Қазақстан • 20 Маусым, 2022

«АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның екі басшысы құрықталды

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Полиция департаменті мәлім еткендей, «АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның екі басшысы төрт жұмысшының қаза болуына байланысты қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның екі басшысы құрықталды

«ҚР ҚК-нің 277-бабында көзделген қылмыс жасады деген күдік бойынша жиналған материалдарды ескере отырып, жұмыс қауіпсіздігіне жауапты екі басшы ұсталды. 19 маусымда Теміртау тергеу соты аталған адамдарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», делінген Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарламасында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, арнайы тергеу комиссиясы құрылып, өндірістегі кісі өліміне байланысты іс қолға алынды.

«Қылмыстық істі тергеу барысында кәсіпорын қызметкерлері, оның ішінде өндірістегі қауіпсіздік техникасы үшін жауапты адамдардан жауап алынды», делінген департамент хабарламасында.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 10 маусымында «Құрылысмет» ЖШС («АМТ» АҚ еншілес кәсіпорны) цехының жұмыс істемейтін №9 термиялық пешінде отқа төзімді қалауды бөлшектеу кезінде шатыр опырылып құлаған еді. Оқиға салдарынан бес жұмысшы үйінділер астында қалды. Олардың төртеуі мерт болып, біреуі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.