«Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы» атты ашық форматта өткен алқалы басқосуға Мәжіліс және Сенат депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері мен есімі елге таныс азаматтар ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынға қатысқан Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай, Жанарбек Әшімжан, Назиля Раззак, Берік Бекжанов, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, Еуропалық құқықтар және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов «Жаңа форматтағы мемлекеттік қызметшінің болмысын қалыптастыруда агенттік тарапынан қандай іс-қимылдар қабылдануға тиіс?», «Мемлекеттік ақпаратты трансформациялау процесіне қоғам белсенділерін, ақпарат құралдарын қалай тартуға болады?» деген сауалдар төңірегінде өз ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Қанаев, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, KAZGUU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, Academy of Labour Relations ЖШС бас директоры Бибігүл Нұрашева, журналистер Денис Кривошеев, Қанат Әуесбай, Әділ Жалилов, «Әділдік жолы» Қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының ғылыми консультанты Қаламқас Есімова, KAZGUU бизнес мектебінің директоры Алина Абдрахманова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айтбаев, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудыр, Жоғары көлік және коммуникация колледжі директоры Зулфухар Гаипов мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік жағдайлар жасау, оларды рухани тұрғыда өсірудің маңыздылығы жөнінде ойларымен бөлісті.
«Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дархан Қыдырәлі мемлекеттік қызметшінің ең алдымен мемлекеттің, ұлттың, халықтың қызметшісі болуға тиіс екенін айта келіп: «Қарапайым халық кешегі Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Ілияс Омаров сынды мемлекеттік қызметте жүріп халыққа қалтқысыз қызмет еткен қаранарларды іздейді», деді.
Жиын тізгінін ұстаған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев кездесудің маңыздылығын атап өтіп, дөңгелек үстелдің басты мақсаты – мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек деген сұрақ негізінде олардың бет-бейнесін айқындау екенін айтты.
«Мемлекеттік қызмет ол пайда табу мен күн көрудің құралы деп қабылдаудан әлдеқайда биік түсінік. Ол – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі. Әр азаматтың елдің алдындағы адамшылық миссиясы – елге қызмет ету. Бұл зор мәртебе. Санада осындай түсініктерді орнықтырған кезде ғана адал ниетті, әділ, халыққа қызмет етуді парыз деп санайтын қызметшілердің толқыны қалыптасады. Керісінше ел үшін емес, жеке бас үшін қызмет ету басты мақсатқа айналады. Сондықтан басты ұстаным – адал ниетпен елге қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түрде жаңғыру қажет. Мемлекеттік қызметшіге азаматтық сана, елдік сана, мемлекетшілдік сана басты құндылық болуға тиіс», деді агенттік басшысы.
Сарапшылар мемлекеттік қызметшінің халыққа адал әрі кәсіби қызмет көрсетуі, оның әлеуметтік жағдайын жақсарту, БАҚ тарапынан қолдау арқылы мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оқыту бағдарламаларына тарихи тұлғалардың өнегесін енгізу туралы сөз қозғады.
Кездесуде мемлекеттік қызметшінің халық алдында ашық болуы, қызметтік міндеттерін орындап қана қоймай қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өзгелерге үлгі болу керектігі айтылды.
Басқосу барысында сарапшылар өз ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік қызметшінің болмысына қатысты пікірлерімен бөлісті.