Экономика • 17 Маусым, 2022

Жаһандық экономика құлдырау алдында тұр

540 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық Fitch Ratings рейтинг агенттігінің бағалауынша, 2022 жылы жаһан экономикасының өсімі наурызда күтілген 3,5 пайыздан 2,9 пайызға дейін төмендейді. Бәріне кінәлі – инфляция.

Жаһандық экономика құлдырау алдында тұр

Халықаралық агенттік, әсі­ресе Қытайдың ішкі жалпы өнімін (ІЖӨ) қайта қарап, 4,8-ден 3,7 пайызға төмен түсірген. Сонымен қатар АҚШ экономикасы 2,9 (бұрын 3,5 пайыз деп болжанған), ЕО экономикасы (бұрын 3 пайыз) 2,6 пайызға көтеріледі деп күтіледі. Сондай-ақ Fitch 2023 жылы әлемдік ІЖӨ үш ай бұрын болжанған 2,8 пайыздың орнына 2,7 пайызға жоғарылайтынын жеткізді.

«АҚШ экономикасының өсі­мі қысқа мерзімді импульске байланып тұр. Жұмыс орындарының саны мен жалақы көлемінің өсуі тұтынушылық шығындарды арт­тырады. Бірақ ақша-не­сие сая­сатының агрессивті қатаң­дауы­на байланысты 2023 жылдың орта­сына қарай өсім қарқыны бір­шама баяулайды. 2023 жылы АҚШ-тағы өсім 1,5 пайызға, 2024 жылы 1,3 пайызға дейін құл­ды­райды. Ақша-несие саясаты­ның күрт қатаңдауынан кейін АҚШ-та айтарлықтай рецессия тәуекелі туындайтынын тарихи тәжірибенің өзі көрсетіп береді», делінеді агенттік болжамында.

Сарапшылардың болжауынша, Еуропалық орталық банк биыл мөлшерлемені 100 базалық тармаққа дейін, 2023 жылы 50 базалық тармаққа дейін жоғарылатуы мүмкін. Қазір ол нөлдік деңгейде тұр.

Жалпы, әлемде экономика­лық ахуалдың күрделеніп жатқа­нын жекелеген бизнесмендердің жағдайынан да байқауға болатындай. Bloomberg таратқан ақпа­рат­қа сүйенсек, осы жылы әлем­нің 500 бай адамы жалпы жиын­тығы 1,4 трлн доллар ақшасы­нан айырылған. Соның ішінде жел­ге ұшқан 206 млрд доллар дүй­сенбі күнгі қор нарығындағы пайыздық ставканың өсуіне және инфляцияға байланысты.

2021 жылы қайшылықты үрдістер көп жүріп жатыр. Мәсе­лен, дамушы нарық елдерінде ауқатты азаматтар саны 8 пайызға артқан. Солтүстік Америкада бұл көрсеткіш 13 пайызды құ­рай­ды. Азия-Тынық мұхиты айма­ғындағы бай адамдар саны небәрі 4,2 пайызға көбейіпті. Бай­лар көп тұратын елдер – АҚШ, Жапония, Қытай және Германия. Әлем байларының 64 пайы­зы осы елдерде қоныстанған. Осы жылғы дағдарыс салдары­нан көп қаржысынан айырылған байлардың ішінде халықаралық агенттік Чанпэн Чжао, Илон Маск, Джеф Безос, Марк Цукерберг және Бернар Арнолардың аты-жөнін атайды. Бұл бестіктің жоғалт­қан қаржысы 345 млрд долларға бағаланады.