Ал облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің айтуынша, шаһар іргесіндегі Атырау мұнай өңдеу зауыты ауаға ластаушы заттарды шектен тыс шығарған. Бұл дерек 27 сәуір – 26 мамыр аралығында жоспардан тыс жүргізілген тексеру кезінде анықталып отыр.
– «АтМӨЗ» ЖШС-ның стационарлық көздерінен, өнеркәсіптік шығарындылардан, химиялық талдау мақсатында «Тухлая балка» булану алаңына ағызылатын сарқынды судан сынама алынды. Тексеру нәтижесінде зауыттағы жылу электр орталығының №3 қазаннан көмірқышқыл газы, ал №4 қазаннан азот оксиді мен азот диоксидінің шекті рұқсат етілген шығарындысынан асқаны анықталды. Зауыт аумағында орналасқан газ тарату шкафтарының шырағынан табиғи газдың шыққаны белгілі болды. Қазір мұнай өңдеу зауытында анықталған деректерге байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен әкімшілік іс қозғалды, – дейді Сырым Тілегенов.
Сондай-ақ зауыттың санитариялық-қорғаныш аймағының шығыс бөлігінде атмосфералық ауаның сынамасы алынған. Сынаманы талдау қорытындысымен көмірсутек мөлшері шекті концентрациясынан асып түскені тіркелді. Осылайша, қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтерінің талабы бұзылып отыр. Осыған байланысты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне «АтМӨЗ» ЖШС-на қатысты заңда көзделген шараларды қабылдау үшін хат жолданыпты.
– Атмосфералық ауаға санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг «Ұлттық сараптама орталығының» Атырау облысы бойынша филиалымен жоспарға сәйкес ай сайын жүргізіледі. Қала ішінде және өндірістік аймақтарда ауа сынамасы бекітілген кестеге сәйкес түнгі уақытта да алынады, – деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешова.
Қоршаған ортаны ластау дерегі Жылыой ауданында байқалады. Аудан орталығы – Құлсары қаласының тұрғындары мұнай төгілгеніне алаңдаушылық білдірген еді. Мұны анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. «Құлсары қаласының тұрғыны әлеуметтік желіге «Мұрагер» шағын ауданының аумағына мұнай өнімдері төгілгені туралы видео жүктеді. Департамент мамандары арнайы құрылған комиссия мүшелерімен бірге видеода көрсетілген жерде тексеру жүргізіп, шағын қала маңында мұнай өнімдері төгілгені анықталды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Аумағы 60х70 метрді құрайтын учаскеден темір бөшкелер, автокөлік дөңгелектері, 100 тоннаға жуық құрылыс қалдығы тасталған. Комиссия мүшелері Құлсары қаласының өндірістік аймағынан 400-500 метр қашықта ор қазылып, оған мұнай өнімдері төгілгеніне көз жеткізді. Өндірістік аймақтан шамамен 1 шақырымдай қашықта айналасы бетонмен қапталған қазан табылды. Қазанның ішіне су құйылған.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалының қауіпті өндірістік нысандары мен техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді. «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы, «Батыс Ескене» темір жол кешені, «Самал» вахталық кенті, химиялық зертхана, құбыр желісі, газ жабдықтары секілді 682 нысанды тексеру кезінде өнеркәсіп қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 1 366 дерегі анықталды. Мемлекеттік инспекторлар анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 298-бабының 1-бөлігімен, 306-бабының 4-бөлігімен әкімшілік айыппұл салынды.
– Компанияға фланецті қосылыстардан бу, құбырлардағы күкірт, сорғылар мен шығын өлшегіштердегі май ағу уақтылы жойылмаған. Қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды техникалық куәландыру, теңіз құбырларын техникалық куәландыру кестесіне сәйкес кәсіпшілік және кәсіпшілікаралық мұнай-газ құбырларының теңіз учаскесінің дефектоскопиясы (құбырішілік диагностика) мерзімінде жүргізілмеген. Нысандардағы қауіпсіз жұмысқа жауапты қызметкерлер даярлықтан және қайта даярлаудан уақтылы өтпеген. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін осындай бұзушылықтарға байланысты облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа қауіпті өндірістік нысандарды және қауіпті техникалық құрылғыларды (қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды, ұңғымалар мен аралдар арасындағы кәсіпшілік құбырларды) тоқтата тұру туралы талап арызды жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды, – деп хабарлады комиеттің баспасөз қызметі.
Тексеру қорытындысымен компания өкілдерімен кеңес өткізілді. Онда тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі талқыланды. «НКОК Н.В.» филиалы 1 маусым мен 15 шілде аралығында жүргізіліп жатқан кешенді күрделі жөндеу жоспарына сәйкес жерүсті және теңіз кешендерінің қауіпті өндірістік нысандарында жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Күрделі жөндеу өндірістік қондырғыларды пайдаланудан шығару және кейіннен қысымды түсіру, дренаждау, үрлеу, тазалау мақсатында жүргізіледі. Жөндеу кезінде тексеруде анықталған заң бұзушылықтарды жою жоспарланып отыр.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының дерегіне сүйенсек, жаңа Экологиялық кодекс пен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның талаптарына сәйкес биылғы 1 қаңтардан бастап қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге, оның ішінде қауіпті қалдықтарды қайта өңдеуге, залалсыздандыруға, кәдеге жаратуға немесе жоюға лицензия талап етіледі. Алайда «Атаким» ЖШС мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға сәйкес Атырау қаласының медициналық мекемелеріне тиісті рұқсат құжаты болмаса да медициналық қалдықтарды кәдеге жарату қызметін көрсетіп келген. Осыған байланысты прокурорлық ден қою шараларымен қаладағы 15 емхана, 2 оңалту орталығымен 22,4 млн теңгеге медициналық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған 19 шарт бұзылды. Бұған жауапты 14 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ал жақында облыстық экология департаментінің мамандары қоршаған ортаның тазалығына профилактикалық бақылау жүргізіп, үш өрескел, алты елеулі бұзушылықты анықтап отыр. Мәселен, «Direct Construction Service» ЖШС-ның өндіріс орны аумағында 50 тонна құрылыс материалдары мен бетон қалдықтары жиналып қалған. Бұл серіктестіктің жобаларында құрылыс материалдар, бетон қалдықтарын жинақтау, сақтау, қайта пайдалану жұмыстарын жүргізу көрсетілмеген. Сол себептен, серіктестікке қоршаған ортаға эмиссияларды рұқсатсыз жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде ұйғарым берілді.
Атырау облысы