, жоғары жаққа хабарламаған адам қалған жоқ. Қайта-қайта комиссия келіп, әлденеше беттік баянхат та дайындалды. Суретке түсіріп, жеке анкетамыз да толтырылды. Тіпті, 6 мамыр күні ерекше тапсырмалар жөніндегі әскери бөлімнің қызметкерлері Григорий екеумізді ертіп жүріп, біздің 30 апрель күні «Гиммлер үйінің» бірінші қабатындағы қай терезеден қалай секіріп түскенімізді, сөйтіп Рейхстагқа қандай жолдармен қанша уақытта жеткенімізді схема түрінде сызып алғаны да бар. Осы арада айта кететін бір жәйт, сол кездері 30 апрель күнгі жау ордасына шабуылда оның екінші бір жағынан да біздікі сияқты қызыл жалау ілініпті. Оны қабырғаға тіккен сержанттар Г.Савченко мен М.Еремин деген әңгімелер жүріп жатты. Тексеру мен анықтау міне, осындай жағдайларға байланысты болса керек. Содан ақыры не керек, 27 мамыр күні Берлиндегі 79-шы корпустан келген арнайы өкіл совет әскерлері контингентінің штабына Рейхстагқа шабуыл жасаушы әскери бөлімдер арасында ерекше көзге түскен ерлік иелері деп бір топ адамды жинады да жауынгерлік Қызыл Ту орденін тапсырды. Бұл награда сол жерде Григорий Булатов пен маған да берілді. Сонымен барлығы тәмам болды.
Енді мына мәселенің басын ашып айтып, соған өзімше былай деп жауап бергім келеді. Ол осы күні елдің бәрі ерліктің өз дәрежесінде бағаланбауы деген ұғымға қатысты жәйт. Бекер обалы қане, сол кезде бұл жағдай дұрыс бағаланған. Басшылар бізді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Бірақ Григорий екеуміздің әкелеріміздің 1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, істі болуы себепті шешім кейінге шегерілген. Сол реляция қазір СССР Қарулы Күштері Бас штабының архивінде жатыр.
Мен ол кезде оны ойлағаным жоқ. Атақ, даңқ емес, сол жолы, яғни 30 апрель күні қияметтің қылкөпірінен аман өтіп, тозақ отынан тірі қалғаныма қуандым. Бұған біреу сенер, біреу сенбес, ертеңіне, 1 майдың таңында оянғанымда, көкжиектен шығып келе жатқан күн шұғыласын көріп: «Тәубе!» – дедім күбірлеп. Өйткені, бұл дүниеде қара табаныңмен қара жерді басып, тіршілік белгісі – ақ таңды қос жанарыңмен көріп, оны аман-есен қарсы алғаныңнан артық ештеңенің керегі жоқ екен. Мұндай өмірлік ұстанымымның тууына мына жағдай себеп болды. Жоғарыда мен 6 мамыр күні ерекше тапсырмалар жөніндегі әскери бөлімнің қызметкерлері Григорий Булатов екеуміздің «Гиммлер үйі» мен Рейхстагтың арасындағы жүріп өткен жолымызды бүге-шігесіне дейін тексеріп өтті дедім ғой. Міне, сонда: «Мынадай ажал аузынан осыдан 7 күн бұрын қалай аман қалғанбыз?» – деп жағамды ұстаған едім. Себебі, жау ордасының жан-жағы баррикада тәріздес құм қаптармен қоршалыпты. Ені 600, ұзындығы 1200 метр болатын Король алаңына 15 дот салынған. Бұған қосымша өзіміз сөз етіп отырған осы алаңға көлденең, Рейхстагтан 120 метр жерде су жіберілген бөгет ор бар болып шықты. Ол ешбір әскери картада көрсетілмеген. Оған жау ордасына жақын жердегі үйлердің шатырларына орнатылған түрлі калибрдегі зенит зеңбіректері мен пулеметтерін, Тиргартен маңайындағы жерге көміліп қойылған артиллериялық қаруларды қосыңыз. Міне, кейін осы шағын ғана жер – Рейхстаг ауданын өліспей беріспеуге бел байлаған 6 мың эсэс баскесерлері қорғағанын айтты бізге ерекше бөлім қызметкерлері. Ал енді осындай жерден аман шығу... Бұл енді Алланың маған тартқан сыйы қарағым. Сондықтан осы күніме шүкіршілік етемін.
– Елге қашан қайттыңыз?
– Біздің 674-ші полк совет әскерлерінің Берлиндегі шектеулі контингенті құрамында 1947 жылға дейін тұрды. Содан соң елге қайтуға рұқсат берілді. Варшава, Киев, Мәскеу, Челябіні көктей өтіп Ақмолаға келдім. Жүдеу өмір, көңілі қаяу жұрт. Жағдай сұрап жайбарақат жүретін заман емес. Жан бағу үшін жұмысқа тұрдым. Педучилищеде оқитын Гүлжиһан атты бойжеткенмен таныстым. Бір-бірімізді ұнатқан соң үй болып, отау құруға сөз байластық. Ата-анасы қарапайым адамдар екен. Ақмоладан онша қашық емес, Бүксін өзенінің жағасындағы «Жаңа тұрмыс» колхозында тұратын болып шықты. Гүлжиһан бес ағайынды еді. Олар: өзі және Үмітжан, содан соң Жантас, Сабыр, Қадыр. Әкесі Сәрсенбай Қасенов сол кездегі замандастары секілді алдымен колхозда жұмыс істеген шаруа адамы, содан соң соғысқа барған майдангер-тін. Отағасының алдынан өтіп, батасын алған соң ол кісімен жақынырақ танысып, талай әңгімеге қанықтым. Соның бірі мына оқиға. Ақсақал Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың күзінде алыныпты. Ленинград бағытындағы майданда болған. 1942 жылғы жаз айларының бірінде ауыр контузия алып, опырылған траншея топырағының астында қалыпты. Бұл жағдайды Степан Лазаренко деген қаруласы кездейсоқ көріп қалады да Сәрсекеңді басқа жауынгерлерге айтып жүріп окоптан қаздыртып алады. Сөйтеді де санчастьқа тапсыртып, есі жиналған соң елге қайтартады.
Гүлжиһан екеуміз үйленіп, отбасын құраған соң, сол кездегі аты жиі естіліп, жастарды жұмысқа шақырып жатқан «Мойынты – Шу» теміржол құрылысына аттандық. Сарышаған станциясындамыз. Үй берді. Кәсіп бар. Өмір жақсы. Бірақ ауа райы қатал. Күн ыссы. Жер сортаң. Су ащы. Мұның бәріне көндігіп кетер ме едік қайтер едік, егер бір бақытсыз оқиға болмағанда...
Зайыбымның аяғы ауыр, екіқабат-тын. Әне-міне босанады деп сәби күтіп жүргенбіз. Көршілеріміз де жандары қалмай, Гүлжиһан мектептен кітап, дәптер бумаларын әкеле жатса, оларды көтертпей, алдынан шығып өздері үйге әкеп тастайтын. Сөйтіп жүргенде бір күні толғақ қысып, ауруханаға түсті. Содан ол сол жерден қайтып тірі шықпады. Өз аяғымен барып, өлі күйінде үйге оралды. Шешесін жұтқан шақалақ ұл бала еді. Алты айдан кейін ол да шетінеп кетті. Сонымен басқа ұрған танадай мең-зең болып, не істерімді білмей қалдым. Көрші-көлем, жора-жолдастарымның қолдарынан басу айтқаннан басқа не келеді. Жылы сөздері мен жәрдемдерін аямайды-ақ. Бірақ менің еңсем көтерілер емес. Өстіп жүргенде еңбек демалысымның да уақыты келді. «Алматыға барайын», – деп ойладым іштей. Осы шешіммен Алатау баурайына қарай тарттым. Содан Сарышағанға қайта оралғаным жоқ.
Алматыда ол кезде, айтпақшы қазірде де бар, «Горкомхоз» деген мекеме болды. Сонда әртүрлі жұмыстар істеп жүрдім. 1953 жылғы желтоқсан айының аяғында қалалық әскери комиссариат Ұлы Отан соғысына қатысқан запастағы офицерлерді жинап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Әкімшілік бөліміне алып келді. Бұл басқосудан ұққанымыз: таяуда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы және 1928-1932 жылдарғы коллективтендіру кезінде Қытайға ауып кеткен қандастарымызды Қазақстанға қайта оралту жұмысы басталады екен. Мақсат – соғыстан кейін әлсіреп кеткен жұмыс ресурсын жандандыру. Соған байланысты Семей өңірінен Бақты, Мақаншы, Алматы облысынан Қорғас, Нарынқол шекара пункттері ашылып, оған жауапты адамдар 1954 жылдың 1 мартынан бастап арғы беттен бері өткен ағайындарды лайықты дәрежеде қарсы алулары керек. Бұл жұмысқа кешегі Ұлы Отан соғысындағы темірдей тәртіп тезінен өткен, ресми іс қағаздарын толтыруда тәжірибелері бар біз сияқты запастағы офицерлер тартылатын болыпты.
«Бәрекелді! – дедік мына сөзді естігенде бәріміз. – Жақсы хабар, дұрыс іс екен. Құдай енді елге елді қостыратын осы көштің сәтін берсін!». Сөйттік те жарты ай шамасында буынып-түйініп, осыдан 10 жыл бұрынғы майдан даласындағы взвод, ротаға жетекшілік еткен лейтенанттар, батальонға басшы болған капитандар мен майорлар, осы құрылымдардағы саяси жұмыстар жүргізген политруктер Орталық Комитеттің жіберген жерлеріне тарттық та кеттік. Құрамында мен бар 12 адамдық топ Жаркент қаласына келіп түстік. Осындағы Красноармейская көшесінде бізге арналған кеңсе үйі бар екен. Оған «Қоныстандыру пункті» деген жазуы бар тақтайша іліп қойыпты. Жұмысымыз өте қауырт. Жүктелген тапсырма түрлері: шекарадан өтіп келген қандастарымызды отбасы бойынша тізімге алу, әрқайсысының қолдарына паспорт алғанша деп уақытша куәлік ретінде жүретін сурет жапсырмасы бар анықтама-справка беру, 3 күндік карантинде ұстап, дәрігерлік-санитарлық бақылаудан өткізу, содан соң оларды Қазақстанның солтүстігіндегі тың көтеріліп жатқан өңірлерге жұмыс күші ретінде жіберу еді. Бірақ уақыт өте келе мынадай қиындыққа кезіктік. Ол бір кездері Қытайға ауғандардың дені осы өңірлерден болғандықтан, көбінің енді 30-40 жылдан кейін әрең көрген атамекенінен алысқа ұзап кеткісі келмегендігі еді. Және жұмыс күші жалғыз тың көтеріліп жатқан солтүстік облыстарға ғана емес, соғыстан еркек кіндік азайып кеткен мұнда да өте қажет болып шықты. Осындай проблемаларға кезіккен соң Үкіметке хат жазып, телеграмма салдық. Жоғарғы жақ бұған тез жауап қатты. Олардың ұйғарымы бойынша бізге, егер шекарадан бері өткен азаматтың Алматы не Семей өңірінде туысқаны табылып, ол Қытайдан келген жақынын бір жылға дейін бағып-қағып, қатарға қосуға шамам келеді деп қолхат берсе, мұндай отбасыларды тың жерге жібермей-ақ, сол ауыл, ауданда жұмыс күші ретінде қалдыруға рұқсат беріпті. Міне, осыдан кейін ісіміз ілгері басып жүре берді. Шеттен келген ағайындармен арада жақсы бір сыйластыққа толы түсіністік орнады. Бұған сол кездері өзім куә болған мына өмірлік мысалды айтсам, сол көп жайдан хабар береді ғой деп ойлаймын.
1955 жылдың күзі болуы керек, біздің Красноармейская көшесіндегі қоныстандыру пунктіне жасы 25-26 шамасындағы жігіт келіп кірді. Аман-саулықтан кейін ол өзінің бір жыл бұрын арғы беттен бері өткенін, содан осы Панфилов ауданындағы Жаркент педагогикалық училищесін бітіріп, қала іргесіндегі Кішішыған ауылында мұғалім болып орналасқанын айтты да әңгіме арнасын басқа тақырыпқа бұрды. Оның сөзіне қарағанда осыдан 2-3 күн бұрын Қытайда қалған Бексұлтан Жәбіков деген жалғызбасты немере інісі Қорғас заставасынан бері өтіпті. Сыбай-салтаң, аяққа оралғы бала-шағасы жоқ жас адам болғандықтан, бақылау пунктіндегілер оны тың игеріліп жатқан солтүстік өңірдегі Қостанай облысының Боровской ауданына жіберуге шешім қабылдапты.
– Өзі момын, сауаты да шамалы, оның үстіне орыс тілінен мүлде мақұрым еді бауырым. Ағайын-туғанынан алысқа барып қалай күнелтеді? – деген уайымын айтты әңгіме иесі.
– Аты-жөнің кім? – деп сұрақ қойдым осы арада мен оған.
– Тоқбай Исабеков.
– Жарайды, інішек... Енді мәселе былай, – дедім. – Немере інің өз-өзіне келіп, мына ортаға бейімделгенше, оны бағып-қаға алатын шамаң бар ма?
– Ойбай, о не дегеніңіз?.. Өзім ештеңе ішіп-жемесем де, ештеңе кимесем де барымды соған беремін ғой.
– Жеке басы мен жүріс-тұрысы деген сияқты тәртіп жағына да жауап бересің ғой?
– Иә,
– Онда осылай деп өтініш – қолхат жаз да ініңді мына ауладан тауып алып, ауылыңа қайт.
– Ой, рахмет ағасы! Бұл жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаспын. Көсегеңіз көгерсін! – деп ол қатты қуанды.
...Сөйткен Тоқбай, иә, сөйтіп танысқан Тоқбай Исабеков кейін Жаркент өңіріне сыйлы ұстаз атанды. Мұғалімдік қызметті қаламгерлікпен жалғастырып, бірнеше кітаптың авторы атанған соң Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Ал әлгі жалғызбасты жігіт – Бексұлтан Жәбіков колхозда жан аямай жұмыс істеп, озат сушы – мұрап болды. 5 ұл, 2 қызды өмірге әкеліп, әйелі Сарқыт екеуі бақытты өмір сүруде. Тоқбай да, Жәбік те қазір сол Жаркент өңіріндегі өздерінің ата-бабалары туып-өскен жерде. Барыс-келісіміз жақсы. Үнемі хабарласып, хал-жағдайымызды сұрасып тұрамыз.
– Дұрыс екен. Ал енді мынаны айтыңызшы, аға! Ол жақтағы, яғни, шекарадағы жұмыстан қалай босап, Алматыға қашан қайттыңыз? Содан соң одан кейінгі және қазіргі өмір жолыңыз туралы да қысқаша айта кетсеңіз. Себебі, бұлар бүгін жай, қалыпты нәрсе ретінде көрінгенімен, болашақта қажетті деректер болары анық.
– Алматыға Қорғас шекарасынан бізді 1956 жылы қайтарды. Келген бойда сол баяғы қалалық коммуналдық шаруашылық жұмысына қайта кірісіп кеттім. Кейін Чайковский мен Совет көшесінің қиылысындағы моншаның меңгерушісі болдым. Сөйтіп, жүргенде 1965 жылғы Жеңістің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында мені Мәскеу мен ГДР-дан түрлі делегация өкілдері жиі іздеп келе бастады. Сұрайтындары – Берлиндегі баяғы Рейхстаг оқиғасы. Міне, сондай кездесулерде сырт көз адамдардың біреуі болмаса біреуі Ұлы Отан соғысының әйдік батырына көрсеткен құрметтерінің түрі осы ма деген сияқты ескерту айтып қала ма деп қауіптенді-ау деймін, Алматы қалалық советі атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсенов менің қызметімді өсірді де жіберді. Сөйтіп ойда-жоқта монша меңгерушісінен қалалық коммуналдық және көркейту басқармасы бастығының орынбасары болып шыға келдім. Ал содан екі жыл өткен соң Қазақстан астанасының ең сұлу әрі әсем архитектуралық туындыларының тұңғышы – «Алматы» қонақ үйі өмірге келді. 1967 жылы сөз етіп отырған ғимараттың лентасы қиылып, салтанатты жағдайда ашылғаннан бері мен міне, осында директор болып қызмет атқарып келемін. Коллектив мүшелері – өз ісінің мамандары. Ұйымшыл, тәртіпті, саналы, мәдениетті жандар. Үлкендерге ізетпен, кішілерге қамқорлықпен қарайтын осындай адамдармен жұмыс істеп келе жатқаныма тәубе деп өзімді бақытты сезінемін.
Әңгіме аяқталды. Сағатыма қарадым. Циферблат тілі кешкі 8-ге таяп қалған екен. «3 сағатқа жуық әңгімелесіппіз ғой», – деді осы кезде қабылдау бөлмесіндегі қызға шай әкелуге тапсырма беріп жатып Рахаң да менің қимылымды байқап қалып. «Иә, көп сөйлестіңдер. Біраз нәрсе айтылды. Өзіңмен 30 жылдан бері аралас-құралас болып келе жатсам да сен туралы кейбір жәйттерді мына мен де жөнді білмейді екенмін. Бұл бір жақсы әңгіме болды», – деп орнынан тұрды бөлменің бір бұрышында біресе теледидар көріп, біресе газет оқып отырған Қасым аға Қайсенов те.
Үшеуміз шайға отырдық. «Қазақ, – деп бір әңгіме бастады осы кезде сәл қуақылана жымиған Рахаң, – қонағын қой сойып қарсы алған ғой. Біз саған қой ғана емес қалқам, мына жерге бүкіл жан-жануарды тізіп әкеп отырмыз. Ұялма, қалағаныңды алып, ішіп-жеп отыр». Бұл сөзге Қасекең мәз болды. Ал мен әңгіме не туралы болып отырғанын түсінбей қалдым. Сосын барып дастарқандағы аю, әтеш, құлын, торғай, балық бейнеленген ұсақ печеньелерді көріп күліп жібердім. Рахаң міне, соларды айтып қалжыңдап отыр екен.
Қайтарымда мағыналы да мәнді әңгімесі үшін батыр ағаға рахметімді айтып, дипломат сөмкемнен ол кісінің 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жеңіс жалауы» кітабын алып, автограф жазып беруін өтіндім. Рахаң бұған ризашылықпен келісіп: «Жанболатқа. Зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Ағаң Рахымжан Қошқарбаев. 9 май, 1984 жыл. Алматы», деген сөздерді жазып ұсынып жатты да: «Бүгін 9 октябрь екенін білемін. Бірақ мен ел-жұртқа берген қолтаңбаларыма 9 май күнін жазуды әдетке айналдырғанмын. Ол қандай мереке екенін білесің ғой», деді. Сөйтті де столының тартпасынан шағын қатырма қағазды суырып алып, оған өзінің қолын қойды да: «Мынау менің 60 жылдығыма арналған шақыру билеті. Келін екеуің келіп қатыс. Жарай ма?», деп шығарып салды. Сыртқа шығып, қолымдағы қағазға үңілсем, онда орыс тілінде: «...Сізді Рейхстаг шайқасының қаһарманы, соғыс ардагерлері комитеті Алматы секциясының президиум мүшесі Рахымжан Қошқарбаевтың 60 жылдығына арналған салтанатты кешке қатысуға шақырамыз. Кеш 1984 жылдың 19 октябрінде кешкі сағат 17-де Қазақстан Жазушылар одағының конференц-залында өтеді (Алматы қаласы, Коммунистік проспект 105-ші үй). Мерейтойлық комиссия», деп жазылыпты.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––––
Суреттерде: 3-ші армияға қарасты «Фронтовик» газетінің Рейхстаг қаһарманы Р.Қошқарбаевты таныстырған 1945 жылғы 17 мамырдағы нөмірі. 150-ші дивизиядағы «Воин Родины» газетінің әскери тілшісі болған В.Субботин мен Р.Қошқарбаев. Мәскеу. 1970 жыл. Жерлестер (бірінші қатарда солдан оңға қарай: М.Жұмағожин, Р.Қошқарбаев, А.Айнабеков, екінші қатарда тұрғандар: А.Төлеубаев, С.Нұрмағамбетов, Т.Бигелдинов). Целиноград. 1971 жыл.
___________
(Жалғасы бар).