Қазақстан • 15 Маусым, 2022

Ұлытаудағы ұлағат

9992 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғаннан бері іргесі Ұлытауда қаланған Ұлық Ұлыс – Алтын Орда тарихына ерекше қолдау білдіріп, Жошы хан тарихи-мәдени салтанат кешенін абаттандырды, елдік рухқа ерекше серпін беретін Ұлытау облысын құрды. Енді міне, ұлағатты мекенде ұлтты ұйыстыра түсетін Құрылтай шақырып отыр.

Ұлытаудағы ұлағат

Құрылтай – арғысы есте жоқ ықылым заманнан, бергісі ғұн дәуірінен бастау алып, түркі дәуірінде іргеленген, Ұлы даланы мекендеген киіз туырлықты, ағаш уықты көшпелі елдердің мемлекеттік жүйесін уақыт тынысымен, заман талабымен үйлестіретін, қоғамдағы сан қырлы топтар мен тайпалардың басын біріктіріп, тізесін қосып, құнды бас­тама, құнарлы ой-пікірлеріне құлақ асып, мемлекеттік мүддеге жаратуға жол ашқан жасампаз жүйе. Ел өміріне бетбұрыс жасалатын хан сайлау, жарғы-жаса қабылдау, мемлекеттің ішкі-сыртқы саяси тұғырын айқындау, әскери қорғанысты бекіту, ел ішінде ушыққан дау-дамайды реттеу сияқты елеулі оқиғаларға байланысты шақырылған Құрылтай сауын айтып, сегіз тарап, төрт қиырдан жұрт құйылып келетін алқалы жиын ретінде ежелден елге киелі, топырағында хандар мен әулиелер тыным тапқан кіндік өлкеде айырықша салтанатпен өтетін.

Әйгілі Оғыз хан өткізген құрылтай туралы «Оғыз қаған үлкен құрылтай шақырды, нөкерлерін, бектерін, жұртын сауын айтып жарлап шақырды. Келелі кеңес өткізді... Оғыз қаған әйдік ордасының оң жағына алпыс құлаш діңгек тұрғызды. Басына бір алтын тауық қойды, түбіне бір ақ қой байлады. Сол жағына қырық құлаш діңгек орнатты. Оның басына бір күміс тауық қойды, түбіне бір қара қой байлады. Оң жақты Бозоқтар отырды, сол жақта Үш оқтар отырды. Қырық күн, қырық түн ұланасыр той жасады» деп жазылған дастанда. Мұндай деректерден құрылтайдың айырықша салтанатпен, алтын қабақ аттырып, сұрмерген сайыстырып, ат жарыстырып, палуан күрестіріп, жиылған қауымның әлеуметтік орынын, күш-қуат айбынын айқындайтын адал бәсекемен қатар өткерілетін жоралы салт-жосын болғанын байқауға болады.

Құралу деген түбірден бастау алатын Құрылтай елді біріктіру, ұлысты ұйыстыру, ынтымақты нығайту, келелі пікір, кесімді шешімді саралау, түптеп келгенде, мемлекеттік түзімді жасампаздықпен жасақтауға бағалы қызмет атқарып келген дала демократиясының айқын көрінісі болатын.

Қазақ Ордасы хандарының құрылтайлары Алаша хан, Жошы хан кесенесі тұрған Ұлытауда, Әзірет сұлтан дүрбесі, ұлы хандар сүйегі жатқан қасиетті Түркістанда өткені белгілі. Әйгілі құрылтайларда баталасқан байлам, қабылданған заңға байланысты «Қасым ханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», «Күлтөбеде күнде жиын» деген сөз орамдары қалған. Ұлытауда ұлы хандар таққа көтерілген. Қазақтың басын қосқан Қасым хан Ұлытауды құтты қоныс еткен. Азаттық үшін арпалысқан Тұранның жаралы жолбарысы, қазақтың соңғы ханы  Кенесарының да Ұлытауда ақ киізге салынып хан көтерілуі ата-баба дәстүрінің сабақтастығы еді.

Қазақ хандығы жойылуына байланыс­ты құрылтайлар шақырылмайтын болды. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздіктің табалдырығында тұрғанда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтіп, алыстағы ағайынның басын қосып, жұрт болып жиылып, содан атамекенге ұлы көш басталды. Азаттықтың елең-алаңындағы бұл құрылтай елдің ес жиып, еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосты. Дегенмен бұл құрылтайлар тек шеттегі ағайынның шері айтылатын, бес-алты жылда бір шақырылатын жиынға айналғаны белгілі. Сондықтан ұлт ұясы Ұлытауда шақырылған бұл құрылтайдың жөн-жосығы бөлек. Құрылтайдың құрылымы жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияда бекітілді, оның құрамына есім-сойлары елге мәлім қайраткер азаматтар енді.

Мемлекет басшысының референдумнан кейінгі алғашқы іс-шара – Құрылтайды Ұлытауда өткізуге шешім қабылдауының символикалық маңызы зор болса керек. Ұлтқа ұя, ұлысқа ұран болған ұлағатты Ұлытау көшпелі империялардың тағдыры тоғысқан, Алтын Орданың іргесі қаланған, баурайында Жошы хан, ел қамын жеген ер Едіге секілді әлемге әмірін жүргізген жампоздар тыным тапқан айбынды мекен, алты алаштың  анттасып, таңбасын тасқа басып, бірлігін бекемдеген, арғы атамыз Алаша ханның арғымағы аунаған, аруағын тербеткен қасиетті топырақ. Ендеше Жерұйық мекенде өтетін Құрылтай ұлысты ұйыстырып, халқымыздың қуат-жігерін, тарихи санасын жаңғыртатын, жаңа Қазақстанға бағдар беретін алтын қазыққа айналары анық.