Аймақтар • 21 Маусым, 2022

Маңғыстау облысында үш бірдей ауылды құм басты

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында үш ауылдың тұрғындары құмның құрсауынан шыға алмай отыр. Кіреберіс жолдар, тіпті, кейбір баспаналар мен мал қоралар көміліп қалған. Ал құзырлы мемлекеттік мекеме бес жылдан бері дайын жобаны іске асырмай келеді, деп хабарлайды Egemen.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысында үш бірдей ауылды құм басты

Сазды ауылы аудан орталығынан 90 шақырым шалғай орналасқан. Алайда тұрғындар құмды өз күшімен күреп, техниканың ақысын да төлеп отыр. Зейнеткер Балиян Әбуова онсыз да жаңа қорасын салғаны үшін екі жылқымды бердім дейді. Енді, құмды күреу үшін ақша төлеп отыру керек.

«Құмды зорға күретіп, тас үй салып алдық енді. Бірақ бергі жағын  қайта-қайта құм басып жатыр, оны ақшаға күретіп отырмыз. Бір күретуіміздің өзі 500-600 мыңға шығады. Біз ондай көп ақша таба алмаймыз», дейді Б.Әбуова.

Саздыдан бөлек Сауысқан және Жарма ауылдары да құмның астында қалды. Тұрғындар құм көшкінінің негізгі себебін жерасты суының игерілуімен байланыстырып отыр.

Соңғы жылдары құм көшкіні үдеп кеткен. Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Сүйіндік Еңсепов жерасты сулараның жақын екенін растады. Соның арқасында шөп жақсы өседі. Бес жыл бұрын үш ауылдағы құм көшкінін тоқтату үшін арнайы жоба әзірленген болатын. Оның құны - 422 млн теңге.

Оның аясында құм қоршалып, сексеуіл мен жүзген егілуі тиіс еді. Алайда қаржы бөлінбей қалды. Қазір қаржы бар бірақ, мердігер жоқ. Себебі, нарықтағы баға шарықтап кеткен.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғау басқармасының бөлім басшысы Ербол Деновтың айтуынша, 2022 жылға облыстық бюджеттен ақша бөлінді.

«1,2,3-ші жылға 256 млн теңге қарастырылған. Сол бойынша біз жыл басынан бері 4 рет конкурс жариялаған болатынбыз. Өкінішке қарай, ешкім конкурсқа қатыспады, өтпеді деп танылды», деп атап көрсетті Е. Денов.

Мамандар алда тағы да конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Одан нәтиже болмаса, жобаға түзету енгізілмек. Құм көшкінін тоқтату жұмыстары жылдың аяғына дейін басталады деген жоспар бар.