Медицина • 17 Маусым, 2022

Қатерлі ісік көрсеткіші төмендеді

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі экологиялық ахуалы нашар өңірдің қатарында Атырау облысы да бар. Ал ауасы ластанған 10 қаланың тізіміне мұнайлы шаһар да енген. Бұл өңір тұрғындары арасында түрлі аурудың белең алуына әсер етіп отыр.

Қатерлі ісік көрсеткіші төмендеді

Облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарованың мәліметіне сүйенсек, былтыр қатерлі ісікпен ауырған 1 063 науқас тіркелген. Онкологиялық аурулардың жоғары көрсеткіші Мақат, Қызылқоға, Индер аудандарында байқалыпты. Оның ішінде өкпе рагы, сүт безі, колоректальді обыры басым болып тұр. Асқазан обыры да асқынған. Жатыр мойны және сүт безі обырын анықтау үшін әйел­дерді скринингтік тексеру көрсет­кіші сәйкесінше, 92% және 94% құраған. Тексерудің нәтижесінде сүт безі обыры­ның 26, жатыр мойны обырының 16, тоқ-

ішек қатерлі ісігінің 5 жағдайы ерте сатысында анықталыпты.

– Онкологиялық аурулардан өлімнің төмендеуі 100 мың тұрғынға шаққанда 74 пайызды құрайды. Жыл басынан бері қатерлі ісікпен 241 науқас тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 науқасқа азайып, ауру көрсеткішінің динамикасы 11,9 пайызға төмендеді, – деп мәлім етті Э.Сапарова.

Былтыр Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданған еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, аталған жоспар аясында 14 медициналық емдеу нысанын ашу жоспарланған. Қазір төрт нысанның құрылысы жүріп жатыр.

– Өңірдің денсаулық сақтау саласында 35 мекеме бар. Онда 6 747 медицина қызметкері тұрғындарға қызмет көрсетеді. Атырау қаласындағы «Өркен», «Нұрсая» шағын аудандарында №4 және №5 қала­лық емханаларға қосымша 250 адамды қабылдайтын екі емхана құрылысын салу жоспарланып отыр. Емханалардың жобалау-сметалық құжаттары жасақталды. Сондай-ақ 250 емделушіге арналған психикалық денсаулық орталығы салынады. Оның құрылыс жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында басталады, – дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның мәліметіне қарағанда, Атырау қаласында құрылысы басталатын жедел жәрдем стансасын үш подстансасымен салу жобасына түзету енгізілді. Қазір жаңа жоба ішкі аудит департаментінде сараптамадан өткізіліп жатыр. Жаңа нысанның құрылысын үшінші тоқсанда бастау көзделіп отыр. Ал облыстық онко­ло­гиялық диспансер жанынан радио­ло­гиялық корпус салу үшін жобалық-сме­талық құжатты дайындау қолға алынған.

 

Атырау облысы