Ел ішінде жүріп елеулі еңбек ететін қызметкерлердің еңбегі кейде көптің көзіне көрінбей, қалтарыста қалып жататыны бар. Басқа-басқа, дәл осы ЖҚАЖ қызметкерлеріне деген талаптың жоғары екені даусыз. Олардың бойында физикалық дайындық, спортқа бейімділік менмұндалап тұруы керек. Бір сөзбен айтқанда, арнайы жасақ қызметкерлері қай кезде де шақыртуларға дайын тұруға тиіс. Жұмыстарына қай кезде де кәсіби көзқараспен қарайтын сала қызметкерлері мұны өте жақсы түсінеді. Олар жауапкершілік жүгін мойымай көтеріп жүр.
«2011 жылдан бастап осы салада түрлі қызметтерді атқарып жүрмін. Патрульдік полиция, ювеналдық полицияда еңбек еткен жайым бар. Көші-қон қызметінде де тер төгіп, тәжірибемді толыстырған болатынмын. Қазіргі таңда ЖҚАЖ-да жұмыс істеп жүрмін. Әлбетте, біздің жұмыс жеделдікті талап ететіні даусыз.
Бұл жұмысты атқару оңай емес. Жұмысқа тұру үшін алдымен жоғары біліммен қатар әскери билетің болуы шарт. Одан бөлек спорт шебері немесе осы атаққа кандидат болуға тиістісің. Қызметке орналаспас бұрын арнайы емтихан тапсырдық. Бір сөзбен айтқанда, арнайы жасақта еңбек етуден үміті бар адам спортқа бейім болғаны абзал. Ең бастысы, адам өз елінің патриоты екенін ұмытпағаны дұрыс. Барлық салада жұмыс істейтін азаматтар сол ұстанымды ілкі сәтке де санасынан шығармауы керек», дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің ЖҚАЖ қызметкері Мәмет Мәмедов.
Волейболға аңсары ауған Мәмет Мәмедов командалық сындағы додаларда 10 мәрте ел чемпионы атағын иеленген. Бойы екі метр болғандықтан волейболды бір кісідей мықты ойнайтыны даусыз. Ол қай кезде де физикалық және функционалдық дайындыққа айрықша назар аударады. Онсыз бәрі бекер екенін жақсы біледі.
Иә, қалай алып қарасақ та, жұмыстың жеңілі болмайды. Оны полиция қызметкерлері бір кісідей түсінеді.
«Жұмыс қай кезде де жауапкершілікті талап ететіні айтпаса да түсінікті. Мен бұл қызметке жүрек қалауымен келген адаммын. Елдің тыныштығын күзететін салада талмай тер төгу, аянбай еңбектену – мен үшін мақтаныш әрі абырой. Расында да, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жауапкершілігі орасан зор. Оны түсінемін. Барлық қиындықты еңсере жүріп, отбасыма айрықша көңіл бөлемін. Әріптестер тәуліктің кез келген уақытында шақыртуларға дайын тұрады. Өйткені жұмысымыз сондай. Ширақтық, жеделдік, кәсібилікті талап етеді. Әлбетте, барлық жұмыстың өзіне тән қиындығы болатыны даусыз. Адам баласы сол ауыртпашылықтарға төзгенде ғана еңбегінің өнбегін көреді. Расында да, жасақ қызметкерлеріне қойылатын талаптың қатаң екені рас. Алайда сол қатаң талап бізді шарболаттай ширықтыратынын да ұмытпаған жөн», дейді Асхат Үсіпбеков.
Жуырда ғана 31 жасқа толған Нұржан Бекзатов былғары қолғап шебері ретінде де талай биіктерді бағындырған. Жұмысын тиянақты атқаратын ол спорттан мүлде алыстаған емес. Өйткені полиция қызметкері қай кезде де бабында болуы керектігін сезінеді.
«Бізде жұмыс уақыты таңғы саптық жиыннан басталады. Жұмыс кестесіне сәйкес спорттық іс-шараларға қатысамыз. Яғни үздіксіз дене жаттығуларын жасап тұрамыз. Күн сайын түскі сағат 14:30-дан бастап даярлық сабақтарын өткіземіз. Ал 17:00-ден 19:00-ге дейін күрес тәсілдерінен сабақ өтеміз. Бойым екі метрге жақын. Бокс ұдайы спорттық бабымда жүруіме тікелей әсер етеді. Бастапқыдағы қызығушылығым кейін кәсіби көзқараспен үйлесім тапты. Содан да болса керек, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздім.
2013-2016 жылдар аралығында Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері атандым. 2017 жылы 3-орын бұйырды. Одан соң Кубада өткен «Достық» халықаралық жарысының жеңімпазы болдым және Президент кубогы додасында финалға дейін жеттім. Қазақстанда ІІО қызметкерлері арасында өткен қоян-қолтық ұрыстан чемпион атандым. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кубогына өткізілген турнирдің финалына дейін жеттім. Қызметім, спортқа деген ынтам мені әрдайым алға жетелейді. Қай кезде де Отан алдындағы антқа адал болу керектігін қаперімнен шығармаймын. Өйткені байтақ даланың тыныштығын сақтау, Отанды қорғау – баршамыздың қасиетті борышымыз», дейді ол.
Расында да, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлерінің қоғамдағы орны ерекше екені талас тудырмаса керек. Қоғамдық тыныштыққа қауіп төнген кезде алдымен дәл осы жұмысты атқарып жүрген азаматтар оқиға орнына жедел жетеді. Көптің алдында жүріп еңбек еткендеріне қарамастан, қоғам тарапынан олардың жұмысы көп елене бермейді. Бірақ сала қызметкерлері оған бас ауыртпайды. Олар үшін ең бастысы – қоғамның тыныштығы, азаматтардың құқығының қорғалуы маңызды.
Ақмарал МАХАНБЕТӘЛІ,
журналист