Қазақстан • 19 Маусым, 2022

Кәсіби көшбасшы

1103 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – еліміздің руханият ордасы, ғылым, білім мен ақпарат кеңістігінің орталығы ретінде көпке танымал. Алматылықтар ғана емес, алыс-жақыннан келген ғалымдар, мыңдаған оқырман қауым бас қосатын кітапхана талай ғасырлардың куәгерлеріндей ұлттық құндылықтарды өз қорында сақтап, өскелең ұрпақтың қажетіне жаратуда. Өзінің саналы ғұмырын осындай оқу мен білім ордасында жұмыс істеуге арнап, қазір осы іргелі мекеменің директоры қызметін атқарып отырған еліміздегі бас кітапханашылардың бірі – Бақытжамал Оспанова. Біз қадірлі әріптесімізді кітапхана ісінің ақпараттық, ғылыми-әдістемелік орталығы – Ұлттық кітапханасының басшысы ретінде ғана емес, еңбек жолын қатардағы кітапханашылықтан бастаған және 40 жылдан астам осы салада еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген қайраткер ұстаз ретінде де құрмет тұтамыз.

Кәсіби көшбасшы

Еліміздегі кітапхана ісінің дамуына зор үлес қосып келе жат­қан замандасымыздың өмір жолы көз алдымызда. Бақытжамал Қайырбекқызы 1962 жылы 13 мау­­сымда дүниеге келген. Өзінің алғашқы еңбек жолын 1979 жылы Қостанай облысының Наурызым аудандық кітапханасында қатар­дағы кітапханашы болып бас­тағаны да күні кеше сияқты еді.Ол 1983 жылы Қостанай мәдени-ағарту училищесін бітіріп, аға кітапханашы, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы, Қостанай облысы Наурызым аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы болып қызметтерін жемісті атқарды.

Ал 1987 жылдан бері қай­рат­кер әріптесіміз Ұлттық кі­тапханасында еңбек етіп келе­ді. Тұрақты ізденіс пен білі­мін жетілдіруге деген ынта-ықы­ла­сы­ның арқасында Қа­зақ мем­лекеттік қыздар педаго­гика­­лық институтын 1997 жылы «Кі­тап­ханашы-библиограф» ма­ман­­дығы бойынша үздік дип­лом­­мен тәмамдаған Б.Оспанова республиканың бас кітапханасында оқырман қауым­мен жүздесіп, ой бөлісіп келе жатқанына да 35 жыл болған екен.

Табиғатынан кез келген іске тындырымды, табанды еңбегі, ұдайы ізденісі мен талпынысы және өзінің мамандығына деген ерекше құрметі мен сүйіспеншілігі Бақытжамал Оспанованың қолына 2019 жылдан бастап Ұлттық кі­тапхананың директорлық қызме­тінің тізгінін ұстатты. Ол сонымен қатар Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымы, Мәдениет саласының үздігі.

 Бақытжамал Қайырбекқызы қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап, кітапхана саласындағы көптеген мәселенің жедел шешімін тауып, жаңа арнаға бетбұруына ұйытқы болды. Ол өзінің білімі мен тәжірибесін ғасыр жасаған Ұлттық кітапхананың дәстүрлерін сақтауға және одан әрі дамытуға, кітапхана қызметін жан-жақты жетілдіруге, заманауи кітапхананың имиджін қалыптастыруға аянбай жұмсап келеді. Ұлттық кітапхананы ақпа­раттық орталық ретінде дамытуда қуатты серпіліс жасады.

Басшымыз заман талабына сай жұмыс үдерістеріне жаңа технологияларды енгізіп, соның ішінде жаңа отандық WЕВ-РАБИС ақпараттық-кітапханалық жүйе­сін құрастырып, оны республика кітапханаларында игеруге көмектесе білді.

Осындай серпілістің нәти­же­сінде Б.Оспанованың жетек­шілігімен кітапханалық тәжірибеге басқа да жаңа инновациялық жобалар енгізілуде. Бүгінгі таң­да Ұлттық кітапханада жалпы кітапхана мамандарының кәсіби білімін арттыру мақсатында «Каталогизатор мектебі» және «Қалпына келтіру және консервациялау мектебі» атты жобалар табысты жүзеге асырылуда. Еліміздегі кітапхана мамандары осы мектептерден өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтап, жоғары деңгейге көтеріліп, жаңа қырынан танылып жатқаны қуантады.

Кітапхана оқырмандарына қызмет көрсету әдістерін жаңар­тып, кітапханаға және кі­тап оқу­­­ға оқырмандарды тар­ту­ға, қы­зы­ғушылығын арттыру­ға елеу­лі үлес қосты. Ол пайдалану­шы­лардың жан-жақты дамуына, өз деңгейін көтеруге және өзара сұхбаттасуларына мүмкіндіктер жасап, олардың оқуға ыңғайлы­лығы мен жайлылығын кеңейтуге бағытталған қолданыстағы кі­тап­­ханалық ақпараттық техно­логияларды, сервистер мен қыз­меттерді жаңартуға ерекше назар аударды.

Бақытжамал әріптесіміздің қызмет бабындағы байқампаздығы мен ішкі интуициясына еріксіз бас иесің. Басшымыздың кітап­хана ісінің өркендеуіне ұжым­нан өзі таңдап, жолдарын ашқан Ф.Бектурбекова, Ф.Сыдықжанова, Г.Енсебаева, М.Әбілова, Ж.Тоқта­рова сияқты мамандардың өз міндеттерін біліктілікпен атқаруы ұстаз үшін қашанда мақтаныш.

Бақытжамал Оспанова кітап­хана мамандарын тәрбиелеумен қатар «кітапхана ардың ісі, адам­­­гершіліктің айнасы, ха­лық­тың алдындағы үлкен жауап­кер­шілікті арқалау» деген қағи­да­сын әр­дайым алға тарта отырып, қызмет­керлердің жауап­кер­шілігін арттырып, талабын күшейтуді жіті назарына ұста­нып,Ұлттық кітапханада ақпа­раттар тасқыны арындаған заманда жедел ақпараттар алуға, олар­дың қысқа да нұсқа болуына, іздегенін тез табуға оқырмандар үшін барлық мүмкіндік жа­салған.

Бақытжамал Оспанованың бастамасымен кітапханада қа­лың оқырман қауымға ұлттың мәр­тебесін көтеретін рухани дүние­лерді жаңғыртуға ден қойыл­ды. Соның бір дәлелі бізде «Абай әдеби орталығы» мен «Әл-Фараби ғылыми орталығының» ашылып, ұлы тұлғалардың асыл мұрасының оқырмандарға қолжетімді болуы. Бұл орталықтардың бас­ты мақсаты – Ұлы даланың бір­туар қайраткерлерін халыққа та­ныс­тыру болып табылады. Осы орталықтарда кітапхана қо­рын­дағы мол Әл-Фараби мен Абай­ға арналған құжаттар толық қам­тылған және ашық қор ретінде оқырмандар үшін барынша қол­жетімді. Сан түрлі мәдени шаралар өткізіледі, теледидарға белгілі тұлғалармен сұхбаттар түсіріледі. Бүгінгі таңда бұл орталықтар оқыр­мандардың қызығушылығын арт­тырып, ашық ой-пікірлер алмасатын диалог алаңына айналды.

Бақытжамал Оспанованың бел­сенді еңбегі мен ұтымды ерік-­жігері арқасында кітапхана ма­ман­дары заман ағымына байла­нысты кәсіби біліктілікті дамы­ту мен шыңдауда әлемдік дең­гей­дегі беделді конференциялар мен форумдарға жүйелі түрде қаты­сады. Мәселен, 2019 жылы Гре­цияның астанасы Афинада өткен «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» атты 85-ші Халық­аралық кітапханалық және ақпараттық конгресіне еліміздің отыздан астам кітапханашының қатысқанын мақтанышпен айтуға болады.

Қазір Ұлттық кітапхананың көкжиегі кеңейіп, әлем кітапхана­шыларының даму көшіне қосылды. Халықаралық конгресс аясында Бақытжамал Оспанованың бастамасымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – Ұлы даланың ақыны» атты әдеби кеш өткізілді. Бұл шарада шақырылған шетелдік қонақтарға Қазақстан Республикасының Гре­циядағы елшісі А.Ю.Волков пен Қазақстан Республикасы Ұлт­тық кітапханасының директоры Б.Оспанова мазмұнды баян­дамалар жасады. Елімізден бар­ған кітапханашылар ежелгі өрке­ниет орталықтарының бірі болған Афина қаласының төрін­де қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының әлем тілде­рін­дегі өлеңдерін тебіреніспен оқыды, әндерін шырқады, кітап көрмесімен таныстырды және ұлттық тағамдармен қазақтың дас­тарқанын жайып, әсерлі сұхбаттар жүргізді.

Ұлттық кітапхананың басшысы ретіндегі міндетіне терең жауапкершілікпен қарай отырып, Б.Оспанова халықтың рухани игілігі үшін еліміздің кітапхана ісін нығайту жолында күш-жігерін аямай еңбек етіп, өзін жан-жақты таныта білуде. Оның еңбекқорлығы, қайырымдылығы, жайдары мінезі, үздіксіз үйренуге деген құлшынысы және жоғары ұйымдастырушылық қабілеті әрбір ісінде байқалып тұрады. Ол 2019 жылдан бас­тап Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымы болып сайланды. Бұл ұйым респуб­лика кітапханаларының жұмысын үйлестіру және шоғырландыру мақсатында құрылған. Осы жауапты да маңызды қызметті атқаруда еліміздің кітапхана ісіне байланысты өзекті мәселелерді күн тәртібіне ұсынып, билікке жеткізіп, заман талабына сай дамы­ту мен кітапханашы мәр­те­бесін көтеруде барынша іскерлік қабілетін көрсетіп кел­е­ді. Бүгінгі таңда аталған Кітап­ханалық одақтың белсенді араласуымен кітапханашылардың жалақысы көтерілді, кітапханашы күні республикалық деңгейде белгіленді. Кітапханашының еңбегін бағалау мақсатында «Үздік кітапханашы», «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілермен марапаттау қолға алынды.

Ел руханиятына жанашыр басшы Б.Оспанова 2020 жы­лы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасына 110 жыл толуын атап өтуді лайықты ұйым­дас­тыра білді. Айтулы мере­келік шарада Бақытжамал Оспа­но­ва жұмыс қабілеті мен іскер­лігін көрсетіп, «Қазақстан кітап­та­ры» қызметінің оқу залына Қазақ­стан Республикасы Ұлттық кі­тапханасының тұңғыш директоры – Ораз Жандосовтың есімін беріп, ақпараттық стенд жасатып, кітапхана қорынан «Мәдениетті өркендеткен Ораз» атты кітап көрме­сін оқырмандар назарына ұсынды.

Мерейтойлық іс-шара аясында Ұлттық кітапхананың тарихында есімі алтын әріппен жазылған бұрынғы басшыларымыздың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Роза Бердіғалиева атындағы «Кітапханатану залы­ның» ашылу рәсімі өткізілді. Тағы бір елеулі шаралардың бірі – Қа­зақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы тарихи музейінің салтанатты ашылуы болды.

Байқап қарасам, Ұлттық кітап­хананың 110 жылдық ұлағатына қаншама тарих, уақыт, ұлылық пен өркениет сыйып тұр. Басшымыз Б.Оспанованың «Өткенді сақтай отырып, болашаққа жол ашамыз» қағидасы ұлттық рухқа дем береді, бүгінгі жас ұрпақты беделді тұлғалардың үлгісімен тәрбиелейді. Өткенге құрметпен қарау мақсатында кітапханадағы ашылған залдар соның дәлелі.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­­тау ұйымының 2020 жылы ко­ронавирустық пандемияға бай­ланысты төтенше жағдай жа­рияланғаны мәлім. Осындай қиын-қыстау кезеңде Бақытжамал Оспанованың жетекшілігімен кітапхана пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа форматы онлайн-режімге көшірілді. Оның бастамасы бойынша әлеуметтік желілерде онлайн-жобалар, кәсіби дәрістер, шеберлік сыныптар, елімізге танымал мәдениет, өнер және әдебиет қайраткерлерімен, сондай-ақ белгілі зиялы қауым өкілдерімен оқырмандарға тікелей эфирде маңызды да пайдалы әдеби шолулар мен кездесулер, сұхбаттар жүзеге асырылды. Оның ішінен атап айтатын болсақ: «Нағыз оқитын кез», «Кітапханадағы кездесулер», «Дара тұлғалар дауысы» және т.б. ауқымды жобаларды пайдаланушылар жылы қабыл алып, алғыстарын білдірді.

Мұнда да ол өзінің «Еліміздегі жақсы кітапхана – жаңалық пен жақ­сылықтың жаршысы, рухани байлықтың қайнар көзі, ұлт­­тық игіліктің нақ өзі» деген қағидасы­мен әріптестерін за­ман талабына сай барлық жаңа­лықта дайын бо­луды үйретіп, біліктіліктерін шыңдады.

Концептуалды ойлау қабілеті жоғары таңғаларлық мейірімді Бақытжамал Оспанова әрқашан жемісті қарым-қатынас пен ынты­мақтастыққа ашық. Оның дәле­лі әлем кітапханашыларының конфе­ренциясы мен семинарларына қатысып «Цифрлы ғасыр­дағы кітап және кітап оқу», «Кітапханалар мен баспаха­на­лардың сандық ке­зеңдегі халық­аралық байланыстары», т.б. маңыз­ды баяндамалар жасады.

Бақытжамал Оспанова елі­мізде өтетін жыл сайынғы мәде­ниет және өнер саласы ұйым­дары мен қызметкерлерінің «Ру­хани қазына» республикалық фестивалінің кітапхана саласы бойынша қазылық қызметін белсене атқарып, өзінің үлесін қосуда. Осындай сан қырлы жауап­ты басшылық қызметті атқара жүріп, ол «100» қайраткер әйел: анықтамалық-энциклопедиясына, «Эдельвейс» баспа үйі жарыққа шығарған «Қазақстанның үздік әйелдері» атты кітабына енгізілді және арнайы «Лучшие женщины Казахстана» медалімен, еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталды.

Осындай қызметтегі үл­кен жетістіктің барлығы ел мәдение­тінің ардақты тұлғасы Бақытжамал Қайырбекқызының кітапхана мен мәдениетке деген адалдығын, биік азаматтық болмысын көрсетеді және оның өзі таңдаған мәртебелі мамандығына деген зор құрметінің белгісі деп білеміз.

 

Қаншайым ИЗАМБЕКОВА,

Қазақстан кітапхана ісінің ардагері