24 Сәуір, 2014

Президент Еуразиялық медиафорумға құттықтау хат жолдады

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24-14-Eurazialik mediaforum.

АСТАНА. 24 сәуір. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ашылған ХІІ Еуразиялық медиафорумның (ЕАМФ) ашылу салтанатына орай қатысушыларға сәттілік тілеген хат жолдады. Оны жұртшылыққа Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков оқып берді. Бұл туралы Total.kz хабарлады. Президент хатында: «Қазіргі кезде Еуразиялық медиафорум халықаралық аренада кеңінен танымал.  Бұл форум әлемдегі ең маңызды деген мәселелерді талқылайтын, сондай-ақ, түрлі түйткілдердің күрмеуін шешу жолын іздейтін алаңға айналды», – деп атап көрсетті. Өзінің Еуразиялық экономикалық одақ туралы идеясын жариялағанына биыл 20 жыл толып отырғанына тоқталған Мемлекет басшысы жолдау хаты арқылы: «Бұл медиафорумның Астанада өткізілуінде терең мән бар. Өйткені, Астана Еуразия халықтарының бір-біріне жақындауына, ортақ тіл табысуына, жан-жақты байланыс орнатуына қатысты белсенді қызмет атқаруда. Бізді тарихи, ұлттық-мәдени және кең ауқымды іскерлік байланыстар біріктіреді», – деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінде еуразиялық интеграция үдерісі дамудың жаңа белесіне көтерілді. Дәл осы Астанада 2014 жылдың мамырында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы аса маңызды құжатқа қол қойылады», – деді. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Еуразиялық медиафорумның мемлекеттердің бір-біріне деген сенімін күшейтудегі және ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің сақталуы бағытындағы маңызды рөлін сөз етті. «Форум халықаралық күрделі саяси ахуал қалыптасып отырған қарсаңда ұйымдастырылып отыр. Соңғы айларда орын алған көптеген оқиғалар этносаралық ынтымақтастық тақырыбын қайта қарауға меңзеуде. Осы форум аясында өрбитін әңгімелер өзара келісім мен татулықтың іргесін бекіте түседі деп үміттенемін», – деді Президент. Н.Ә.Назарбаев 12 жылдық тарихы бар форумның жұмысына  осыған дейін 60 елден 5 мыңдай адам қатысқанын, олардың арасында білікті сарапшылар, танымал саясаткерлер, белді журналистер және белсенді қоғам қайраткерлері бар екенін еске түсірді. Сонымен қатар, форумның қызметі туралы материалдар қазақстандық және шетелдік 500-ден аса бұқаралық құралдарына жарияланғанын айтты. Сөз соңында Мемлекет басшысы мәртебелі жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі. Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық медиафорум ресми түрде 2001 жылы тіркелген болатын. Оның алғашқы жиыны 2002 жылы өткен. XII Еуразиялық медиафорум 25 сәуір күні аяқталады. Алқалы жиында Сирия мен Украинадаға келеңсіз жағдайлар кеңінен әңгіме арқауына айналмақ. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Total.kz. Фото: Qazmedia.kz.