Ахмет Байтұрсынұлы • 20 Маусым, 2022

Ұлт ұстазының ағартушылық қызметі

1664 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырын өз халқының сауатын ашып, өркениетті халықпен терезесі тең болуын көздеуге ұмтылған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымы мен мәдениетіне, ұлттық педагогика мен оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі ерен. Ол елді тек оқу-білімге шақырып қана қойған жоқ, мектептің жайын, оқытудың қыр-сырын тікелей ұстаздық қызмет атқара жүріп бір жүйеге түсірді. Өзінің оқу-ағартушылық қызметінде оқытудың әдістемесін қалыптастырып, іс жүзінде мұғалімдерге жол сілтеді. Оның ғылыми-педагогикалық, дидактикалық тұжырымдары өзінің жеке іс-тәжірибесіне негізделуімен құнды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» деп дәріптейміз.

Ұлт ұстазының ағартушылық қызметі

А.Байтұрсынұлының 1895-1909 жылдардағы ұстаздық қызметінің хронологиялық картасы

Ұлт ұстазының өз қолымен жазған өмірбаянына және ға­лымның өмір жолын зерттеп жүрген филология ғылымда­рының докторы, профессор Алмасбек Абсадықовтың ең­бек­теріне сүйене отырып, оның ұстаздық еткен жылдарын кар­таға түсірдік.

А.Байтұрсынұлы 1882-1884 жылдары өзі дүниеге келген Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ақкөл ауылының мол­да­сынан сауатын ашады. 1886-1891 жыл­дары 14 жасында Торғайдағы орыс-қазақ училищесінде оқиды. 1891-1895 жылдары Орынбордағы төртжылдық мұғалімдер мектебінде оқып, ұстаздық қызметке жолдама алады. 1895-1897 жыл­­­­дары Ақтөбе губерниясы Бестамақ болы­сындағы қазақ мектебінде сабақ береді.

1897-1898 жылдары Әу­лиекөлдегі 2 сыныптық мектепте ұстаздық етті. Өзінің өмірлік жары Бәдрисафамен (Александра) осы жерде кез­деседі. Әулиекөлдегі жеті көлдің бірі Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне «Мұғалім көлі» деп аталып кеткен. Осы көлдің жағалауында Ахмет жұмыс істеген мектеп ғимараты әлі тұр деген мәлімет бар.

1898-1902 жылдары Мең­діқара мектебінде ұстаздық етті. Қосымша Қос­танай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде сабақ береді. Осы Меңдіқара мектебі кейіннен педагогикалық училище болып, 1974 жылы Рудный қаласына көшірілді.

1902-1904 жылдың Омбы қаласында іс жүргізуші болып қызмет етеді. 1904 жылдың 21 қыркүйегінде Батыс-Сібір округінің басшысының бұйрығымен Қарқаралыдағы уездік орыс-қазақ мектебіне мұғалім әрі басқарушы болып қызметке ауысты. 1909 жылы А.Байтұрсынұлы саяси көзқарасы үшін Қарқаралыдағы мектепте оқушыларының көзінше тұтқынға алынып, Семейдегі түрмеде 8 ай жатады да, 1910 жылдың 21 ақпанында Орынборға жер аударылады.

Ахмет Байтұрсынұлының осы педагогикалық іс-тәжірибесі нәтиже­сінде кейіннен қазақ балаларын тиімді оқыту мәселелері бойынша «Оқу құралы», «Тіл құрал», «Тілжұмсар» т.б. еңбектері жарық көрді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Ахмет жоғары оқу орындарында, атап айтсақ, Орынборда Қазақ халық ағарту институтында (кейін Қызыл­ордаға көшірілген), 1928-1929 жылдары Алматыда Қазақ педагогикалық институтының профессоры болып ұстаздық етті. Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық қызметі сауат ашу әдістемесін ғана емес, ана тілін оқытудың толық жүйесін реттеп берді.

 

Жанат ҚАЖЫҒАЛИЕВА,

Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ «Білім беру орталығы» филиалының аға менеджері