1971 жылы Минскіде дүниеге келген Андрей Скабелка 2018-2020 жылдары «Барысты» баптап, ҚХЛ-да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Яғни оның қоластында елордалық команда қатарынан екі маусым бойы Чернышев дивизионында көш бастап, Гагарин кубогының ширек финалына дейін жетті. 2020 жылғы маусымда Скабелкада бұл көрсеткішін жақсартатын тамаша мүмкіндік болған еді. Алайда сол жылы коронавирус пандемиясы басталып, «Барыс» жартылай финал бәсекесін ойнаудан бас тартқан-ды.
2020 жылы «Барыстан» кеткен соң Беларусь маманы бір жыл Ярославльдің «Локомотив» клубын жаттықтырды. Бірақ ол жерде командасын өрге сүйрей алмады. Сөйтіп, 2021 жылдың қыркүйегінде жұмысынан кетті. Енді, міне, араға екі жыл салып Скабелка «Барысқа» қайта оралды.