Атырауда 250 мың теңге мен 3 кило уылдырық алып жатқан кезде аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы ұсталды.
Атырауда жыл сайын браконьерлікке қарсы бітіспес күрес басталады. Биыл да сондай күрес қызу жүріп жатыр. Алайда, заңсыз балық аулаушыларға тыйым болар түрі көрінбейді. Неге? «Бақсақ бақа екен» дегендей, браконьерлердің жалғанды жалпағынан басып, заңсыз балық аулауына қамқор қолын созатындар полицейлер арасында екен, онда да кім дейсің ғой. Сөйтсек, су маржанына суық қолын батыра созған браконьерлерді желеп, жебеп жүргендердің бірі Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы көрінеді. Мұны облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті анықтап отыр.
Исатай аудандық ішкі істер басқармасының басшысы осы кезге дейін заңсыз балық аулаушыларға «қамқоршы» болып келген. Жедел іздестіру шаралары кезінде әлгі полицей басшы заңсыз балық аулаушыға қамқоршылық таныту және бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулауға әрекетсіздік жасау үшін одан 3 кило бекіре тұқымдас балықтың уылдырығын және 250 мың теңге көлемінде пара алған. Сөйтіп, Қылмыстық кодекстің 311-бабының 2-бөліміне (пара алу) сәйкес Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Осылайша жұрттың бәрі сенім артатын, заңсыздықтың жолын кеседі, құлқын қамын ойлағандарға тоқтам салады деп үміт артатын полицейлер басшысының өзі осындай жемқорлық әрекетке барып жатса өзгелеріне не жорық. Осыдан кейін полицейлерге кім сенеді? Оларға билік не үшін беріледі? Бұған жауап беретін ІІМ не қарап отыр?
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.