Салтанатты іс-шара кезінде ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков экспозицияның тарихи мәніне тоқталып, игі бастаманың жас буынға берер тағылымы мол екенін айтты. «Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, осы екі саланың тарихын жас қызметкерлерімізге, әскерлерімізге насихаттап, тарихын білсін деген мақсатта жасалып отырған үлкен игі іс-шара», деді милиция генерал-майоры.
Іс-шара барысында тарихты танытуға үлес қосып жүрген Қарулы Күштері мемлекеттік тарихи әскери музейдің басшысы Нұртаза Асилов «Ұлттық ұланға 30 жыл» мерейтойлық медалімен, Ішкі істер министрлігі мұражайының қызметкері Алмагүл Сатмағамбетова «Ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін» естелік медалімен марапатталды. Музейдің үшінші қабатында орналасқан экспозицияға 300-ге жуық жәдігер қойылған. Олардың ішінде Ішкі істер министрлігінің қалыптасу жолындағы құнды құжаттар, қызметте пайдаланылған құрылғы, қарулар бар. Ұлттық ұланның тарихынан сыр шертетін құнды деректер сақталған.
Экспозиция Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери тарихи музейінде қалады. Осылайша, енді ішкі істер органдарының 30 жылдағы тарихын қала тұрғындары мен қонақтары да тамашалай алады. Ал министрлік жанындағы мұражай қызметкерлері жәдігерлер қатарын үнемі толықтырып отыратын болады.