Тарих • 16 Маусым, 2022

Күймен көмкерілген жаназа

1005 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл домбырашы Қали Жантілеуовтің туғанына 120 жыл толады. Қазақ домбыра күйлерінің алтын қорына, ұлттық музыка қазынасына ең көп күйді жеткізген дарабоз талант иесі бір жағынан көненің көзі, ескінің соңы болса, бір жағынан жаңаның басы, тыңның түрені болатын...

Күймен көмкерілген жаназа

Суреттерде: Қали Жантілеуов; Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музей қорындағы Қали Жантілеуовтің домбырасы. Күйші бұл домбыраны 1945-1976 жылдар аралы­ғында ұстаған.

Қали Жантілеуовтің өмір жолын саралап қараса, көптеген замандасы сияқты үлкен сахнаға шыққанға дейін және кейін деп бөлуге болады екен.

Дейін

Жантілеудің Қалиы 1902 жылы бұрынғы Ішкі Бөкей ордасы, Қамыс-Самар қисымы, №10 ауылда дүниеге келіпті. Әкесі байдың малын баққан жоқ-жітік адам екен. Қалидың Бақтыгерей, Әділ атты ағалары болған. «Басқа бауырларына қарағанда Қали сотқарлау, өнерге де жасынан құмар болып өседі. Алты жасында қолына домбыра ұстап, жеңіл әуен тартады. Жастайынан ізденіп, елдегі Тоғайбай, Жұматай, Алабастың Қалиы, Төлепберген, Мекетай сияқты домбырашылардан Құрманғазының «Теріс қақпай», «Адай», «Түрмеден қашқан» күйлерін үйренеді. Бозбала шағында Қалидың әншілік аты да шыға бастайды. Мұса деген болыс өнерлі жас­ты өзіне делбеші қылып, Тоғайбай деген домбырашыны көмекші етіп, барған жерінде ән салдырып, күй тартқызып жүреді. Ол кезде Қали «Ой, тентек», «Әрайнам», «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай» әндерін шебер орындайтын. Тоғайбаймен бірге жүрген кезінде Қали одан көп күй үйренеді» деп жазады Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының профессоры міндетін атқарушы Тмат Мерғалиев өз естелігінде.

«Әнші бала» Қалидың өмірін күрт өзгерткен бір оқиғаны Қазақстан Респуб­ликасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қар­шыға Ахмедияров жазып қалдырған. Ол бұл әңгімені ұстазының өз аузынан естіген:

«12-13 жас кезімізде Оқап (Қабиғо­жин) екеуіміз бір тайлаққа мінгесіп, қазіргі Тайпақ ауылы, Андрей базарына бардық. Тайлақты сатып, алғашқы рет костюм кидік. Осындай көңілді тұр­ған шағымызда арба жеккен ақ інгенді жетектеген бір жігіт базарды ара­лап, кешке Дина мен Мәменнің күй тартысы болатынын хабарлап өтті. Арбаға бидайық салып, үстіне текемет тастаған, оның үстінде малдасын құрып, қолына үкілі домбыра ұстаған Дина отыр екен. Ел-жұрт орамалға түйіп ақша лақтырып жатыр. Кеште Оқап екеуіміз күй тартыс өтетін әлгі бай адамның үйіне келіп, үлкен өнерге куә болдық.

Бірінші болып Дина қолына домбыра алды, екі қолдың құбылмалы қағыс, қимылдарымен тыңдаушыларын таңғалдырды. Біраз уақыт күй сайыстан соң Дина үйінің жағдайымен жол жүріп кетті. Әйел баласына тағдыр осылай бұйырған ғой. Ал Мәмен байсалды баппен таңға күй тартып, көпшілік кәусәрін бір кенелтті...»

Міне, сол күннен бастап Оқап пен Қали ән салуды қойып, күйге көшіпті. Қалиға нағашы болып келетін Мәмен жиенінен білгенін аямаған. Мәменнің өз шығармалары – «17 жыл», «Ақшолпан», «Қайғылы қара» бізге осы Қали арқылы жеткен.

Зерттеушілер күйшінің 1925 жылдан бастап атқа мініп, ауылда жаңа құрылған өкіметке белсене қызмет еткенін, жүрген жерінде жастар арасында ойын-сауық ұйытқысы болғанын жазады. Осылайша 1930 жылдары Қалидың нағыз домбырашылық аты ел арасына кең тарайды. 1934 жылы Қазақстанда өнер шеберлерінің бірінші байқауы өткенде бала досы Оқап Қабиғожин екеуі бәйгеге қатар түсіпті. Бір қызығы, Оралдағы іріктеуде күй өнерінен Оқап бірінші орын алса, сол 1934 жы­лы Алматыда өткен өнерпаздардың 1-сле­тінде Қали үздік шығыпты.

«Менің астанаға барып, елге танылуыма сол кездегі ауылкеңес төрағасы Бегешов Құспанның ықпал, көмегі мол болды», деп еске алады екен Қалекең кейін.

Кейін

Қали Жантілеуов өмірінің екінші кезеңі осылай басталған.

«Міне, маусымның 14 күні бірінші республикалық байқау басталып та кетті. Драма театрдың сахнасынан не­бір балтаңдай әншілер мен бармағы майыс­қан күйшілер өтіп жатыр. Кезек Қалиға да келді. Ол домбырасын сәл көтеріңкіреп бұрады да «Адай» күйін екпіндете тарта жөнелді. Зал іші ұшқан шыбынның дыбысы естілетіндей тым-тырыс. Кең далада еркін жортқан ат тұяғының дүбірі ме, зорлықшылдарға деген халықтың ызалы үні ме, әйтеуір домбыраның көмейі­нен сан құбылған жігерлі қатқыл үн үсті-үстіне төгіліп жатыр. Залды кер­неп самғаған күй сазы қалықтап барып біткен кезде тыңдаушылар ду ете түсті. Үсті-үстіне соғылған қолдар қайта ша­қы­рып, Қалиды сахнадан жібермей қойды. Қазылар мүшелері де (сыншылар алқасы) Қалидың домбырашылық өнеріне разы болды», деп жазады Тмат Мерғалиев.

Қалидың асқан орындаушылық шебер­лігі жайлы академик Ахмет Жұ­ба­новтың өзі: «Қали – борандатқан тез екпінді күйлердің орындаушысы. «Адай», «Теріс қақпай» сияқты күйлерді әлі күнге Қалидың өзіндей ешкім тарта алмайды десек өтірікші болмаймыз. Ол сонымен қатар, «Баламайсан», «Науайы» сияқты әндеткен күйлерді де сызылтып-ақ орындайды», деп жазған еді. Байқауда бірінші, екінші орын алған домбырашылардан 25 кісі филармонияда құрылған ансамбльге қалдырылды. Бұл оркестрді Ахмет Жұбановтың өзі басқаратын еді. Айта кетейік, сол ұжым кейін Қазақтың Құрманғазы атын­дағы академиялық халық аспаптары оркестріне айналды.

Күйшінің Алматыға келуімен оның ұстаздық қызметі де басталыпты. «Қа­зақ­станның төрт бұрышынан жи­налған домбырашылардың бәріне ұстаз болды»,  дейді Қалидың шәкірті, кейін атақ­ты өнер қайраткеріне айналған Қаршыға Ахмедияров. Жасы 30-дан асқан шағында ғана кәсіби өнер ортасына келген Қали Жантілеуов нота сауатына, кәсіби жолға терең бойлаған. «Қалекеңнен сабақ алған қазақ өнерінің қаймақтары Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рах­ма­диев, Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитов, Фуат Мансұров дүниежүзілік деңгейге күй бұлағының тұнығынан нәр алған­дықтан жеткені де айна қатесіз дәлел» – бұл Қаршыға ағамыздың бағасы.

Бұдан кейін Қалекеңнің алдын көрген­дер қатарында – Рүстембек Ома­ров, Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғаб­диев, Бақыт Қара­балиналар атал­са, 1970 жыл­­дары Қаршыға Ахме­дия­ров, Шәміл Әбілтаев, Сәдуақас Балма­ғам­бе­тов, Айтжан Тоқтаған секілді мықтылар Қа­ли Жантілеуовтің тікелей шәкірті атанып, 20-дан астам күйді күйшінің өзінен алыпты. Қалекеңнің алдын көрген кейінгі буын Тұяқ Шәмелов, Аб­дул­хамит Райым­бергенов, Кәрима Сахар­баева, Айгүл Үлкенбаевалардың да осалы жоқ қой.

Қалидың қазасы

Күйші Қали Жантілеуов мәнді де мағыналы, ұзақ өмір сүрген адам. 1942 жылы республиканың еңбек сіңірген әртісі атанды. 1954 жылы Қазақ КСР-інің халық әртісі атағын алды. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Өмірінің соңында өз қалауы бойынша туған жері – Жаңақала өңіріне келіп, ауылда тұрды. 90 жылдық тойының бел ортасында өзі болып, ел-жұртының құрметін көрді. 1993 жылы өмірден өткен кезде қарт күйшіні ақырғы сапары­на аттандыру ерекше салтанатпен өтіпті.

«1993 жылы өмірден өткенде ұста­зымды соңғы сапарға шығарып салдым. Орал қаласында музыка училищесінде мемлекеттік емтиханға келген едім. Таңғы 6-да сол кездегі облыс әкімі Жа­қыпов Қабиболла телефон шалып, Қалекеңнің дүние салғанын естірт­ті. Алматыдан ор­кес­­тр­дің бас дири­жеры және көркемдік жетекшісі Айтқали Жайы­мов баста­ған топ келді. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп жазып отырмын: Қалекеңді жерлеген қаралы жиынның өзі ұлы күйшіге үл­кен құрметті көрсетті», деп еске алады Қа­зақ­стан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қаршыға Ахме­дияров.

...Қос ат жеккен ар­баға Қалекеңнің сүйегі салынып, қара­лы көш қабірге қа­рай жылжыды. Көш басындағы пар аттың жетегінде тұл ерттелген тағы бір сәйгүлік ілесті. Бос ердің қа­сына қарт күйшінің талай жылғы серігі – Э.Романенко жасаған альт домбырасы ілінген. Қаралы халық зират басына жеткенде бар жасауымен тігілген киіз үй көрінді. Қарт күйшінің ақырет сапары осылайша ұлттық нақышпен, салт-дәстүрмен көмкеріліп жатты. Мар­құмның денесі мәңгі мекеніне жай­ғасып, жерленген соң халық Қар­шы­ға Ахмедияровтан күй сұрады. Қар­ше­кең қара домбыраны қолға алып, Дәу­лет­керейдің «Жігерін» жылап отырып тартыпты. «Сол кездегі халықтың ықы­ласын осы күнге дейін сезінемін. Күй­шіге туған жердің, халықтың, тың­дау­шысының ықыласынан артық не бар!», деп жазды кейін естелігінде профессор.

Музейдегі домбыра

Бүгінде Жаңақала ауылындағы балалар саз мектебі Қали Жантілеуовтің атында. Тірі кезінде өзі тұрған көшеге де Қалекеңнің есімі берілді. Аудан орталығындағы күйшілер аллеясында Құрманғазы, Дина бастаған күй алыптарының қатарында мүсіні де тұр. 2002 жылы күйшінің ғасырлық мерейтойы құрметіне Жаңақалада рес­публикалық күйшілер байқауы ұйым­дастырылды. Сол жиынға арнайы келген әйгілі Әбіш Кекілбай:

– Қазақстанда қала көп, жаңасы бар, ескісі бар, бірақ Жаңақаладай жер жоқ. Өйткені қақ төрінде қазақтың бес ұлы композиторы тұрған бірде-бір қала Аус­трияда да, Германияда да, Поль­шада да жоқ. Мен біраз елді араладым. Бет­ховен жалғыз тұр. Гайдн жалғыз тұр. Моцарт жалғыз тұр. Қазақ даласындағы күйдің астанасы – Жаңақала! – деп шабыттана шалқи сөйлеген еді-ау!

а

...Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне кірген адам қазақтың ұлы күйшілерінің саусақ таңбасы қалған домбыралар мүйісін көрер еді. Осы мүйісте Иесін мәңгі жоқтап тұрған мұңды аспаптың бірі – Қали Жантілеуовтікі.

– Әлі есімде, 1977 жылы музейдің тапсырмасымен Алматы қаласына бардым. Сол сапарда Қали ағайдың үйіне барып, осы домбырасын алып едік. Мұны қазақтың дәстүрлі музы­калық аспап­тарының май­талман шебері Қа­мар Қасымов жасаған. Үні ғажап! Қалекең ол домбыраны біздің қолымызға біржолата ұстатарда, жан жолдасымен қимай қош­та­сып, соңғы рет күй тартып беруге ыңғайлана берді. Кіш­кене сәби немересі жанында балбырап ұйықтап жатқан. Кемпі­рі: «Ей, баланы оятасың ғой... Қойсаңшы!» деп тоқтау салғысы келіп еді. «Ештеңе етпес» дегендей ым қақты да домбыраның құлағын бұрады. Бұл күйшінің шау тартқан шағы еді. Бірақ домбыра қағысына қарағанда, жасы жетпістен асты дейтін емес. Бір көргенде домбыраға үйлесе қоймайтындай гүрзі қолдары, салалы саусақтары көз алдымда күрт құбылып, жүйтки жөнелді. Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол», Мәменнің «Қаражан ханым» күйлерін тартты, – деп еске алады бүгінде Орал қаласында тұратын музей саласының ардагері Сара Танабаева.

P.S. Биыл Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында қазан айында күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің есімін ұлықтауға арналған «Дүлдүл домбыра» атты республикалық домбырашылар байқауы өтеді. Халқы Қалиды ұмытпайды.

 

Батыс Қазақстан облысы