Медицина • 16 Маусым, 2022

Қолы жеңіл хирург

701 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарт Қаратаудың етегінде жатқан қаладағы аурухана 103 мыңнан астам халыққа медициналық көмек көрсетеді. Сапалы қызметімен емделушілер тарапынан оң бағаланып жүрген медициналық мекеменің, әсіресе хирургтері мықты екенін айтушылар аз емес. Соның бір дәлелі – күні кеше кәсіби мереке қарсаңындағы марапаттауларда Кентау қалалық орталық ауруханасының дәрігері Жәңгірхан Оразбақов «Үздік хирург дәрігері» атанды.

Қолы жеңіл хирург

Бұған дейін де, яғни 2011 жылы «Оңтүстік Қазақстан об­лысының ең үздік хирургі» атан­ған және ресейлік «Бех­терев» атындағы медальдің иеге­­рі, жоғары санатты хирург Жәңгірхан Бимаханұлы 2013 жылы «Лапароскопия­лық аппендэктомиядағы жаңа бай­лау әдісін» енгізіп, Әділет ­ми­нис­трлігінің зияткерлік мен­шік құ­қығы комитетінен «Автор­лық куәлік» алған білікті маман. Ал 2001 жылы Кентау қаласында және өңірдегі аудандар арасында алғаш рет лапароскопия­лық хирургия енгізіліп, Оразба­қов бастаған білікті мамандар ­операция жасауды қолға алған-ды. Бүгінде Кентауда барлық хи­рургиялық, гинекологиялық, уро­логиялық оталардың 30-ға жуық түрі эндовидеохирур­гия жолымен жасалады. Соны­мен қатар қалалық орталық ауруханада биылдан бастап геморрой аурула­рына жоғары сапалы миниинвазив­тік Лонго операциясы жасалуда. Мұндай операциялар үлкен қалаларда және проктологиялық орталықтарда ғана жасалады екен. Аурухана хирургтері бұл операция түрін тәжірибе жүзінде оқып үйреніпті. Жәңгірхан Бимаханұлы Лонго операциясы геморройдың 3-4-ші сатысының классикалық емдік тәсілі екенін айтады.

– Ол көбіне еуропалық елдерде қолданылады. Бұл опера­циялардың аты – Степлерлі геморроидопексия. Шырышты және шырыш асты қабатының резек­циясы. Операция арнайы құрал-саймандармен, резек­ция­мен қатар айналасын титан скрепкаларымен тігу арқылы іске асырылады. Операцияның жасалу уақыты орташа есеппен 20-30 минутты алады. Екі-үш күнде ауру клиника­дан шығарылады. Жалпы «хирург­тің қолы – әйел­дердікіндей нәзік, көзі – бүр­кіттікіндей қырағы, жүре­­гі – арыс­тандай айбатты болуы ке­­­рек» деген сөз бар. Менің оған қо­сарым – сөзі дұрыс болуы керек. Яғни әрбір дәрігер кез келген адаммен тіл табысып, сөйлесе алуы қажет. Хирург болу өте қиын. Адамның қанын көру, оны­мен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келе бермей­ді. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адам өміріне жауапты бо­­ласыз. Операция жасамас бұ­рын қалай болар екен деп ойла­нып шықсақ, операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Дәрісін беріп, уколын салып кететін басқа са­ла­ларға қарағанда, хирургия са­ла­сының салмағы өте ауыр. Де­сек те, хирургия бөлімшесінің қыз­меті – аурухананың айнасы. Хирургиясы жақсы аурухана ­жақ­сы көрсеткіштерге ие болады, – дейді дәрігер.

Түркістанға қарасты Бозбұтақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, орта мектепті үздік бітірген Жәңгірхан Бимаханұлы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған соң, яғни 1990 жылы Кентауға келіп, хирургия және реанимация бө­ліміне қызметке орналасты. Ке­йіннен хирургия бөлімшесі­нің меңгерушісі қызметіне тағайын­далды. Ал 2013 жылдан бері бөлімшеге урология, гинекология бөлімшелерінің қосылуына байланысты босатылған бө­лім меңгерушісі қызметін атқа­ру­да. Талай жанды ажалдан арашалап қалған маман бүгінде өңірдегі білікті хирургтердің бірі­не айналған. Жаны таза, ең­бегіне адал дәрігердің қолы же­ңіл екенін естігендер жер шал­ғайлығына қарамастан дертіне дауа сұрап, Жәңгірханды әдейі іздеп келетін болған. «Біз еңбек жолымызды бастаған жылдары операция жасағанда кеңес сұрайтын маман мүлде болмаған еді. Бар жауапкершілікті өз мой­нымызға алып, операция жа­сай­тынбыз. Ол кездегі меди­ци­налық құрал-жабдықтар мен оқу құралдары да қазіргімен са­лыстыруға келмейді. Қазір бәрі бар ғой. Адам денсаулығына қа­тысты қандай да бір жайтты біл­гің келсе, ғаламторға кіріп, қа­лаған мәліметті аласың. Ал біз­дер болсақ, мұқабасы ақжем­дел­ген кітабымызға жүгіне­тін­­біз. Осылайша, медицина сала­­сындағы жаңалықтарды өз беті­мізше ізденіп, біліп отырушы едік. Қазіргі таңда медицинада бір ауруды емдеудің түрі күн сайын жаңарып жатыр. Өз басым дәрігерлер қызметінен қол үзіп, зейнетке шыққанша оқып, ізденіп өтуге тиіс деп ойлаймын. Өйт­пеген жағдайда еліміздің медицина саласы заман көшінен қалып қоятынын жадымыздан шығармауымыз керек», дейді Жәңгірхан Бимаханұлы.

 

Түркістан облысы