Қазақстан • 21 Маусым, 2022

Заман талабы мен үндескен заңнама

170 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

2022 жылғы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің әскери қызмет және тұрғын үй қатынастары мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Қорғаныс министрлігі заңнамадағы кейбір кемшіліктерге талдау жүргізе отырып, оны жетілдіру бойынша жоспарлы жұмыс атқарған болатын. Алайда «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің құқықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізуден не өзгерді?» деген сұраққа жан-жақты жауап берілді ме?

Заман талабы мен үндескен заңнама

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Заңдағы бұл өзгерістер не үшін қажет болды? Өзгерістер қандай заңнамалық актілерге енгізілді? «Өмір бір орнында тұрмайтыны белгілі. Сол себепті іс жүзінде заңнамалық шешімдерді талап ететін жағдайлар мен қайшылықтардың туындауы заңдылық», дейді осы сұрақ­тарға жауап берген Қорғаныс минис­трінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов. Оның айтуынша, толықтырулар негізінен «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» үш заңға енгізілген.

«Біздің қызметіміздің өзгелерден ерекшелігі ротациялардан, ауқымды жаттығулардан, марштардан, әскери жарыстардан тұрады. Осы жағдайларға байланысты әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін тез тұрғызылатын модульдік тұрғын үйлер­ді пайдалану жоспарланып отыр. Ол тұрғын үйлер жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, қажеттілік туындаса, дала­лық жағдайларда да орнатылатын болады. Осыған орай «Тұрғын үй қаты­настары туралы» заң «модульдік тұрғын үй» ұғымымен толықтырылып отыр.

Тұтастай алғанда, бұл өзгерістердің бәрі әскери қызметшілердің әлеуметтік пакетін жақсартуға, әскери қызмет өткеру тәртібін реттеуге бағытталған. Сонымен бірге заңнамада кейбір ұғымдар нақтыланып, жаңалары енгізілді», деді генерал-лейтенант.

Сұлтан Қамалетдинов әскери қыз­мет­шілердің әлеуметтік қорғалуы тұр­ғысынан не өзгергені туралы да кеңінен түсіндіріп өтті. Өз сөзінде ол министрлік тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер блогы әбден пысықталғанын да айтты. Осыған сәйкес әскери қызметтен босатылған адамдардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру жағдайлары, сондай-ақ «отбасы мүшесі» ұғымы нақтыланған.

«Өздеріңізге белгілі, әскери қызметші қызметте болудың шекті жасына толған­нан кейін, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқаруына байланыс­ты қызметтен шыға алады. Егер бұл уақытта оның еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік есеппен жиырма және одан да көп болса, онда ол тұрғын үйді өтеусіз негізде жекешелендіру құқығын алады.

Біз тұрғын үйді өтеусіз жекешелен­діруге құқығы бар адамдардың өзге де санатын анықтадық. Енді асырауында мүгедек баласы бар он және одан да көп жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер де осындай құқыққа ие бола алады. Тағы бір маңызды толықтыру «бала кезінен мүгедек» санаты үшін жекешелендіру нормасы жасына қарамастан жүргізілетіндігі болып отыр. Көтерме жәрдемақы төлеу кезінде отбасы құрамына ерлі-зайыптылар мен олардың балалары кіреді», дейді спикер.

Заңдағы маңызды түзетулерге жеке-жеке тоқталған Қорғаныс министрінің орынбасары: «Әскери қызметтен босатылған адамдардың көзі тірісінде тұрғын үйді жекешелендіруге үлгермей, отбасы мүшелері бұл мүмкіндікті пайдалана алмаған жағдайлар іс жүзінде көп кездесті. Енді жаңа заңнама бойын­ша әскери қызметші қайтыс болған жағдайда бұл құқық оның мұрагерлеріне өтеді. Бұл, әрине, Отан қорғаушының отбасы үшін әділ шешім болмақ.

Отбасы мүшелерін анықтауда қиын­дық туғызған жағдайлар да кездесті. Заңның жаңа редакциясында ерлі-зайыптылар, олардың бірлескен немесе біреуінің балалары, оның ішінде мүгедек бала отбасы құрамына кіреді. Сонымен бірге бала кезінен мүгедек санатындағылар үшін жас мөлшері маңызды емес. Сот шешімі бойынша бөлек тұратын бұрынғы некедегі балалар отбасы мүшелеріне жатпайды», деп түсіндіріп өтті.

Заңға сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан босатылған кезде, жұбайы қайтыс болған жағдайда ақшалай өтемақы алған адамдар өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғын үйді жалға алу үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіре алмайды.

Және тағы бір жаңалық. Бұрынғы заңнама бойынша тұрғын үйді жекеше­лен­діру құқығы 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әскери қызметте он және одан да көп жыл болған әскери қызметшілерде ғана болатын. «Енді бұл талап алынып тасталды. Әскери қызметшілерде он және одан да көп жыл еңбек сіңірген кезде тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіру құқығы пайда болды», деді ведомство өкілі.

Бүгінде заңнамада пәтер мәселе­сін шешудің түрлі нұсқалары қарас­тырылғаны белгілі. Әскери зейнет­керлердің тұрғын үй мәселесін әлсін-әлсін көтеріп жүргендері де белгілі. Осы мәселенің негізгі себептеріне тоқталған Сұлтан Қамалетдинов қазір әскери қызметшілерге таңдау мүмкіндігі беріліп отырғанын да алға тартты. Өйткені тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер қызметтік тұрғын үйде тұра алады немесе жалдау ақысын төлеу үшін мемлекеттен ай сайынғы тұрғын үй төлемдерін ала алады. Сондай-ақ ипотекалық несие алу арқылы да пәтер сатып алуға болады. Бұл жағдайда ай сайынғы тұрғын үй төлемдері оны өтеуге жұмсалады.

Сұлтан Қамалетдиновтің сөзі­не қарағанда, заңда жұмыстан шыға­ры­луына байланысты тұрғын үй төлем­дерін алу тәртібі де қайта қаралған. Енді әскери қызметші тұрғын үймен қам­тамасыз етілмеген кезең үшін бір­жолғы тұрғын үй төлемін ала алады. Яғни бұрынғыдай үйге мұқтаж бол­ған кезеңдерді дәлелдеудің қажеті жоқ. Мемлекет оны тұрғын үймен қам­тамасыз етпегенін растайтын құжат­тарды ғана ұсыну қажет. Бұл ретте әскери қызметшінің немесе оның зайы­бы­ның меншік құқығында тұрғын үйі болған немесе отбасы қызметтік үй-жайда тұрған уақыты алынып тасталады.

Сондай-ақ заңнамада тұрғын үймен қосарланған қамтамасыз ету мүмкіндігін болдырмау көзделген.

«10 жылдан астам, бірақ 20 жылдан аз уақыт қызмет еткен бұрынғы әскери қызметшілердің санаты бойын­ша мәселе де заңнамалық деңгейде шешілді. 2018 жылдан бастап күшіне енген тұрғын үй заңнамасына енгізілген түзетулер жұмыстан босатылғаннан кейін жабық және оқшауланған әскери қалашықтардағы қызметтік тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан басқа тұрғын үйге ауыстыруға мүмкіндік береді және жекешелендіре алады», деді бұл жөнінде С.Қамалетдинов.

Соңғы уақытта әскери медициналық мекемелерде кадрлардың жетіспеушілігі туралы жиі айтылып жүр. Бұл мәселені шешудің құқықтық тетіктері заң аясында да қарастырылған. Спикер соң­ғы оқиғалар медициналық бағыт­ты жан­дандырудың қажеттілігін көрсет­кенін де жасырмады. Ол әскери дәрі­герлер әлемдік пандемия, қаңтар оқиғасы сияқты сынақтардан өткенін алға тартты. Бұл ретте әскери мекемелерде медициналық кадрлардың жетіспеушілігі анық байқалған.

Осыған байланысты «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға медициналық қызметтің запастағы офицерлерінің жасын 29-дан 32 жасқа дейін ұлғайту бойынша түзетулер енгізілген. «Бұл норма медицина мамандарына толық білім алуға мүмкіндік береді және кадрлық жетіспеушілік проблемасын шешуге ықпал етеді деп ойлаймын», дейді министрлік өкілі.

Заңнамалық түрде шешімін тапқан мәселенің бірі – арнайы мемлекеттік органдардан болмаса әскери қызметтен босатылған әскери қызметшілер қыз­метіне қатысты сұрақ. Енді осы заң бойынша жұмыстан босатылған сәттен бастап, келісімшарт бойынша әскери қызметке қайта кіргенге дейін үш ай мерзім уақыт белгіленді.

Әскери қызметке кіру кезінде жас шектеуі 30 жастан 32 жас 6 айға дейін ұлғайтылды. Бұрын келісімшарт бойын­ша әскери қызметке алғаш қабыл­данатындар 30 жастан аспайтын. Бұдан өзге, әскери қызметшілердің барлық санатына әскери қызмет мерзімін шек­ті жастан 5 жылға дейін ұзартуға мүм­кіндік бар. Бұл жағдайда шешімді мем­­лекеттік органның бірінші басшы­сы қабылдайтынын ескеру керек. Заңға өзгерістер енгізілгенге дейін бұл норма тек медициналық, ұшу құрам­дары­на, әскери прокуратура органда­ры­ның қызметкерлеріне, сондай-ақ про­фессорлық-оқытушылық құрамға ғана қатысты болатын.

Жаңартылған заңнамада әскери қызметшілердің дене және моральдық-психологиялық қасиеттері бойынша талаптар бекітілген. Бұрын олар заңға тәуелді актілер деңгейінде ғана бел­гіленетін. «Әскери қызметке кір кел­тіретін теріс қылықтар» ұғымы енгізілді. Оған әскери қызметшінің, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқаруға байла­нысты емес, азаматтардың көз алдында әскери қызметтің беделіне нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекет жатады. Қызмет бабын пайдакүнемдік мақсаттарда, қызмет көрсету, кәсіп­керлік қызметпен, коммерциялық дел­дал­дықпен айналысу, ақшалай немесе мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысу үшін пайдалануға жол берілмейді. Бюджет операцияларын жүргізуде және сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті сақтауда әскери қызметшілерге ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Сонымен бірге абайсызда келті­ріл­ген залал үшін де жауапкер­ші­лік­тің сараланған шегі белгіленді. Енді келісімшарт бойынша әскери қызмет­шілер тоғыз айлық ақшалай қаражат шегінде, мерзімді қызметтегілер бес АЕК-тен аспайтын материалдық жауап­тылықта болады. Әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілердің жауапкершілігі бір айлық жалақы дең­гейінде белгіленген. Бұл ретте әске­ри қызметшілер қасақана нұқсан келті­рілген жағдайда толық материалдық жауаптылығы сақталады.

«Түзетулердің арқасында белгілі бір елді мекенде уақытша тұратын адамдарды да әскери есепке қоюға мүм­кіндік туды. Сондай-ақ отбасы жағ­дайы бо­йынша мерзімді әскери қызмет­тен кейінге қалдыру нақтыланды. Шақы­руды кейінге қалдыруға некеде, сондай-ақ бір немесе екі баланың тәрбиесінде болуы негіз болады. Бірақ бұл ереже запастағы офицерлерге қатысты емес.

Барлық қабылданған өзгеріс пен толықтыру күнделікті қызметте туын­даған қарама-қайшылықтарды жояды. Бұл жерде басқа сұрақтардың пайда болуын да жоққа шығармаймыз. Қандай да бір даулы мәселелер мен өзекті про­б­лемалар мұқият зерттеліп, олар бойын­ша басқа ведомстволармен консультациялар мен келісімдер жүргізіледі. Сондықтан тәжірибе заңға сәйкес болуы үшін бәрі жасала бермек», деді Сұлтан Қамалетдинов сөзінің соңында.