Ақтөбе облысына “ҚазАгро” АҚ басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков бастаған делегация келді. Оның құрамында “Мал өнімдері” АҚ төрағасы Александр Соловьев, “ҚазАгро” АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Тобылбек Омаров, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ президенті Дәуренбек Омаров, “ҚазАгро Қаржы” АҚ басқарма төрағасы Дулат Айтжанов бар.
Олардың қатысумен облыстық әкімдікте мәжіліс өтті. Оған ауыл шаруашылығында инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан және алдағы уақытта жаңа жобаларды қолға алуға талаптанып жүрген бизнес, сондай-ақ, осы салаға қатысы бар құрылымдар өкілдері шақырылды. Оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов жүргізді. Мәжілісте сөз алған “ҚазАгро” АҚ басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков делегацияның жұмыс сапарының мақсаты Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған индустрияландыру картасына енген инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау, жаңа инвестициялық жобалардың өтінімдерін осы жерде нақты қарап, өздеріне қатысты сұрақтарға жауап беру екенін жеткізді. Сондай-ақ, облыста мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан үш ірі жоба бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, үш жоба да биыл пайдалануға беріледі екен. Осы жобалардың бірі – “Париж Коммунасы” ЖШС-нің 40 мың шошқалық “Бестамақ” мал шаруашылығы кешені жылына 2000 тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін көрінеді. Жалпы құны 2,3 млрд. теңге тұратын бұл кешен іске қосылғанда 171 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал “АЙС” ЖШС-нің 1200 сиырлық тауарлы-сүт фермасында жылына 7200 тонна сүт өндірілмек. Бұл жобаға 2665,8 млн. теңге инвестиция салыныпты.
“ИзетГренхаузе” ЖШС-інің жылыжайы іске қосылғанда жылына 1200 тонна көкөніс өндіріліп, 32 адам жұмысқа орналасады. Бұдан басқа облыста жалпы құны 1,2 млрд. теңге тұратын төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның үшеуі қазірдің өзінде пайдалануға берілген. Холдинг өткен жылы Ақтөбе облысының аграрлық секторына 5,5 млрд. теңге қаржы салыпты.
Ол сондай-ақ, жобаларды қабылдаудың біраз жеңілдетілгенін мәлімдеді. Жаңа жобаны ұсынуға небәрі сегіз құжат қана керек екен. Холдинг бизнес-жоспарды жасап беруге де дайын көрінеді. Алайда, кепілсіз ешқандай несие берілмейтінін қадап айтты. Сондықтан бірден ірі жобалар ұсынбай, мүмкіндігің жететіндей іс бастау тиімді екенін еске салды. Холдингтің жерді, сондай-ақ тозығы жеткен техникаларды да кепілге алып отырғанын ауыл шаруашылығына қолдау көрсету деп бағалады.
Өзара сүрақ-жауап түрінде өткен мәжіліске қатысушылар “ҚазАгро” ұлттық басқару холдингі” АҚ арқылы қаржыландырылудың жолдары мен шарттары бойынша мол мағлұмат алды. Жалпы, “ҚазАгро” компаниясы тобы арқылы еліміздің аграрлық секторын қолдауға былтыр 220,9 млрд. теңге бөлініпті.
Делегация облыстағы осы холдинг арқылы қаржыландырылып, жүзеге асырылып жатқан бірқатар ауылшаруашылық кәсіпорындарын аралап көрді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.