Қоғам • 22 Маусым, 2022

Полицияның жаңа моделі

832 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғамның да, халықтың да қорғаны – полицей. Мемлекет тарапынан саладағы құқықтық реформаға ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. Ал ішкі істер органында қандай реформа енгізілді? Оның нәтижесі нешік?

Полицияның жаңа моделі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Атырау облыстық полиция де­парта­менті­ басшысының орынба­сары Берік Амангелдінің айтуын­ша, «Полицияның сервистік моделі» қанатқақты жобасын енгізудің үш не­гізгі бағыты айқындалып отыр. Бірін­шісі – азаматтардың полицияға қол­жетімділігін барынша жеңілдетуге ба­ғытталған қадам. Екінші бағыт – қауіп­сіздікті қамтамасыз ету және құқық бұ­зушылықтардың алдын алу. Үшін­шіден, бұл – тұрғындармен тығыз байланыс.

– Өйткені қауіпсіздікті қамтама­сыз ету проблемасын тиімді шешу жер­гілікті қоғамдастықтың белсенді қолдауымен ғана мүмкін болады. Осы бағытта учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп жүр, – дейді Берік Амангелді.

Ал штаб басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Қайырлиевтің мәліметінше, Атырау қаласының аума­ғында 3 507 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 759-ы жедел басқару орталығына тиесілі бол­са, «Сергек» желісінде 1 997, «Ин­теграция» жүйесінде 750 ка­мера бар. Бейнекамералар көлік қоз­ға­лы­сының жүрісін жедел ба­қы­лап, қауіп­ті жағдайлардың алдын алуға, құқық бұзушылықтың ізін суыт­пай анықтауға ықпал етеді. Көше­ге ор­натылған камералардың по­лиция­ жұмысының тиімділігін арт­ты­­руға, түрлі қылмыстың жедел ашы­луына септігі тиіп отыр. Мәселен, жыл басынан бері жедел басқару орта­лы­ғының бейнебақылау кезекші-инс­пек­торлары 111 қылмысты әшке­ре­леді. Ал Жылыой ауданында 2 қыл­мыс ізі суымай ашылған. Жыл ба­сынан бері аталған камералар ар­­қылы 8 671 әкімшілік құқық бұзу­шылық анық­талған. Құқық бұзушы­лық­тың 7 522-сі Атырау қаласының аума­ғында, 1 149-ы Жылыой ауданында тіркелген.

– Біздің облыста «Қорғау – қауіп­ті жүргізуші» мобильді қосымша­сы іске қосылды. Бұл – жол ереже­сін тиімді бақылауға, жазаны бұлтарт­пау қағидатын сақтауға арнал­ған ав­томатты жүйе. Мобильді қосым­шамен жұмыс істеу үшін полиция қызметкерлері жаңа үлгідегі 100 план­шетпен жабдықталды. Қа­зір облыс жолдарында 1 224 мың­ ав­томатты камера бар. Оның 51-і жол қиылыстарында, 153-і же­лі­лік учас­келерде орналасқан. Ка­ме­ра­лар­дың көмегімен жыл сайын 120 мыңға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары анықталады. Енді «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасына «Сергек» камералары мен жедел басқару орталығының мәліметтері бірден көрсетілетін болады. Бұл жол ережесін бұзатын көлік жүргізушілерін жылдам анықтауға мүмкіндік береді, – дейді басшы орынбасары Берік Амангелді.

Оның айтуына қарағанда, полиция қызметкерлері планшет арқылы жүргізушінің қозғалысы туралы мә­лі­метті көре алады. Оның ішінде көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілер, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз көлік жүргізгендер, ұстау қажеттілігі туралы ақпарат түскен жүргізушілер, 10 минут ішінде екі немесе одан да көп жол ережесін бұзғандар туралы мәліметтер қамтылады. Жаңа үлгі­дегі планшеттер патрульдік поли­­ция қызметкерлерінің қызмет кезінде ақ­паратты тез табуын арттырады. Кө­лік жүргізушінің де, полиция қыз­мет­керлерінің де уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Ал айып­пұл туралы ақпарат ІІМ деректер ба­за­­­сына жедел түседі. Сондай-ақ бұл бағдар­ла­ма хакерлік шабуылдан қор­ғалған. Планшеттерге мобильді байланыс опера­торларының бірінің арнайы арнасы арқылы мәліметтер базасымен бай­ланыс орнатылған. Полицейлер бағдар­ламаға кіріп, хаттаманы жоя алмайды.

 

Атырау облысы