Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Өзбекстанмен арадағы стратегиялық әріптестік шарты қаралды. Сондай-ақ, депутаттар рұқсаттар мен хабарламалар туралы екі заңдық құжатты қызу талқыға салды.
Алдымен «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімнің күшін жою туралы» Заң жобасы қаралып, қолдау тапты. Қырғызстан мен Тәжікстан ЕурАзЭҚ-тың бірыңғай кеден аумағына қосылған кезден бастап күшіне енетін жекелеген баптарды айтпағанда, Келісім 2007 жылы күшіне енді. Оның кейбір баптары орындалған жағдайда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан) аумағы бойынша экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялар еркін қозғалуына рұқсат белгіленеді.
Экспорттық бақылауға жататын өнімдердің ішінде жарылғыш заттар, химиялық, ядролық және биологиялық материалдар бар. Сондықтан экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың бақылаусыз тасымалдануы еліміз халықаралық міндеттемелерінің, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкцияларын және экспорттық бақылаудың халықаралық режімдері талаптарының бұзылуына алып келуі мүмкіндігі ерекше аталды.
Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Заң жобасы бойынша баяндама жасау үшін Сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаев мінберге көтерілді. Сенат Төрағасы баяндамашыға сөз берерден бұрын мұндай маңызды құжат бойынша министрдің өзі келгені дұрыс еді деген пікірін білдірді. Жалпы, аталған құжатқа 2013 жылғы 14 маусымда Ташкентте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Өзбекстанға ресми сапары барысында қол қойылған. Бұл жерде Қазақстан Өзбекстанды Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі ретінде қарастыратынын айта кеткен жөн.
Вице-министрдің сөзімен жеткізсек, Өзбекстанмен көпжоспарлы қатынастарды дамыту еліміздің стратегиялық мүдделеріне сай келеді. Сондай-ақ, Шарт Өзбекстанмен негіз қалаушы құжаттардың бірі болып табылса, онда екіжақты ынтымақтастықтың арқаулық қағидаттары көрсетілген. Құжат аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзекті халықаралық мәселелер бойынша екіжақты саяси үнқатысуды дамытуға қызмет етеді. Және де екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды, көліктік дәліздерді құру, су ресурстарын тиімді пайдалану, әскери-техникалық, сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін айқындайды.
Шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шарттық-құқықтық базаны арттырып, қазақ-өзбек достығына жаңа сапа береді. Осы ретте сөз алған депутат Қуаныш Айтаханов өзбек пен қазақ ежелден ағайын болып араласып жатқан, тарихы мен тілі, діні мен түрі де ұқсас дос ел екендігін ерекше атады. Сондықтан бұл шарт екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастыққа жаңа серпін беруі тиіс. Алайда, сенатор екі ел арасында кейбір мәселелерде түсініспеушіліктер де орын алатынын ортаға салды. Ағын суды пайдалануда Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін көтерді. Сенатордың айтуынша, аталған аудандарды суландыратын Қалым, Достық каналдары Өзбекстан жерінен бастау алатындықтан, судың белгіленген мөлшері күннің ең ыстық кездерінде (шілде, тамыз айларында) Қазақстан аумағына жетпей қалып жатады. Екі ел арасындағы су бөлісу келісімшартына қарамастан, Қазақстанға тіршілік нәрі бар-жоғы 30-40 пайыз көлемінде ғана келеді. Соның салдарынан өнім азайып, шаруалар зардап шегуде.
Қ.Айтаханов мұндай жағдай көгілдір отынмен қамту барысында да орын алып отырғандығын жеткізді. Келісімге сәйкес қаржысы алдын ала төленіп қойылғанымен, газ қыстың кейбір суық күндері Оңтүстік өңіріне, әсіресе, Шымкент қаласына жетпей қалып жатады. Сөзінің соңында депутат шарттар негізінде жыл сайын қайталана беретін осы мәселелерді шешу қажеттігін ерекше атады.
Сондай-ақ, кешегі отырыста депутаттар Елбасы тапсырмасына орай жедел әзірленіп, Парламент қарауына ұсынылған «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (екі оқылымда) заң жобаларын да қарап, қабылдады. Депутаттар Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке сұрақ беру рәсімі кезінде заң жобаларының екіұшты мағына беретіндігіне көңілдері толмайтындықтарын білдірді. Сенат Төрағасы бұл орайда былай деді: «Болат Бидахметұлы, заң мәтіндерінде екіұштылық байқалады. Ал біз олардың болуына жол бермеуіміз керек. Оның үстіне Мемлекет басшысы бұл заңдарға бірінші кезекте назарын аударып, оларды шұғыл деп жариялады. Шынын айтқанда, біз сіздің жауабыңызға қанағаттанған жоқпыз».
Әйтсе де, депутаттар министрдің сұрақтарға жауабына қарап, негізгі заң жобасының ілеспесін күн тәртібіне қайта шығарды, сөйтіп, екінші оқылымда қолдап дауыс берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».