Экономика • 16 Маусым, 2022

Өткен жылы Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өскен

625 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2021 жылы Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті. Бұл көрсеткіш Қазақстан экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге оралғанын көрсетеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен жылы Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өскен

«2021 жылы әлемдік экономика пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсуі 6,1% құрап, 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Өткен жылы Қазақстан экономикасы да 4,1%-ға өсіп, пандемияға дейінгі деңгейге оралды. Әлемдік экономиканың тез қалпына келуі шамадан тыс сұранысқа әкеп соқтырып, шикізат, материалдар мен азық-түлік бағасының қымбаттауына себепші болды. Бұл энергетикалық дағдарыспен бірге әлемнің көптеген елдерінде рекордтық инфляцияға әкелді», деді Ғалымжан Пірматов Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, сыртқы факторлармен қатар жекелеген тауар нарығындағы ішкі теңгерімсіздік елдегі инфляциялық қысымды да күшейтті.

«Өткен жылдың бірінші жартысында инфляциялық процестердің тұрақтануына қарамастан, жылдың ортасынан бастап инфляция азық-түлік, шикізат пен материалдар бағасының жалпы әлемдік трендінің аясында жеделдей бастады. Жазғы кезеңде көкөніс нарығындағы теңгерімсіздік, жанар-жағармай және реттелетін қызметтер бағасының өсуі – ішкі проинфляциялық триггерлер болды. Осы жағдайда Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфляцияны 8,5% шегінде ұстап тұру бойынша шаралар қабылдады», деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.