Аймақтар • 22 Маусым, 2022

Кешендегі келелі істер

946 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Ақкөл Жайылмадағы Исабек ишан кесене кешеніне келушілер көбейді. Қазақстанның киелі жерлері географиясына енген кешенге Ресейден де ат басын бұратындар баршылық. Осы орайда, алыс жолды артқа тастап келетін зиярат етушілерге кешен басында қолайлы жағдайдың жасалғаны дұрыс. Осыны қаперіне алған Исабек ишан ұрпақтары 30 орындық қонақүйдің құрылысын бастап кетті.

Кешендегі келелі істер

Имандылықты насихаттаған Исабек ишанның есімі алысқа тараған. ХІХ ғасырда Ақкөл Жайылманы діни орта­лыққа айналдырып, төңірегіне ізгіліктің шуағын таратқаны ақиқат. Мәшһүр Жү­сіптің өзі Исабек ишаннан тәлім алға­нын біреу білсе, біреу білмес. Мә­шекең Исабек ишанға шығарған жоқта­уында ұстазының білімін, әділдігін, шын­шылдығын, көркем мінезін, дінді насихаттаудағы еңбегін ерекшелеп, ишан­нан біршама ғылым негіздерін үйрен­генін жеткізеді. Мәшһүр Жүсіптің жоқтауы 85 шумақтан, 340 жолдан тұрады.

Кез келген ірі шаруаның басы-қа­сында белсенді ұйымдастырушы жүре­тіні белгілі. Қаражатты реттеу былай тұрсын, ең ақыры жұмыскер­лердің ас-суы да соның мойнында. Жауапкершілігі мол миссияны Исабек ишанның ұрпағы, кә­сіпкер Манат Алғамбаров аманат қы­лып арқалапты. Жаңадан құрылған Исабек ишан атындағы қордың төрағасы да өзі. Әзірге қорға қаражат аударып жатқан қалталылар көп емес. Қарапайым тұрғындар да шама-шарқынша үлес қосуда. Қонақ үйдің құрылысы тоқтап қалмасын деген ниетпен «Табыс» шаруа­шылығын басқаратын Манат Алғамбаров жеке қаражатын жұмсап жүргенін де айту керек.

Екібастұз қаласының әкімі бастап, өзге де рухты азаматтар қоштап, қаңтар айынан бері қонақүй жобасы жүзеге асуда. Алғашқылардың бірі болып ағайынды Тасболат пен Бекболат Әбуғожиновтар 120 мың кірпіш берді. «Богатырь Аксес Көмір» компаниясы жалпы құны 8,5 миллион теңгенің құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті. ГРЭС-1 стансасының басшылығы қорға 2 млн теңге аударды. «Айдабол» фир­масының басшысы Қайрат Ибраев ­1 млн теңге бөлді. Қордың жұмысын жан­дандырып, кесенелік кешенге қатысты кез келген шаруаның жүзе­ге асуына атсалысып жүрген ел ағала­ры Әбілқақ Түгелбаев, Мырзағали Ерға­лиев, Ақкөл ауылының әкімі Ерлан Қабыл­таев барынша қолдау көрсетуде. Жалпы, қазіргі уақытта қорға 10,5 млн теңге жиналды. Қазір құрылыс материалдары бағасының аспандап кеткенін білесіздер. Сәйкесінше, жобаны жүзеге асыруға шамамен 90 млн қаражат жұмсалады деп есептеп отырмыз. Құрылысқа жалдамалы жұмыскерлерден бөлек, Екібастұз қаласына қарасты ауылдардың, Ақтоғай ауданының құрамындағы ауылдардың азаматтары асар жасап, үлестерін қосу­да. Қонақүй осы жылдың тамыз айы­нының басында қолданысқа беріледі деп күтілуде, – дейді Манат Алғамбаров.

Қонақүйдің құрылысы аяқталған соң Ақкөл ауылында орналасқан музей осында көшірілмек. Жергілікті халық «Атам зираты» атап кеткен кесененің басында игі істер мұны­мен тоқтап қалмақ емес. Алда­ғы уақытта кешенді блок модуль орнаты­лып, ауыз су мәселесі шешімін тап­пақ. Бұған дейін жарықтандыру ісі реттел­генімен, жаңа нысандардың салынуы қосым­ша энергия көзіне сұранысты арт­ты­ратыны түсінікті. Яғни, қазіргі транс­форматордың қауқары жетпейді. Бұл шаруаны Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев тындыруға уәде беріпті.

Исабек ишан дамыл тапқан Қылдыкөл Екібастұз қаласынан 95 шақырымдай жерде орналасқан. Ал Ақкөл ауылы мен кесененің арасын 18 шақырым бө­ліп тұр. Биыл ұзындығы 64 шақырымды құрайтын «ГРЭС 1 – Басқамыс» бағытындағы жол­ды жөндеуге қаражаттың алғашқы транш бөлініпті. Атап айтсақ, респуб­ликалық бюджеттен 900 млн теңге, қала­лық бюджеттен 90 млн теңге қарас­тырылып, әзірге 12 шақырым жолға асфальт төселмек. Жалпы, 3 жылға созылатын жобаға 4,5 млрд теңге қаражат жұмсалатын көрінеді. Айтпақшы, биыл Кеңес заманынан бері асфальттың не екенін білмеген Ақкөл ауылына кіреберіс 8 шақырым жолды жөндеуге қалалық бюджеттен 268 млн теңге бөлініп, асфальт жол төселмек. Бұл жоба да Исабек ишан кесенесіне алаңсыз қатынауға септігін тигізбек.

Жалпы, Қылдыкөлдің басындағы игі істер 2011 жылы бастау алды десек қате­леспейміз. Сол жылы Иса­бек ишанның кесе­несін тұрғызу үшін Маңғыстау өңі­рінен арнайы ақ тастар әкелініп, 90 күннің ішінде Ермұхамбет Әлиев бастаған шеберлер үлкен шаруаны тындырып үлгерді. Кесене аумағында тәу етушілерге арналған мешіттің құрылысы 40 күннің ішінде аяқталды. Сол уақытта қайғы-қасіретінен арылу, сырқатынан айығу үшін тәу етіп келетін кісілерге қызмет көрсететін шырақшыны табу мәселесі алдан шықты. Көпшіліктің қуанышына қарай, қожалардың жалғасы Ерғали Әбсаттаров жауапкершілігі мол істі қолға алуға бел буыпты. Айтпақшы, Исабек ишанның шөбересі Жандарбек ата көзі тірісінде Ерғалиға батасын берген көрінеді. Содан болар, шырақшы әлі күнге дейін тәу етуге келген тұр­ғындарға қызмет көрсетіп, маңызды миссияны мүлтіксіз орындауға барын салуда.

Байқағандарыңыздай, «Атам зира­тының» басында инфрақұрылым жұ­мыс­тары үзілмей келеді. Жол мәселесі толығымен шешімін тапса, рухани жоба­ларды жүзеге асыруға жол ашылар еді. Мәселен, Мәшһүр Жүсіптің кесе­несі де Екібастұз қаласына жақын­дау орналасқанын ескерсек, зиярат ету­шілерге тағдыр табыстырған қос әулиенің кесенесіне қатар тәу ету мүмкіндігі бұйы­рып, жаңа туристік маршрут ашуға болатындай.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы