Бокс • 22 Маусым, 2022

«Елорда кубогы» сарапқа салынады

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін астанада бокстан халықаралық деңгейдегі «Елорда кубогы» турнирінің жалауы желбірейді. Биыл тұңғыш рет ұйым­дастырылып жатқан байрақты бәсе­кеге 10 елдің құрамасы қатысуға өті­ніш білдірген.

«Елорда кубогы» сарапқа салынады

Атап айтқанда, әлемнің бокс державасы саналатын Куба, сондай-ақ Үндістан, Жапония, Өзбекстан және тағы басқа да алыс-жақыннан келетін елдердің былғары қолғап шеберлері бар. Ал бұл жарыста Қайрат Сәт­жанов бастаған Қазақстан құрамасы сапынан 40-қа жуық боксшы өнер көрсетеді. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері, әлем және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы мен жүлдегерлері бар. Мәселен, елорда шаршы алаңында ел намысын Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Серік Теміржанов, Аслан­бек Шымбергенов, Айбек және Нұрбек Орал­бай, Махмұд Сабырхан секілді боксшылар қор­ғамақ.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Нұр-Сұлтанда Жапония және Қырғыз Республи­касының таңдаулы боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Бәсеке қорытындысы бойын­ша үздік шыққан боксшылар биыл күзде өтетін бокстан Азия чемпионатына қатысады.