Сатылым бойынша екінші ай қатарынан Chevrolet маркасы көш бастап тұр. Бұл марканың 2 630 бірлігі сатылса, екінші орында 1 752 бірлік сатылыммен Hyundai тұр. Kia дилерлері 914 көлік сатқан. Lada автомобильдері төртінші сатыда тұр: 831 бірлік көлік сатылған.
Camry және RAV4 модельдерінің тапшылығына байланысты Toyota алдыңғы позицияларға таласа алмай тұр. Алайда LX 600 Lexus флагманының шығуымен, 251 автокөлікті саудалап, жетінші орынға тұрақтады. Екінші бестік ішінен үш бірдей қытайлық автокөлік орын еншілеген. Қостанайда құрастырылған JAC көліктерінің 297 бірлігі, Chery-дің 207 бірлігі және Exeed модельдерінің 100 данасы өз иесін тауыпты. Оныншы орынға 70 сатылыммен Renault орналасқан.
10 үздік танымал модель қатарында – отандық өндірістегі Chevrolet Cobalt (2 042 бірлік), Hyundai Elantra (593) және Hyundai Tucson (391) бар. Одан әрі қарайғы орындарды Lada Granta (337), Hyundai Santa Fe (330), Chevrolet Nexia (303), Hyundai Sonata (284), Toyota Land Cruiser Prado (256), лифтбэк JAC J7 (230) және Lada Vesta (213) көліктері иеленген.
Қауымдастықтың мәлімдеуінше, бұрын Ресейде өндірілген танымал модельдердің тапшылығына және жеткізу қиындығына байланысты елдегі сатып алу көлемі де төмендеген. Ресейден келетін техника үлесі 23,2-ден 12,9 пайызға дейін кеміпті. Бірінші несие бюросының дерегінше, 2022 жылдың сәуірінде Ресейден әкелінген көлік саны наурыздағы көрсеткіштен 2,5 есе аз болған. Наурызда көрші елден – 1 493, сәуірде 587 автокөлік импортталған. Бұл 2020 жылдың мамыр айынан бері тіркеліп тұрған ең төменгі көрсеткіш.
Бірақ Азия елдерінен тасылатын көлік саны көбейген. Мәселен, Жапониядан сәуірде 20,7 млн долларға 1 575 бірлік көлік әкелінсе, Оңтүстік Кореядан 7,7 млн долларға 732 бірлік көлік импортталыпты. Жалпы, сәуір айында ел аумағына кіргізілген көлік саны – 4 949. Оған 106,2 млн доллар қаражат жұмсалған. Әрине, мұның бәрі тек салонда ғана сатылатын су жаңа әрі қымбат көліктер. Оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Қара халықтың қолы жетсін деп мемлекет жақында ғана жеңілдетілген автонесие бағдарламасын бастаған. Бірақ оның өзі даумен басталды және қазір уақытша тоқтап тұр. Бағдарлама операторы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мәліметінше, 100 млрд теңге екінші деңгейлі банктерге келесідей лимит бойынша бөлінген: «Еуразиялық банкке» – 35 млрд теңге, «Банк ЦентрКредитке» – 27,5 млрд теңге, «Қазақстан Халық Банкіне» – 15 млрд теңге, Forte Bank-ке – 15 млрд теңге. Бағдарлама басталғалы банктер жалпы сомасы 71 млрд теңгеге 9 575 өтінімді мақұлдаған. Соның ішінде «Еуразиялық банк» 15,6 млрд теңгеге 2 068 өтінімді, БЦК 25,9 млрд теңгеге 3 462 өтінімді, Halyk Bank 19,4 млрд теңгеге 2 630 өтінімді және Forte Bank 9,9 млрд теңгеге 1 415 өтінімді мақұлдаған.
Осылайша, «Еуразиялық банк» өзіне бірінші транш аясында берілген қаражатты толық игеріп, қазір 20 млрд теңге көлеміндегі екінші траншты алу процедурасын өткеріп жатыр екен. «Қазақстан Халық Банкі» лимитті 7,5 млрд теңгеге көбейтуге ниетті. Қор автонесие аясында БЦК мен Фортенің өтінім қабылдауды жалғастырып жатқанын хабарлады. Қор баспасөз қызметі сондай-ақ бағдарламаның револьверлік жүйемен жұмыс істейтінін, яғни, займдар бойынша қайтарылған ақша есебінен банктердің қайтадан қосымша қаржыландыруды қарастыратынын айтты.