«Бүгінгі Ұлттық құрылтайға біз ата-бабаларымыздың артында қалдырған – татулық пен бірліктің байрағын көтеріп, адал аманатын арқалап келіп отырмыз. Барша көпұлтты отандастарымыздың осы игі жолда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз» деген ардақты сөзінен қуат алғаны ақиқат! Оған осыдан екі апта бұрын Ата заңымызға енгізілген өзгерістерге арналып өткен республикалық референдумның оң нәтижелері айқын дәлел. Қазақ елі өз тарихының жаңа белесіне аяқ басты», деді Е. Қошанов.
Қошановтың айтуынша, 5 маусымда өткен референдум қазақ халқының ауызбіршілігін, ұлттық бағытта ұйыса білетінін көрсетті.
«Халқымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Екінші республика құруды көздеген стратегиялық бағытын, терең реформаларын, елді түбегейлі өзгертуге бағытталған тарихи талпынысын басым дауыспен қолдады. Еліміз реформалардың одан әрі жалғасуын, жалғаса беруін қалап отыр. Ел-жұртты аралап, мыңдаған кездесулер өткізген кезде Мәжіліс депутаттары, «Аманаттың» өңірдегі өкілдері осыған толық көз жеткіздік. Түптеп келгенде, Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның болашағына, қазақ қоғамының бірлігіне күмән келтіргендер де аз болған жоқ. Алайда тарихи референдум халқымыздың тұтастық пен ауызбіршілікке, мемлекетшілдік мұраты мен тәу еткен Тәуелсіздікке адал екенін айқын көрсетті.
«Осы тұста бір нәрсені ерекше атап өткім келеді. Ел тағдыры қыл үстінде тұрған сол сын сағаттарында аса ауыр жағдайда қандай қиын шешімдер қабылдағаныңыздың куәгері болдық. Ол туралы кешегі берген теле-сұхбатыңызда өзіңіз де айттыңыз. Сол шешімдер біздің тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді сақтап қалғаны – ақиқат», деді Ерлан Қошанов.
Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтіп жатыр.