Қазақстан • 21 Маусым, 2022

КТК: Құбыр қожайындарының қулығы ма?

492 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Екі-үш ай бұрын біраз қиындықты еңсеріп, қалыпты жұмысына енді кірісе бастаған Каспий құбыр консорциумы (КҚК) тағы да үзіліс жасауға мәжбүр болып отыр. Ресми дерек бойынша КҚК-дегі 1-ші және 2-ші айлақтық құрылғылардың жұмысы тоқтап қалды. Тиісті тараптың уәжіне қарағанда, енді теңіз табанынан Екінші дүниежүзілік соғыс заманынан қалған жарылғыш заттар табылып жатқан көрінеді. Ресей БАҚ-тары таратқан ақпаратта КҚК-дегі мұнай тиейтін құрылғылар жанындағы акваторияда 50 потенциалды қауіпті нысан анықталғаны айтылады.

КТК: Құбыр қожайындарының қулығы ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ықтимал қауіпті нысандарды зерт­теу жұмыстарын жүргізу үшін 16 мау­сым­да консорциум­ның ай­лақ­тық қондыр­ғылары­на іргелес аква­то­риядағы кеме қозғалысы толығымен тоқтаған. Бұл мұнай тиеудің де пышақ кес­кендей тыйылуына алып келген.

Порт әкімшілігінің хабар­лау­ын­ша, залалсыздандыру жұ­мыс­­тары ай соңы­на дейін жал­ғасады. КҚК-нің ресми сайтын­да консор­циумның бас дирек­торы Николай Горбанның 2022 жыл­­дың 18 маусымында 1-ші және 2-ші айлақтық құрыл­ғы­лар аква­тория­сында жарылу қаупі бар зат­тарды іздеп-тек­серу жұмыстарын жүр­гізіп жат­­қан Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі құра­ма отрядының бас­шылы­ғымен кездес­кені жарияланды.

«Кездесу барысында бүйірлік сканер­леу аппаратының көмегі­мен бірқатар нысананы түсіру бойынша одан әрі жұмыстар­ды жүргізу тәртібі әзірленді. Ми­на­ға ұқсас объектілер туралы де­рек­­терді растауды мобильді сүң­гуір топтары мен қашық­тан бас­қа­ры­латын суасты көлігі (ROV) жүр­гізетіні анықтал­ды. Қа­уіп­­тіліктің анықтамасы не­гі­зін­де растал­ған жарылғыш объек­тілер олардың жо­йылу орны­на (теңіз аймағында, айлақ­тық құ­рыл­ғылар аумағынан тыс) ауыстырылады», делінген хабарламада.

Energy Monitor телеграм-арна­сының жазуынша, 19 маусым күні КҚК терми­налын­дағы мұнай тан­керлеріне мұнай тиелмеген.

«Терминалдан 5-15 шақырым қашық­тық шамасында 3 бірдей танкер күні бойы қозғалыссыз тұр. Олар – Vallesina, PACIFIC DIAMOND және FEYHA N тан­кер­лері. Бұған дейін КҚК-нің 3-ші айлақтық құрылғы­сы танкерлерге мұнай тиеу бо­йынша үздіксіз жұмыс істейтіні хабарланған еді», деп жазады канал.

Екінші дүниежүзілік соғыс уақытынан қалған жарылғыш оқ-дәрілерді залалсыздандыру жұмыстарына байланыс­ты Каспий құбыр желісі консор­циумындағы мұнай тиеу про­цесінің доғарылатыны 14 маусым күні жария болды. Кон­сор­циумның ресми сайтында бұл ақпарат «15 маусымнан бастап КҚК теңіз терми­налының акваториясында ықтимал қауіпті су асты объектілерін утильдеуге да­йындықты бастау жос­парлануда» деген тақырыппен берілді.

«Ықтимал жарылғыш қаупі бар заттардың көзі жойылған­нан кейін КҚК 1-ші және 2-ші айлақтық құрылғыда жұмыс жүргізуге байланысты Қара теңіз флоты штабының тиісті қорытындысын алады. 15-25 маусым аралығындағы жоспарлы тоқтау аясында бірінші және екінші айлақтық құрылғы­лар­ды пайдалану мүмкін болмайды. 3-ші айлақтық құрылғы штаттық режімде жұмыс істеп, жүк жіберушілердің өтінімдерін орындайды. Бұл – жылына бірнеше рет өткізілетін жос­парлы тексеріс. Жүк жіберушілер алдын ала хабарландырылған», делінген ресми мәлімдемеде.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, КҚК құбыры арқы­лы мұнай тасымалдау статис­тикасы бо­йынша соңғы екі жылда екі аптаға созылған жөн­деу жұмыстары жүргізіліп көрмеген. Энергетика министрі Болат Ақшолақов жағдайға орай пікір білдіріп, оның қауіпті емес екенін жеткізді.

«Олар теңіздің түбін тазарту жұмыстарын жүргізбек­ші. Өкінішке қарай, Екін­ші дү­ниежүзілік соғыстан қалған оқ-дәрілер әлі де жеткілікті мөл­­шерде бар. Айлақтық құ­рыл­ғылар жұмысының тоқтауы туралы менің пікірім 16 маусымда шықты. Ал біз КҚК-мен жұмысты өткен аптада бастадық», дейді Б.Ақшолақов. Оның айтуынша, бұл жағдай экспорт деңгейі мен бюджетке кері әсерін тигізбейді. Себебі бізде «Қашаған» кен орны 15 шілдеге дейін жөндеу жұмыстарына жабылған. Ал КҚК-ге Қашағансыз баратын мұнай көлемін жалғыз жұмыс істеп тұрған 3-ші айлақтық құ­рылғының өзі-ақ игере алады.

Каспий құбыр консорциумы – еліміз­дің батыс өңірінен басталып Новорос­сийск порталына дейін созылып жатқан, ұзындығы 1 511 шақырым болатын, Қазақстан мұнайын жаһандық нарыққа шығаратын басты маршрут. Құбырмен келген мұнай Новороссийскіге таяу маңда айлақтық құрылғылармен жабдықталған теңіз терминалы арқылы танкерлерге тиеледі. Консорциум жылына 67 млн тонна мұнай тасымалдай алады. 2021 жылы Қазақстан КҚК арқылы 53 млн тонна мұнай экспорттады. Бұл – біздің мұнай экспортымыздың 79 пайызы. КҚК-нің негізгі акционер­лері – «Транснефть» мұнай құбыр компаниясы (24 па­йыз), «ҚазМұнайГаз» (19 пайыз), Chevron (15 пайыз). Одан бөлек акция үлесі 12 па­йыздан әрі қарай төмендей беретін тағы бірнеше компания бар.

Біз бен сіздің аз да болса әлеуетті өмір сүріп отырғанымыз (егер солай болса), уақтылы тамақ ішіп, ойнап-күліп, ескі болса да көлік мініп, қымбат болса да үй алып, ипотека төлеп отырғанымыз – экономиканың арқасы. Ал Қазақстан эконо­ми­касының жақсы болып тұрғаны (керемет емес, нашар емес) – 30 жыл бойы мұнайдың тәуір сатылып келе жатқанынан еді. Себебі басты экспорттық тауарымыз – мұнай. Оның кедергісіз тасымалданғаны, жоғары бағаға сатылғаны біз үшін мол кіріс. Ал бізге осыншама игілік сыйлап отырған мұнайымыздың 90 пайызы Ресей, соның ішінде бағанадан бері айтып отырған КҚК арқылы тасымалданады. Содан ғой, Каспий құбыр консорциумының табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын деп зар қағатынымыз. Өзге екі маршрут – «Атырау – Самара» да, «Қазақстан – Қытай құбыр желісі» де КҚК көтеріп отырған көлемнің жартысының жартысын да еңсере алмайды. Мәселен, «Атырау – Самара» маршрутының жылдық қуаты – 17,5 млн тонна. Былтыр 12 млн тонна тасымалдап берген. Әрі онысы ресейлік мұнаймен араласып, жаһан нарығына Urals (орыс мұнайы) болып барады. Urals болып барған соң қадірі кеміп, Brent-ке 60 доллар шамасында дисконтпен сатылады. Яғни Brent бағасын барреліне 110 доллардан асса, Urals шамамен 30-40 доллар төңірегінде ғана саудаланады.

«Қазақстан – Қытай құбыр желісі» арқылы 2021 жылы 1 млн тоннаға да жетпейтін мұнай тасыппыз. Бұл дегеніңіз бүкіл экспорттың 1 пайызына да жетпейтін көлем. Қалған 2 млн тонна мұнай Ақтау порты арқылы тасымалданады. Сонда қайта айналып КҚК-ге бас ұрғаннан басқа амал жоқ. Әрине, Үкімет балама маршруттар іздестіріп жатыр. Бірақ ол іздесең табыла кетуі кәдік жоғалған зат емес. Терең зерделеуді, асықпай салуды қажет ететін, соның өтеуіне мол ақша, ұзақ жыл және геосаяси қысымды сұрайтын іргелі шаруа. Алғашқы екеуін тауып берерміз-ау, үшіншісі біраз шаршататын сияқты болады да тұрады.

Наурызда төпей соққан «да­уыл­­дың да», маусымдағы «қа­уіп­­ті нысандарды іздеу» жұмыс­тары­­ның да дәл осы 2022 жы­л­мен тоқайласа қалуында қан­дай сыр бар? Әйтеуір, бір нәрсе­нің те­гін емес екенін  сезе­тіндей­міз. Ұр­­лы­­ғының үсті­нен түспеген соң ұры­ның айыбын бетіне басу да қиын.