Қазақстанның Ресейдегі елшісі Марат Тәжин Татарстан Республикасында сапармен болды. Сапар аясында оның Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен және Мемлекеттік Кеңес (Парламент) төрағасы Фарид Мухамедшинмен кездесулері өтті.
Қазандық Кремльде өткен Татарстан Президентімен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері, Қазақстан мен Татарстан арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту болашағы талқыға салынды. Кездесу соңында қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары аясында Қазақстан мен Татарстан халықтары арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы зор еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.
Ф.Мухамедшинмен кездесуі барысында тараптар Қазақстан-Ресей парламентаралық үнқатысудың болашағы туралы, сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Татарстан халқы Ассамблеясының өзара ықпалдасуы туралы пікір алмасты.
Қазан федералдық университетінің тарихи залында қазақстандық дипломат университеттің студенттері мен профессорлық-оқытушылар құрамы алдында «ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатерлері аясындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы» тақырыбында лекция оқыды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.