Экология • 15 Маусым, 2022

Еліміздің 10 өңірінде ауа сапасы нашар - министрлік

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еліміздің 10 өңірінде ауа сапасы нашар - министрлік

«Қазақстанның 45 өнеркәсіптік аймағындағы ауаның ластану деңгейіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 10 аймақта ауа сапасы нашар екені анықталды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалаларында ауаның ластану деңгейі өте жоғары. Оған үш негізгі фактор әсер етеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда жылыту электростанциялары ауаға зиянды қалдықтарды көп мөлшерде бөледі. Теміртау мен Өскеменде экологияға ірі көлемде өнеркәсіптер зиян келтіреді.  Ал батыс өңірлерде ескірген кәріз жүйелері ауаны ластап отыр», деді вице-министр.

Зүлфия Сүлейменованың дерегінше, өңірлердегі экология ахуалын жақсарту үшін 16 жол картасы әзірленген.

«Жол картасына сәйкес, 485 іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. 2020 жылдан 2022 жылдың бірінші тоқсанына дейін белгіленген жұмыстар 50%-ға аяқталды. Осы шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай 10 аймақтағы экологияның ластану деңгейі төмендейді деп болжап отырмыз», деп атап өтті Зүлфия Сүлейменова.

Елімізде ауаның ластануына себепші болып отырған ірі 16 кәсіпорын бар. Вице-министрдің айтуынша, аталған компаниялар өз қаражаты есебінен зиянды қалдықтар мөлшерін 20-30%-ға дейін азайтуға міндеттелді.