Қазақстан • 20 Маусым, 2022

Басты ұстаным – елге адал қызмет ету

1437 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы қандай болуға тиіс? Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйытқы болуымен өткен пікір алмасу алаңында сарапшылар осы сұраққа жауап іздеді.

Басты ұстаным – елге адал қызмет ету

«Жаңа Қазақстандағы мем­лекеттік қызметшінің болмы­сы» атты ашық форматта өткен алқалы басқосуға Мәжіліс және Сенат депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері мен есімі елге таныс азаматтар ой-пікір­лерін ортаға салды.

Жиынға қатысқан Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай, Жанарбек Әшімжан, Назиля Раззак, Берік Бекжанов, «Ха­бар агенттігі» АҚ басқар­ма төр­ағасы Берік Уәли, Еуро­палық құқықтар және адам құқық­­тары сараптамалық инсти­ту­тының директоры Марат Бә­ші­мов «Жаңа форматтағы мем­лекеттік қызметшінің бол­мысын қалыптастыруда агенттік тарапынан қандай іс-қимылдар қабыл­дануға тиіс?», «Мемлекеттік ақпаратты транс­формациялау процесіне қоғам белсенділерін, ақпарат құралдарын қалай тар­туға болады?» деген сауалдар тө­ңі­регінде өз ұсыныстарын жет­кізді.

Сондай-ақ Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі жанын­дағы Қоғамдық кеңес төрағасы Серік­жан Қанаев, қоғам қайрат­кері Сәдібек Түгел, KAZGUU басқарма төрағасы Талғат Нәрік­баев, Academy of Labour Relations ЖШС бас директоры Бибігүл Нұрашева, журналистер Денис Кривошеев, Қанат Әуесбай, Әділ Жалилов, «Әділдік жолы» Қоғамдық бірлестігінің ат­қа­р­ушы директоры Дидар Сма­ғұлов, «Қ­оғамдық пікір» зерт­теу инс­титутының ғылыми кон­суль­танты Қаламқас Есі­мова, KAZGUU бизнес мекте­бінің директоры Алина Абдрах­манова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айт­баев, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудыр, Жоғары көлік және коммуни­кация колледжі директоры Зул­фухар Гаипов мемле­кет­тік қыз­метшілерге әлеу­меттік жағ­дай­­­лар жасау, олар­ды рухани тұр­ғыда өсіру­дің маңыздылығы жөнінде ойларымен бөлісті.

«Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дархан Қыдыр­әлі мемлекеттік қызмет­ші­нің ең алдымен мемлекеттің, ұлттың, халықтың қызметшісі болуға тиіс екенін айта келіп: «Қарапайым халық кешегі Өз­бекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекіл­баев, Ілияс Омаров сынды мем­лекеттік қызметте жүріп халық­қа қалтқысыз қызмет еткен қа­ранарларды іздейді», деді.

Жиын тізгінін ұстаған Мем­лекеттік қызмет істері агент­ті­гінің төрағасы Дархан Жазық­баев кездесудің маңыздылығын атап өтіп, дөңгелек үстелдің бас­­ты мақсаты – мемлекеттік қыз­­меткер қандай болуы керек деген сұрақ негізінде олардың бет-бей­несін айқындау екенін айтты.

«Мемлекеттік қызмет ол пайда табу мен күн көрудің құралы деп қабылдаудан әлде­қайда биік түсінік. Ол – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі. Әр азаматтың елдің ал­дындағы адамшылық миссия­сы – елге қызмет ету. Бұл зор мәртебе. Санада осындай түсі­ніктерді орнықтырған кезде ғана адал ниетті, әділ, халыққа қызмет етуді парыз деп санайтын қызметшілердің толқыны қалыптасады. Керісінше ел үшін емес, жеке бас үшін қызмет ету басты мақсатқа айналады. Сондықтан басты ұстаным – адал ниетпен елге қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түрде жаңғыру қажет. Мемлекеттік қызметшіге азамат­тық сана, елдік сана, мемле­кетшілдік сана басты құн­дылық болуға тиіс», деді агенттік басшысы.

Сарапшылар мемлекеттік қызметшінің халыққа адал әрі кәсіби қызмет көрсетуі, оның әлеуметтік жағдайын жақ­сар­ту, БАҚ тарапынан қол­дау арқылы мемлекеттік қыз­­мет­тің беделін көтеру, мем­ле­кеттік тіл­дің мәртебесі, оқыту бағ­дар­­ламаларына тарихи тұлға­лар­дың өнегесін енгізу туралы сөз қозғады.

Кездесуде мемлекеттік қыз­мет­шінің халық алдында ашық болуы, қызметтік мін­деттерін орындап қана қой­май қоғамда сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мә­дениетті қалыптас­тыруда өзге­лерге үлгі болу керектігі айтылды.

Басқосу барысында сарапшылар өз ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік қызмет­ші­нің болмысына қатысты пікір­­­лерімен бөлісті.