Қоғам • 22 Маусым, 2022

Тез дайындалатын тағамның тауқыметі

378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тез дайындалатын тағамның дәмі тіл үйіретін шығар. Асыққан адамның уақытын үнемдеуіне де қолайлы болар. Алайда дәрігерлер оны нәрлі тағамның қатарына жатқыз­байды. Өйткені түрлі айықпас дертке ұшыратуы мүмкін мұндай тағамның тауқыметі аз емес. Соған қарамастан, бүгінгі қоғамның бар буыны тез тағамға әуестігін тежей алмай отыр.

Тез дайындалатын тағамның тауқыметі

Облыстық санитариялық-эпидемиоло­гиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлназ Ербатырованың айтуынша, тез дайындалатын тағамнан бас тартқан жөн. Өйткені оны кім, қалай дайын­дайтыны беймәлім. Оның үстіне жіті ішек инфекциясының өршуіне себеп болуы мүм­кін. Мәселен, былтыр 125 адамнан осындай инфекция анықталған. Ал жыл басынан бері 105 адам жіті ішек инфекция­сын жұқтырған.

Аталған департамент басшысының орынбасары Әлия Бекешованың мәліметінше, өткен аптада бірнеше адам улану диаг­нозымен ауруханаға жүгінген. Уланған тұрғындар мұнайлы шаһардағы С.Датов көшесінде орналасқан жеке иеліктегі Afisha дүңгір­шегінен құс етінен дайындалған донер сатып алған. Осыған байланысты қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды. Дүңгіршек жұмысын уақытша тоқтатты, – дейді ол.

Атыраудағы №2 облыстық аурухананың инфекционист дәрігері Әділбек Махаштың мәліметінше, тоғыз науқасқа тамақтан улану диагнозы қойылған. Науқастардың арасында бір отбасының мүшелері де бар. Ауруханаға түскендердің кішісі – 1 жас 7 айлық, ал үлкенінің жасы – 30-да. Қазір науқастарға қажетті ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр.

Ал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, көтерме және бөлшек сауда нысандарынан сараптама жүргізу үшін тауық етінің 108 түрі сатып алынған. Сараптама қорытындысымен 108 сынаманың 40 пайыздан астамы Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес болмай шыққан.

– «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-ның бройлер-балапан етінен адам өміріне қауіп төндіретін бактериялық көрсеткіш табылды. Осыған байланысты ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Метро Кэш энд Керри» ЖШС қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру кезінде серіктестіктегі өнім сапасының талапқа сәйкес еместігі анықталды. Сатылымдағы 1 тонна 597,65 кило бройлер тауық етін жою туралы санитарлық-эпидемиялық нұсқама берілді, – деп хабарлады Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.

Адамның өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін жою жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес қауіпті тауық еті өртелді. Өнімді жою іс-шарасына қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және ветеринарлық инспекция басқармаларының мамандары, сондай-ақ «Метро Кэш энд Керри» ЖШС-ның сенімді өкілі қатысты.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар