Мәселен, биылғы 7 мамырда бұралқы ит талаған бес жасар қыз ауруханаға жеткізілді. Қала тұрғыны Әсем Байжанның айтуынша, ит оның балаларына да, өзіне де бірнеше рет шабуыл жасаған. «Былтыр мені таламақ болды. Осыған байланысты зоотехниктердің әртүрлі топтарына жазба қалдырған едім. Олар менің өзімді кінәлі етті. Дәл осы ит бес жасар жиенім Сафияны қауып алды», деп жазды ол Facebook парақшасында.
Облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі бұл деректі растады. Дәрігер-травматологтың айтуынша, бұралқы ит баланың сол жақ бетін, жоғары және төменгі ернін бірнеше рет тістеген. Дәрігерлер баланың бетіндегі жарақатын тігіп, құтыруға қарсы вакцина салған.
Бұралқы ит мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр. Осыған орай бір топ ана Ретросаябаққа жиналып, көшеде жүрген иттерді атуға рұқсат беру мәселесін көтерді. Мәселен, қала тұрғыны Зухра Ильясованың айтуынша, №21 мектептің жанында үнемі 5-6 ит жүреді. Соның бірі 5-сынып оқушысын қауып алған. «Менің балам ит қапқан оқушымен бірге оқиды. Мектептің жанында бірнеше ит балаларға үріп, үрей туғызады. Балаларымыз үшін қорқамыз», дейді Зухра Ильясова.
Алайда «Доброе сердце» қоғамдық қорының жетекшісі Венера Манасова мен ерікті Мамучар Джабасов иесіз иттерді аулау, стерилизациялау, вакцинациялау ісін жануарларды қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер қозғалысына беруді сұрап жүр. Бұған не себеп?
– Бізде иттің зоопсихологиясын анықтайтын кинолог мамандар аз. Атырауда мұнымен өзім айналысамын. Тағы бір адам бар. Жақында қалада бұралқы итті аулауға байланысты тендерді өзге серіктестік ұтып алды. Қазір әр итке 19 мың 500 теңгеден есептеліп отыр. Ал ветеринариялық клиникада стерилизацияның өзі 20 мың теңге тұрады. Тендерлік конкурсқа біз де, «Доброе сердце» қоғамдық қоры да қатысқан едік. Біз итті аулаумен айналысатын, күтім жүргізетін мамандардың, жанар-жағармай материалдары әрі стерилизация ақысын, питомник шығынын ескеріп, әр итке 38 мың теңге есептеп бердік. Кейін бұл соманы 21 мың теңгеге дейін төмендеттік. Бірақ бәрібір тендерде ұтылып қалдық. Біз итке стерилизация жасау, вакцинациялау, карантин, чип, бирка тағу, паразиттерді улау, күтім жүргізуді ұсындық. Әр ит үшін жауапкершілікті алуға дайын болғанбыз, – дейді Мамучар Джабасов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринариялық мониторинг және есептілік бөлімінің басшысы Нұркен Бояровтың айтуынша, биыл 2 наурызда бұралқы иттерді аулау, жою жұмысы тоқтатылған. Бұған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның күшіне енуі себеп болғаны даусыз.
– Бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты Атырау қаласы мен барлық ауылдық округте қаңғыбас иттерді аулау жұмысы ұйымдастырылады. Мемлекеттік сатып алу конкурсында анықталған мердігер мекеме барлық жұмысты атқарады. Бұралқы иттерді тірілей ауланып, арнайы панажайға жеткізіледі. Иттерді тамақтандыру, екпе жұмыстары конкурстан ұтқан мекеменің міндетіне кіреді, – дейді Нұркен Бояров.
Атырау қалалық ветеринарлық стансасының басшысы Сатыбалды Оразғалиевтың айтуына қарағанда, қабаған иттерге чиптеу, залалсындандыру жұмысы жүргізілмейді. Мердігер мекемеде иттің қабаған екенін анықтайтын кинолог болады. Адамдарға зиян келтіруі мүмкін бұралқы иттер дәрілік жолмен жансыздандырылады. Былтыр өңірде 17 мыңнан астам ит атылған.
Бұралқы иттерге қатысты бір деректі айтпасқа болмайды. Атырау қалалық прокуратурасы бұрынғы жылдары ветеринариялық органдар ит атылғаны жөнінде жалған құжаттар ұсынғанын анықтап отыр. Жалған құжат арқылы кәсіпкерге бюджеттен қаражатын аудару дерегіне байланысты тиісті қадағалау актісі енгізілген. Бюджетке келтірілген залал толықтай өтеліп, жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапқа тартылған.
– Соңғы кезде Атырау қаласында бұралқы иттердің адамдарға, әсіресе, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге шабуылуы жиіледі. Жыл басынан бері 112 адамды ит қапқаны туралы дерек тіркелді. Оның ішінде кәмелетке толмаған 70 жасөспірім бар. Осыған байланысты қала прокуратурасы уәкілетті органдардың тарапынан бұралқы иттерді аулау бағытындағы жұмыстың тиімсіздігіне, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының тиісті орындалмауына байланысты ұсыныс енгізді. Соның нәтижесінде прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінен арнайы мобильдік топ құрылып, кешенді шаралар жоспары бекітілді, – деп хабарлады қалалық прокуратурадан.
Бірақ қабылданған шараларға қарамастан, адамдарды ит қауып алу дерегі әлі де тыйылған жоқ. Сол себептен, прокуратура ата-аналарға балаларын қоғамдық орындарда ерекше бақылауға алу қажеттігін ескертіп отыр.
Атырау облысы