Аймақтар • 22 Маусым, 2022

Ақтауда көбелектер мен қоңыздар көбейді

526 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында көбелектер мен қызыл қоңыздар күрт көбейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда көбелектер мен қоңыздар көбейді

Мамандар жәндіктердің күрт көбейгенін Маңғыстау облысында көктемнің жаңбырлы болғанымен байланыстырады. Биологтардың айтуынша, бұған алаңдамауға болады. Себебі қалада ұшып жүрген жәндіктер – кәдімгі қызыл қоңыздар мен көбелектер. Олар адамға еш қауіп төндірмейді.

«Ақтауда биыл көктем жауын-шашынды, ылғалды болды, соның арқасында бөртегүл, жоңышқа сияқты өсімдіктер жақсы өсті. Ал көбелектердің бұл түрі осы өсімдіктердің шырынымен қоректенеді. Біздің өңірде қоныс аударатын алғашқы көбелектерді мамыр айының аяғында немесе маусымның ортасында көруге болады. Бұрын мұндай жағдайлар Маңғыстау облысында 2019 жылдың маусымында, 2018 жылдың мамырында және 2015 жылдың маусымында байқалған», деді Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушісі, биология профессоры Ләтипа Қожамжарова.

Мамандардың бақылауынша, 2019 жылы мамыр айының екінші жартысында Әзербайжан мен Түрікменстан аумағында кездескен қоныс аударатын көбелектер Қазақстанға үш апта айырмашылықпен ұшып келген. Болжам бойынша олардың ендігі бағыты – Өзбекстан. Енді алдағы аптаның соңына қарай Маңғыстау облысында көбелек пен қызыл қоңыздар саны азаяды деп күтіледі.