Пікір • 21 Маусым, 2022

Мәселелер бір күнде шешілмейді

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ халқының қасиет тұтқан, ақын-жыршыларымыз ғасырлар бойы аңыз-жырға қосқан, елдіктің нышанындай қараған жерлердің бірі де бірегейі – Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының халықпен бірге екенін, барлық мәселе, талап-тілек бұқарамен талқыланып, мемлекеттік шешім қабылданатынын көрсетті.

Мәселелер бір күнде шешілмейді

Мұндай алқалы жиын Ақор­дада емес, шаң-топырағы бұр­қырап жатқан шалғайдағы Қазақ­тың киелі жерінде өткізудің өзінің символикалық астары бар.

Жүзден аса адам таң бозара тұ­рып, жолға шығып, тас жолмен сел­­кілдеп, аптап ыстықта Ұлы­тауға той тойлауға емес, ой қоз­­ғау­ға барды. Түртсең қазба шыға­­тын дейтін кенді өлкенің қазіргі ая­нышты жағдайын ұлт жан­ашыр­­­лары көзбен көрді. Тағы бір мәр­те қазір сөздің емес, істің, бөлі­ну емес, бірігу кезеңі екенін сезінді.

Облыс атауынан ғана емес, бар байлығынан да айырылған өңір­ді ғана емес, бүкіл елді түлету, бо­­йына қан жүгіртіп, қалт-құлт күн кешкен елдің еңсесін көтеріп, сел­­­ді­реген сенімін, үкілі үмітін ояту, бір мұратқа жалпақ жұртты жұ­­мыл­дыру үшін не жасалуы керек?

Мемлекет басшысы жай сын, құр дабыра, сапырма сөз емес, нақ­­ты ой, ұтымды ұсыныс күтті. Ұлт­­ты ұйыстыратын, бір мұратқа жұ­­­мыл­дыратын ой-пікірді тың­дады.

Ел арасында абыройлы, аузы дуалы ағалар мен ойы озық заман­дастар тарапынан біраз ой ай­тылды да. Ұлытаудағы мінбеден сөйлей алмағандар үшін арнайы Qurultay мобильді қосымшасы жұмыс істейтін болады. Енді ел бүгіні мен ертеңіне, мемлекеттің дамуына, азаматтық қоғамның бекуіне қатысты ой-ұсыныстары бар қазақстандықтар құрылтай жұмысына белсене қатыса алады.

Мемлекет басшысы осы жолы қоғамда айтылып жүрген барлық мәселеден хабардар екенін, жай хабардар емес, орынды сын-ұсыныстар бойынша ең жоғарғы деңгейде өзгеріс, нақты шешім қабылданатынын тағы бір дәлелдеді.

Бір құрылтаймен қыруар мәселе бір күнде шешілмесі анық. Құрылтайдан қайтқан жұрттың әр­қай­сысының санасында жаңар­ған Қазақстан туралы әдемі арман-үміт, сенім қылаң бергені рас. Киелі жерде айтылған тілек қа­был болсын.

Ал біздің міндет – сол үшін жұмыс істеу.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті