Ел мен елді шекаралас көршілік, әртүрлі қарым-қатынас, діл мен тек туыстығы ғана емес, аузы дуалы, еңселі тұлғалар мен рухани құндылықтар да жақындастыра түседі. Руханиятта шекара болмайтынын осыдан аңғаруға болады. Замана биігінен асыра айтылған асыл сөз, ғасырлар қойнауынан жаңғыра жеткен жасын жыр мен күмбір күй, тағылымды тұжырымдар өзін адамзатқа мойындатып, қанатты құстай кең көлемге шарлай жөнеледі. Ал оның иесі ортақ тұлғаға айналады.
Қоңыр даланың құтты құндағы қатар тербеген қазақ пен түрікмен халықтарының да ортақ тұлғалары аз емес. Солардың бірі – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағы. Түркі жұртының айтулы ұлдарының бірі ретінде танылған, дүниеге философиялық көзқарасы мен шығармашылығы әр кезеңде ғалымдар тарапынан талданып-талқыланып бағаланған ақынның шығармаларын Ғ.Орманов, Ғ.Қайырбеков, Д.Қанатбаев қазақшаға аударып, оқырманға ұсынды. Бұған дейін әзербайжан, түрік, парсы, башқұрт, татар тілдеріне аударылған оның шығармалары қазіргі таңда тұңғыш рет қытай, корей тілдеріне аударылуда. 1733 жылы дүниеге келген ақынның 290 жылдығы бұған дейін Қытай, Жапония, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінде аталып өтілді. Бұл мерейтой жуырда, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы қарсаңында Ақтау қаласында «Мақтымқұлы Пырағы мұраларының рухани-танымдық негіздері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция түрінде өтті. Ал алдағы уақытта мәдени-танымдық, рухани кештер Алматы, Астана қалаларында, сонан соң Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жалғаспақ.
Ұлттар достығын басты бағыт ретінде ұсынған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады. XXI ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс» десе, биылғы Жолдауында отыздыққа ену идеясын ұсынды. Елбасының этносаралық қатынас, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытындағы тапсырмаларына сәйкес Ақтау қаласының әкімдігі, Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы, сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП Ақтау қалалық филиалы «Бір шаңырақ астында» әлеуметтік жобасын жүргізіп келеді. Өткен жылы достыққа ұйыса түсетін бірнеше шараларға негіз болған ол бүгінде жұрт тарапынан қолдау тапқан ірі жобаға айналды. Түрікмен шайыры шығармаларына арналған тағылымды конференцияның бастамасы да аталмыш жобаның іс-шаралар жоспарында жатыр.
Түрікменстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Акмурадов, Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі О.Нұрбаев, Ақтаудағы Түркия, Түрікменстан, Әзербайжан және Иран Ислам Республикаларының бас консулдары, Түрікменстан Республикасы Ғылым академиясының өкілдері, Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, зиялы қауым, ардагерлер, ғалымдар, ақын-жазушылар, мемлекеттік орган басшылары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысқан конференцияны ашқан Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин «XXI ғасырдың көкжиегінде тұрып, бүгінгі жаһандасу үрдісі, өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы қарым-қатынас, әлемдік нарық ұсынған саяси-экономикалық жаңа парадигмаларға сүйене отырып, біз жан-жақты ықпалдасу, сан-салалық үйлесім мен жарасымнан басқа жол жоқ екендігін тағы бір мәрте терең ұғынамыз. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатын ұлтаралық келісім, татулық, бірлік секілді құндылықтарға негіздей отырып жүргізуінің куәсі болып келеміз», деп достық пен келісімді ту еткен елдік ұстаным мен бағыт-бағдар туралы тебірене жеткізді.
Конференцияда Мақтымқұлы Пырағының рухани мұраларына және түрікмен халқының ұлттық құндылықтарына арналған көрме жасақталып, деректі фильмдер көрсетілді. Ақынның шығармашылығы мен қазақ-түрікмен әдебиетіндегі өзара үндестіктер жайында баяндаған Түрікменстан Республикасының Ғылым академиясы Мақтымқұлы атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Қ.Қиясованың, осы академияның халық шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Г.Кумманова мен аспирантура бөлімінің жетекшісі А.Сапаргелдиевтің, қолжазбалар бөлімінің ғылыми қызметкері О.Оразовтың, Сырдария университетінің доценті Б.Қорғанбековтің, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Нұрдәулетованың баяндамалары тыңдалды.
Шайыр шығармаларының рухани-танымдық астарының түркі руханияты әлемінен алатын орны туралы салмақты баяндамалар мен салиқалы пікірлер айтылған конференцияда оны жастар ортасында насихаттау үшін Ақтау қаласындағы жоғары және орта білім беру орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тақырыптық конференциялар мен дөңгелек үстелдерді тұрақты ұйымдастыру, студенттер мен оқушылар арасында дәстүрлі Мақтымқұлы Пырағы оқуларын ұйымдастырып, шығармашылық конкурстар, әдеби-сазды кештер өткізу айтылды. Бауырлас елдің классик ақынының шығармаларымен қазақ оқырмандарын кеңірек таныстыру мақсатында ақын мұраларының қазақ тіліндегі толық аудармасын басу, зерттеушілердің Мақтымқұлы Пырағына қатысты ғылыми мақалаларын БАҚ, интернет-ресурстарында кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу қажеттігі назарға ұсынылды, сондай-ақ Мақтымқұлы мұралары мен қазақтың көрнекті шығармашылық өкілдерінің шығармаларындағы үндестікті көрсететін әдеби зерттеулер жүргізу, қос халықтың ұлы тұлғаларына арналған ғылыми конференцияны Ақтау қаласында және Түрікменстан Республикасында кезектесіп өткізіп тұру туралы ұсыныстар болды. Мұның бәрі өзара достықты тереңдете түсу, қазақ-түрікмен халықтарының мәдени-рухани тұтастығын насихаттау, келер ұрпақ санасына ізгі сабақтастықты сіңіруге қызмет ететін болады.
Ұлт пен ұлтты жарастыратын әрбір шара – мемлекеттердің іргесінің беріктігіне, болашағының баяндылығына, дамуының қауіпсіздігіне жасалған қадам. Маңғыстаудағы барлық ұлттар өкілдері атсалысып, үн қосқан ғылыми конференция да осы үдеден көріне білді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.