Қазақстан • 20 Маусым, 2022

Елімізде бір аптада 3,5 мыңға жуық қылмыс жасалған

409 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек бір апта ішінде Қазақстанда 3,5 мыңға жуық қылмыс жасалғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде бір аптада 3,5 мыңға жуық қылмыс жасалған

«Бір апта ішінде 3 348 қылмыс жасалды. Оның 2 124-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай кісі өлтіруге қатысты - 9, өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің - 7, тонауға қатысты - 62 және бөтен мүлікті ұрлаудың 500 қылмысын ашты», деді Шұғыла Тұрлыбек министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингте.

Ол сондай-ақ елордада Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Ішкі істер министрінің кубогіне Макаров тапаншасынан атудан чемпионат өткенін айтты.

Аталған сайысқа еліміздің әр өңіріндегі полиция департаменттерінің намысын қорғау үшін келген командалармен қатар, басқа да күштік құрылымдардың мергендері қатысты.

«Турнирде Ішкі істер органдары бөлімшелері мен күштік құрылымдар арасындағы үздіктер анықталды. Сынға түскен қызметкерлер өздерінің бар шеберліктерін ортаға салды. Чемпионат қорытындысы бойынша аумақтық полиция департаменттерінің арасында үшінші орынды Қарағанды облысы иеленсе, екінші орынды Жамбыл облысы еншіледі. Ал алматылық полицейлер жалпыкомандалық есепте топ жарды. Күштік құрылымдардың жалпы командалық есебінде үздік үштік қатарынан Ұлттық ұланның командасы көрінді. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы күміс жүлдені қанжығасына байласа, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері құралайды көзге атқан мерген деп танылды», деді министрлік өкілі.